«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ләззат Қиынов: Ұлттық экономиканы дамыту – келелі міндет

размер шрифта: Aa | Aa
Wednesday, 29 May 2013 14:34

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы негізделді. Ел дамуының жаңа дәуірдегі саяси бағыты айқындалған стратегияда ұлттық экономиканың локомотиві болып отырған мұнай-газ саласының алдында тұрған ауқымды міндеттер де белгіленді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ләззат Қиынов: Ұлттық экономиканы дамыту – келелі міндет

Іргелі саланың дамуындағы өркенді өзгерістер мен алдағы атқарылар істер туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ләззат ҚИЫНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

–Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің алдына жаңа өршіл мақсат қойып отыр. Біз бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауында нақты тұжырымдалған мәселелерді талқылай отырып, алдағы жылдарға жоспарлы міндеттер қойып отырмыз.

Еліміз «Қазақстан – 2030» стратегиясында белгіленген бағыттар бойынша ойдағыдай нәтижеге жеткені шындық. Бір қарағанда, қол жеткен табыстарды көңілге медеу етуге де болар еді. Алайда,  Президент еліміздің алдына ұзақ мерзімді міндеттерді неге қою керектігін нақты көрсетіп берді. Бұл бағдарламалық құжат терең ойластырылғандығымен құнды. Жолдауда біздің еліміздің жан-жақты даму бағыттары айқын белгіленген. Және оларды жүзеге асыру жолдары нақты көрсетілгендігімен ерекшеленеді.

Егемен Қазақ елінің 2050 жылға дейінгі даму бағыттары айқындалған Жолдаудың тарихи маңызы өте зор. Бұл мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы болып табылады.

Жолдауда Елбасы: «Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз» деп атап көрсетті. Тарих өлшемімен салыстырғанда қас-қағымдай уақыт – тәуелсіздіктің жиырма бір жылында еліміз әлем танып, мойындаған егемен мемлекетке айналды.

Бұдан он бес жыл бұрын  Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – 2030» стратегиясын жұртшылыққа жария еткен болатын. Елбасының сөзі мен ісінде ешқандай алшақтық болмайтынын өмір тағы бір дәлелдеді.

Елбасының «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» ұранын басшылыққа алған еліміз тәуелсіздік жылдары елеулі табыстарға жетті. Қазақстан ТМД кеңістігінде алғашқы болып жеке меншікке, еркін бәсекелестік пен ашықтық ұстанымдарына негізделген нарықтық экономиканың  заманауи үлгісін қалыптастырды.

Осы жылдарда елімізге  160 млрд доллардан астам шетел инвестициясы тартылды. Нәтижесінде 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі  1997  жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы  28 триллион теңгеге  өсті.

Елдің ІЖӨ көлемі 16 еседен астам өсті. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1,5 мың доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, өсім 7 еседен асты. Осы кезеңде елімізде орташа еңбекақы мен зейнетақы мөлшері әлденеше есе артты.  Сыртқы сауда көлемі 12 есе, ал өнеркәсіп өнімін өндіру 20 есе өсті. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру 3 есе, табиғи газ – 5 есе ұлғайды.

Жолдауда Елбасы мұнай-газ кешені Қазақстан экономикасының локомотиві болып табылатындығын және басқа салалардың дамуына ықпал ететіндігін атап көрсетті. Елдің ІЖӨ-де мұнай-газ саласы  үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7 пайыздан 2011 жылы   25,8 пайызға өсті.

Сонымен қатар біз өткізу нарықтарын әртараптандырып, өз позицияларымызды берік орнықтырдық, сол арқылы өнімімізді өткізудің бір бағытқа тәуелділігін азайттық.

Осынау ауқымды міндеттердің жүзеге асырылуында ұлттық компания ретінде «ҚазМұнайГаздың» үлесі үлкен, ықпалы зор екендігін атап өткім келеді. Ол мұнай-газ саласының дамуындағы барлық маңызды, атап айтқанда: Каспий қайраңы, құбыржелісін тарту, мұнай-газ операцияларын қолдау инфрақұрылымы, мұнай мен газ өңдеу және мұнай химиясы жобаларына қатысып отыр. Бұл ретте ұлттық компания аса күрделі халықаралық жобаларды іске асыруға қабілетті жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етілген. 2004 жылдан бастап мемлекеттік бюджетке түсетін төлемдердің өсуі мұнайға әлемдік бағаның өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары болып келді.

–Ләззат Кетебайұлы, мұнай мен газ қорына бай Қазақстан бүгінде жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады. Осы бағытта атқарылып жатқан істер және ұлттық компанияның саладағы іргелі  жобаларға қатысуы жайында айтып өтсеңіз?

–Елбасы Жолдауда атап көрсеткендей, ғаламдық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып табылатын біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады.

Осы ретте ҚМГ-ның 2022 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалып, қабылданды. Онда компания қызметінің негізгі даму бағыттары, экономикалық тиімділікті арттыру мақсатындағы сандық және сапалық көрсеткіштер айқындалды.

Стратегияға сәйкес, ҚМГ көмірсутегі шикізатының қорын анықтау үшін құрлықта және теңізде геологиялық  барлау жұмыстарын күшейту, мұнай мен газ өндіруді ұлғайту, мұнай-газ тасымалының икемді жүйесін құру, МӨЗ қуаттылығын арттыру және мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту, сондай-ақ активтерді басқарудың тиімді де ашық жүйесін құру, яғни Мемлекет басшысы белгілеген нақты тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатындағы  іс-шараларды жоспарлап отыр.

Атап айтқанда,  алдағы он жылда «ҚазМұнайГаздың» қатысуымен өндіруші кәсіпорындардың қызметі  өндіруші компаниялар бойынша өндіру деңгейін тұрақтандыруға және мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемін Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларының есебінен жылына 2011 жылғы 21,1 млн тоннадан 35,4 млн тоннаға жеткізуге бағытталатын болады. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС мұнай өндіру көлемін жылына 38,6 млн тоннаға жеткізуі тиіс. Осы 38,6 млн тонна мұнайдың 7,7 млн тоннасы  бұл жобаға 20 пайыздық үлеспен қатысатын «ҚазМұнайГаздың» еншісіне  тиесілі болмақ.

Ал Қашаған кеніші бойынша 2015 жылы Болашақтағы кеңею жобасы аясында жылына 13 млн тонна мұнай өндіріледі. ҚМГ-ның мұндағы 16,81 пайыздық үлесіне тиесілісі – 2,3 млн тонна. Одан кейінгі жылдарда, Қашаған жобасының келесі даму кезеңдерін ескере отырып, жылына мұнай өндіру қарқыны ең жоғары шегінде 51 млн тоннаға дейін жететін болады. Сонымен қатар ҚМГ-ның Қаламқаскөл кен орнын игеру жөніндегі агент болып белгіленгендігін атап өткен жөн. Бұл да ұлттық компанияның абырой-беделінің қаншалық екенін көрсетсе керек.

Қарашығанақ жобасына келер болсақ, мұнда да біз дамудың 3 кезеңін қарастырып отырмыз. Атап айтқанда, жылына тұрақты түрде 10,1 млн тонна сұйық көмірсутегін өндіру көзделген. Жобаға 10 пайыздық үлеспен қатысушы ретінде ұлттық компания жылына 1 млн тонна шамасындағы мұнайды өзінің өндірістік көрсеткішінің есебіне жаза алады. Сонымен қатар мұнда да өндірістік қуаттар мен газ өндіру көлемін арттыру қарастырылуда.

2022 жылға қарай «ҚазМұнайГаз» Өріктау кеніші, теңіздегі – Н бөлігі, Жамбыл, Жемчужина секілді жаңа кен орындарын игеруден 10,9 млн тонна, сондай-ақ өзінің «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» және басқа да еншілес және бірлескен компанияларынан 13,9 млн тонна қосымша мұнай алуды жоспарлап отыр.

2022 жылға қарай жылына 1,5 млрд текше метр газ өндіретін боламыз.   Негізгі өсімді Қарашығанақ кенішін игеретін «Қарашығанақ Петролеум Оперэйтинг» консорциумы беретін болады. Кенішті игерудің 3-кезеңінде газ өндіру көлемі жылына 27,9 млрд текше метрге жетеді. Сонымен қатар ол жылдарда Қашағаннан жылына 800 млн текше метр газ өндірілетін болады деп күтілуде. Сондай-ақ Аманкелді кенішінен газ алу көлемін ұлғайту жоспарланған.

Ұлттық компанияның даму стратегиясына сәйкес, құрлықтағы Үстірт, Темір, Байғанин, Адай, Темір Солтүстік, Қансу секілді жаңа бөліктерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді қолға алмақпыз. Тұтас алғанда 1,4 трлн теңге шамасындағы ($9,5млрд) қаржыға геологиялық барлау жасалады. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» өзінің Н теңіз бөлігіндегі қатысу үлесін 75,5 пайызға дейін ұлғайтатындығын атап өтпекпін. Және біз Имашевск, Хвалынск, Центральная сияқты трансшекаралық жобаларға белсенді қатысудамыз.

–Қазіргідей ғаламдық даму заманында ғылым мен технология жетістіктеріне сүйенбей алға озу мүмкін емес. Компанияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ғылым мен технологияның соңғы жетістіктері негізінде өндірісті жаңғырту бағытында қандай шаралар атқарылуда?

–Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында ғылым мен қазіргі заманғы технологияның дамуына ерекше назар аударды. Осы ретте бүгін біз елімізде қолға алынған өндірістің бар саласын жаңғырту бағдарламасы аясында, атап айтқанда, геологиялық-геофизикалық ақпаратты жинақтау, өңдеу және талдау-түсіндіру жөніндегі орталықты құру және дамыту;  резервуарлардың  үлгісін жасау және басқару технологиясын енгізу; кен қабаттарынан мұнай алуды ұлғайтудың озық әдістерін қолдану; қышқыл газды және газ көп жинақталған кен орындарын, сондай-ақ қоршаған орта мен экологияға әсері мол тереңсулы кеніштерді игеру бағытында жұмыс жасаудамыз. Пайдалылығы төмен кен орындарын игеруде мұнай алуды ұлғайтудың жаңа әдістерін енгізетін боламыз.

Мемлекет басшысы Қазақстан мұнайшыларының алдына қойған жаңа кезең міндеттерін жүзеге асыру мақсатында  «ҚазМұнайГаздың» барлық өндіруші бөлімшелері   жоғарыда аталған кен орындарында мұнай мен газ өндірудің ағымдағы және болашаққа белгіленген жоспарларын қатаң бақылайтын болады.

Компанияның геология және кемел жобалар жөніндегі бөлімшелері ҚМГ-ның көмірсутегі шикізат қорын ұлғайту мақсатында белгіленген геологиялық барлау, сондай-ақ Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз секілді ірі мұнай-газ жобаларының даму жоспарларын қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені аталған жобалар мен шикізат қорын ұлғайту жөніндегі болашағы мол геологиялық барлау жұмыстарының ойдағыдай жүзеге асырылуы біздің компания қызметінің басым бағыты болып табылады және еліміздің ұзақмерзімдік макроэкономикалық көрсеткіштеріне тікелей ықпал етеді.

– Озық технологияның еліміздегі мұнай өңдеу саласына келуі қалай? Біздегі мұнай өңдеу зауыттары әлі күнге ауаны ластайтын жанар-жағармай өнімдерін шығарудан аса алмай отыр. Олар шығаратын өнімдердің қоршаған ортаға әкелер зияны жөнінде экологтар мен сарапшы-мамандар аз айтып жүрген жоқ.

–Иә, бұл мәселе де жетілдірілген технологияның өндіріске енгізілуіне, зауыттардың жаңғыртылуына тікелей байланысты. Қазіргі таңда еліміздің мұнай өңдеу саласында жұмыс істеп тұрған үш зауыттың үшеуі де «ҚазМұнайГаздың» бақылауында. Сондықтан біз тек шикізатты тасымалдаумен шектелмей, өңдеу саласындағы ынтымақтастық пен жаңа технологиялар алмасуды жолға қоюымыз керек.  Бүгінгі күні Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында өндіріс үдерісін жаңғырту бағдарламасы толығымен жүзеге асырылуда. Ал биыл Атырау мұнай өңдеу зауытында жұпар иісті көмірсутектер өндіру және шикізатты тереңдетіп өңдеу кешендерінің құрылысы басталды. Бұлардың әрқайсысына 1,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция салынады. Әлемдік деңгейдегі әйгілі ірі инжинирингтік компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жұмыстардың нәтижесінде біз мұнай химиясы саласының дамуына қажетті шикізат шығаратын жаңа үлгідегі озық кәсіпорындарға ие боламыз. Өндірісті жаңғыртудың нәтижесінде үш МӨЗ-дің қуаттылығы артып, мұнай өңдеу көлемі жылына 2011 жылғы 11,4 млн тоннадан 2022 жылға қарай 21 млн тоннаға ұлғаяды. Мұнай өңдеудің тереңдігі 90 пайыздық деңгейге жетеді. Мотор майларының сапасы Еуро-4 және 5 өлшемдеріне сәйкес болады.

Сондықтан мұнай химиясы бөлігі, сондай-ақ «ҚазМұнайГаздың» барлық мұнай өңдеуші кәспорындары 2025 жылға қарай ішкі нарықты жаңа экологиялық талаптарға сай жанар-жағармай өнімдерімен толық қамтамасыз етуіміз үшін үш МӨЗ-дағы жаңғырту жобаларының орындалысын нақты бақылауда ұстауы тиіс. Сонымен қатар ұлттық компанияның отандық мұнай өнімдері нарығындағы үлесін активтерді сатып алу және «ҚазМұнайГаз» белгісімен жаңа жанармай бекеттерін салу арқылы 18 пайыздан 30 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлемдік нарықтың жаңа қаржылық дағдарыс жағдайында тұрақсыздыққа тап болу мүмкіндігін ескеріп, қазақстандық шикізаттың халықаралық нарыққа шығарылуын барынша жеделдету қажеттігіне назар аударды. Бұл орайда Қазақстанның алдын алу стратегиясы нарықта тұрақсыздық басталғанға дейін тездетіп, кейін орын алуы мүмкін ғаламдық дағдарысты еңсеруге көмектесетін қор жинап алуға мүмкіндік береді. «ҚазМұнайГаздың» бұл тұрғыдағы саясаты өзгеріссіз қалады. Яғни біз экспорт бағыттарын әртараптандыру және мұнай-аз тасымалдау жүйесін интеграциялау саясатын ұстанамыз. Біздің стратегиямыз экспорттық мұнай-газ жүйелерінің өткізу қабілетін жылына 2011 жылғы 68,7 млн тоннадан 2022 жылға қарай  101 млн тоннаға жеткізуге бағытталған.

Газға қатысты айтар болсақ, негізгі жұмыс басты үш жобаның: Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры, Қазақстан – Қытай транзиттік газ құбырының «С» тармағы, Тобыл – Көкшетау – Астана газ құбыры құрылысы төңірегінде топтасады. Өйткені аталған газ құбырларының құрылысы Астана қаласын қоса алғанда еліміздің 900 елді мекенін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондықтан аса ауқымды, әлеуметтік бағыттағы осынау жобаларды іске асырудың еліміз үшін маңызы зор. Мемлекет биыл «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниялары «ҚазТрансОйл» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ-ны мұнайқұбыры және газ саласы жөніндегі ұлттық оператор ретінде бекітіп,  аса маңызды аталған жобаларды жүзеге асыруды бізге сеніп тапсырды. Тапсырманы белгіленген мерзімде және сапалы іске асыру – біз үшін мемлекеттік ауқымдағы жауапты міндет.

– Отандық өндірушілерді қолдау саясатын іске асырудағы шаралардың бірі – қазақстандық қамтуды ұлғайту бағдарламасы.  Экономиканы жаңғыртудың қазіргі кезеңінде мұнай-газ саласы қазақстандық қамту мәселесіне қаншалықты мән береді?

– Еліміздің машина жасау кешенінің одан әрі дамуын қамтамасыз ету мақсатында  біз негізгі тапсырушы және тауарлар мен жұмыс, қызмет түрлерін тұтынушы ретінде бірінші кезекте ЕТҰ-мен жұмысты күшейте түсетін боламыз. Оның ішінде, елімізде мұнай-газ машина жасау саласының дамуына және мұнай-газ құрал-жабдықтарының жаңа түрлері өндірісін игеруге ҚМГ компаниялар тобының көмек бағдарламасын іске асыру, бірлескен кәсіпорындар  және аймақтық өндірістер құру, озық технологиялар мен инновацияларды өндіріске енгізу мақсатында шетелдік компанияларды іздестіру және тарту шаралары алдыңғы кезекте тұр.

Мұнай-газ өнеркәсібінің сан түрлі саласындағы аталып өткен жобаларды жүзеге асыру барысында ұлттық холдинг ретінде бізге қойылатын үлкен талаптың бірі – қазақстандық тауар, жұмыс, қызмет түрлерін көрсетушілер үлесінің барынша мол болуын қамтамасыз ету. Осы бағытта жасалған алғашқы қадамдардың бірі – Лондон және Ақтау инвестициялық форумдарының табысты өтуі болды. Осылайша біз қазір осынау аса күрделі де маңызды міндетті жүзеге асыруға кірісіп кеттік.

Осыған байланысты «ҚазМұнайГаздың» барлық бөлімшелерінің басшылары мұнай-газ саласына қажетті жеткізілімдерде қазақстандық қамтуды ұлғайту тетіктерін қалыптастыру, сондай-ақ шетелдік компаниялармен бірлескен жобалардағы шетелдік мамандарды біртіндеп алмастыру мақсатында білікті техникалық және басқарушы жергілікті кадрларды тәрбиелеу ісінде белсенділік танытуы қажет. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде 2015 жылға қарай «ҚазМұнайГаздың»  тауар, жұмыс және қызмет көрсетуді сатып алудың жалпы көлеміндегі қазақстандық қамту үлесі 60 пайызға жететін болады. Бұл 2022 жылға қарай  әлемдік озық үлгілерге сай тиімді сатып алу жүйесін құруға, оның ішінде биылдың өзінде электронды сатып алу және үдерістерді автоматтандыру жүйелерін енгізуге жол ашады.

Бүгін біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Әлеуметтік жауапкершілік және тұрақты дамуды басқару үдерістерін енгізіп отырмыз. Осы орайда әлемдегі жетекші мұнай-газ компанияларындағы әлеуметтік корпоративтік жауапкершілік үдерісін басқару жайына салыстырмалы зерттеулер жүргіздік. Зерттеу олар бұл тұрғыдағы есеп берулерде халықаралық талаптарды басшылыққа алатындығын көрсетті. Әлеуметтік корпоративтік жауапкершілікті басқару сапасын көтеру ірі халықаралық корпорациялар үшін корпоративтік дамудың өлшеміне айналып отыр. Мұндай тәсілді осы жолмен өзіміз жүріп өту арқылы қалыптастыру және оны қазақстандық мұнай-газ саласына енгізу  ҚМГ компаниялар тобының міндеті болып табылады.

Мен жақын болашақта Қазақстанның жаңа экономикалық жоғары табыстарға жететініне сенемін.  Біз өзіміздің даму көрсеткіштеріміз арқылы әлемді тағы да мойындатуымыз керек. Ол үшін бізге ең алдымен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау қажет. Бұл өлшемсіз өндірісті жаңғырту мүмкін емес. Сондықтан да Елбасымыздың Жолдауында айтылған барлық мәселелерді біз тағы да ой елегінен өткізіп, алдағы күнгі міндеттерімізді айқын анықтап, мақсатқа жету жолында барлық күш-жігерімізді жұмсауға ұмтылуымыз керек.

28.02.2013 «Экономика» газеті

kmg.kz



Social commentary Cackle
Print