«Energize your future» VI Жастар форумының қорытындысы

размер шрифта: Aa | Aa
19.09.2013 14:50
alt alt

Өткізілу мерзімі:  8-9 қазан, 2013
Өткізілу орны:
Тәуелсіздік сарайы, 1 қабат, Салтанат залы, Астан қ. Қазақстан


«Energize your future» VI Жастар форумының қорытындысы

KAZENERGY Жастар Форумы 2008 жылдан бері жыл сайынғы KAZENERGY Еуразиялық Форумы аясында тұрақты өткізіліп келеді. Шараны ұйымдастырушылар KAZENERGY Жастар Комитеті мен Білім беру бағдарламасы.

KAZENERGY Жастар Форумы – Қазақстанның 300-ден астам жас көшбасшылары мен энергетика секторы, бизнес пен мемлекеттік билік өкілдері қатысатын ірі халықаралық іс-шара.

Қазақстан мұнай-газ индустриясының жаңа дәуірі соңғы 40 жылда ашылған ең ірі кеніштердің бірі - Қашағанды игерумен байланыстырылып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Солтүстік Каспий жобасы тиімді халықаралық әріптестіктің жарқын мысалы» деп ерекше атап көрсетті. Қашаған әлемнің ең ірі компанияларын ортақ мақсатқа, үйлесімді біріктірді. Олар біздің елге жылдар бойы жинақталған мол тәжірибесі мен білімін ала келді. Мамандар тапшылығын шешіп, соның ішінде инженерлік және техникалық кәсіп иелері осы бай тәжірибе мен білімге мирас болып қалулары керек.

Мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының KAZENERGY қауымдастығы жылдар бойы жүйелі, әрі қарқынды жұмыс жүргізіп, техникалық мамандықтар бойынша кадр дайындап жатқан елдегі бірегей бірлестік.

KAZENERGY Жастар Форумының тарихы:

2008 жыл – І Халықаралық KAZENERGY жастар конференциясы
2009 жыл – «Жас маман даярлау мен жастар комитеттері әрекетінің мәселелері» атты ІІ Халықаралық KAZENERGY Жастар Конференциясы
2010 жыл – «Қазақстанның мұнай-газ кешеніне жас мамандар даярлаудың алғы шарттары мен өзекті түйткілдері» атты III Халықаралық KAZENERGY Жастар Форумы
2011 жыл – «Жастар қуаты – Қазақстанның инновациялық серпіні» атты IV Халықаралық KAZENERGY Жастар Форумы
2012 жыл – «Болашақтың қуатындағы жастар – өзгеріс факторы мен қарқындылық қайнары» атты V Халықаралық KAZENERGY Жастар Форумы
2013 жыл – «ENERGIZE YOUR FUTURE» VI Халықаралық KAZENERGY Жастар Форумы

KAZENERGY  Жастар форумының мақсаттары:

-   Ірі мұнай-газ жобаларындағы маман даярлаудың өзекті түйткілдерін талқылау;
- Энергетикалық секторда қызмет бабында өрлеуге ұмтылған жас мамандардың бастамаларына қолдау көрсету;
- Энергетика саласында еңбек етіп жатқан әріптестермен пікір бөлісіп, бір-бірімен табысты тәжірибелерімен алмасу;
- Мұнай-газ және энергетика салаларында жас мамандарды даярлау ісінің тиімділігін арттырып, мүмкіндіктер ашу;
- Мұнай-газ және энергетика салаларында жас мамандардың мәртебесін жоғарылату;
- Отандық және шетелдік компаниялардағы жас мамандардың мәртебесін жоғарылату мен санын арттыруға бағытталып, табысты жүзеге асқан бастамаларды қарастыру;

Жыл сайын Жастар Форумына 250-ден астам делегат келеді. Биыл 2013 жылы электронды тіркеуден өткендер саны 425-ке жетті.  Солардың 310-ы аккредитациядан өтіп делегат атанды. «ENERGIZE YOUR FUTURE» KAZENERGY Жастар Форумы делагаттарының қатарында Қазақстан-Британ Техникалық Университеті, Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық Техникалық Университеті, Назарбаев Университеті, Атырау мұнай және газ университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университтеті, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжинеринг университтеті, Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университеті сынды іргелі оқу ордаларының студенттері мен «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының шәкіртақы иегерлері және тағы басқалар болды. Жалпылай айтсақ, 17 қазақстандық және 6 шет елдік жоғарғы оқу орны, 10 жастар бірлестіктерінің өкілдері, 15 компанияның жас мамандары жиналды.

Жастар форумы аясында жыл сайын форум алды шаралар да ұйымдастырылып тұрады.  Мәселен  «ZEREK!» интеллектуалдық ойыны мен «EXPO-2017» пікірсайыстарын өткізу игі дәстүрге айналды. KAZENERGY Білім Беру Бағдарламасы шәкіртақы игерлерінің жыл сайынғы слеті де 2013 жылы Жастар Форумы қарсаңында ұйымдастырылып, «Сафи Өтебаев атындағы гранттар мен шәкіртақылар» жобасының озат студенттері шақырылды. VI Жастар форумында жаңа секцияларды өткізу форумға қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Соның ішінде ҚР Мұнай және газ министрі Ұ.С. Қарабалиннің қатысуымен өткен шеберлік сабағын айрықша атаған жөн. Форумда «Жастар және болашықтың қуаты» атты ғылыми секция ұйымдастыру туралы бастама көтерілді. Оған жас ғалымдар мен студенттер, магистранттар мен жас мамандарды, мұнай мен энергетика салаларының озық ұйымдарындағы және олармен аралас жоғары технологиялық салалардағы білікті мамандарды тарту керектігі тілге тиек етілді.  EXPO-2017 көрмесіне орай жастардың белсене түсуі керектігі туралы ұсыныс тасталып,  2017 жылы өтетін ХХІІ Бүкіләлемдік мұнай конгресін Астана қаласы қабылдайтынына сенім білдірілді. Бұл да Форум дамуының жаңаша сипаттарының белгісі.

Алдымен Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің  Аға вице-президенті Йозеф Тот пен KAZENERGY Қауымдастығының Бас директоры Әсет Мағауов алғы сөз айтып, VI Жастар Форумына қатысушыларды құттықтады.

VI Жастар Форумының алғашқы бөлімінде спикерлер мамандар даярлау мәселесінің болашағына бағдарланған ұзақ мерзімді түйткілдерді талқылады. Мамандарды даярлау ісін жоспарлауға жүйелі көзқарас керектігі айтылды. Жұмыс беруші мен жұмыс алушы, соның ішінде оқу орындарының кешектегі түлектері, бүгінгі жас маман арасындағы мүдделердің тепе-теңдігі мен келісімдердің тиімді механизмін табу мәселелерін талқылады.

Компания өкілдері қажет болған жағдайда мамандардың қабілетіне қарай, қажетті мөлшерде тиісті жұмыс орындарын даярлау мен беру бағытында атқарылып жатқан істерді баяндады. Барлық өндірістік тапсырмаларды толық орындау үшін, жұмыс берушілер жұмысшының құзыры мен біліктілігіне қоятын талаптарын атап айтты. Сөз алғандар жұмыстың өнімділігін арттыра түсу үшін ынталандыру шаралары болуы керек екендігін және жұмысына қанағаттану болу шарт екенін атап өтті. Форумға қатысушылар жұмысқа тұру, әңгімелесуді өткізу мен өндірістік тағылымдамадан өту мәселелерін талқылауға ерекше қызығушылық тудырды. Залдан қойылған сұрақтар санының көп болуының өзі Жастар Форумының барынша екпінді өтіп, қатысушылардың әр қайсысын өзіне баурай алғанын білдірсе керек. Осылайша форумда бастан аяқ кадрлық консалтинг элементтері болды деп айта аламыз. 

         Форумның келесі бөлімінде маман даярлау мен оларға қойылатын талаптар тақырыбы бірден Калгарий қаласында өтетін WPC ІV Жастар форумына ойысты. 2014 жылы Мәскеу қаласында өтетін 21 WPC Жастар бағдарламасы мен KAZENERGY Жастар комитетінің жұмысы басты назарда. Жас мамандарды салалық жастар бірлестіктері жұмысына тарту, кәсіби шеберлер буындары арасындағы диалогты нығайту керектігі, бүгінгі және ертеңгі энергетика тапсырмаларын шешу ісіне жастарды жұмылдыру үшін оларды ғалымдармен және сарапшылармен тізе қоса жұмыс істеуге талпындыру керектігі айтылды.

Спикерлер

(қысқаша өмірбаяндары)

alt

Кириллов Андрей Прокофьевич
«ЛУКОЙЛ ОВЕРСИЗСервис Б.В.» Астана қаласындағы филиалының директоры
1968 жылы Уфа қаласында туған (Башқұрт АКСР)
Уфа мұнай институтын тәмамдады.
1992 г. - Ватьеганнефть» (Қоғалым қ.) мұнай мен газды өндіру операторы. 
1993-1995 - өндіріс шебері, инженер-технолог, «ЛУКОЙЛ-Когалымнефтегаз» цех бастығының орынбасары. 
1995-1999  - «ВАТОЙЛ» БК мұнай мен газ өндіру шебері.
1999-2003 – өндіріс технологиясы  бастығының орынбасары, өндіріс орнының басшысы, «ВАТОЙЛ» БК («ЛУКОЙЛ-Пермь» ЖАҚ) Бас инженері.
2003 - «ЛУКОЙЛ-Пермь» ЖАҚ Бас инженері.
2003-2006 - «ЛУКОЙЛ - АИК» ЖАҚ Техникалық директоры
2006-2008 – «Қарақұдықмұнай» ЖШС Бас директоры
2008-2009 – «ЛУКОЙЛ Оверсиз холдинг лтд.» (Мәскеу қ.) активтер мен жобалар Дирекциясының жетекшісі.
Үйленген, 2 баланың әкесі.
Баяндама тақырыбы: «ЛУКОЙЛ-дағы жас мамандармен жұмыс».

alt

Төлебаева Алма Қасымханқызы
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры

А.Қ. Төлебаева инженер-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, 1988 жылы басталған педагогикалық және ғылыми еңбек өтілі елеулі.
2001 жылдан бері жұмысы «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ тығыз байланысты. Стратегиялық жоспарлау департаментінің Бас менеджері болып қызметін бастаған Алма Қасымханқызы активтерді басқару департаментінің Бас менеджері, сервистік жобаларды басқару департаментінің директоры, Басқарма Төрағасының экономика және қаржы жөніндегі кеңесшісі, әлеуметтік саясат және қоғаммен байланыс департаментінің директоры қызметтерін табысты атқарды. Қазір ол адам ресурстарын басқару департаментінің директоры. А.Қ. Төлебаеваны сипаттағанда оның тікелей басшылары Алма Қасымханқызының жетекші ретінде адамдарға мақсатты түрде ықпал ете алатынын айтады. Осылайша олардың жұмысын қажетті арнаға бағыттап, керекті нәтижеге қол жеткізе алады.
Баяндама тақырыбы: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының жастар саясаты саласындағы жұмысы»


alt

Қойбағаров Арман Мұхамбетқалиұлы
NCOC қызметкерлерді басқару жөніндегі Бас менеджердің орынбасары

(BSc Systems Engineering) Түрік Әскери Акалемиясын, ҚазМЗУ (Заңтану бакалавры), University of Gloucestershire (PGD HRM CIPD) тәмамдаған. «Интерконтиненталь» қонақүйінің HR директоры, ТШО (SGI/SGP) екінші буын жобасындағы PFD компаниясының HR Менеджері, Алкатель-Люсент компаниясының Қазақстан мен Орталық Азия бойынша HR директоры, Делойттағы Human Capital practice менеджері болып еңбек еткен. 2009 жылдың сәуір айынан бері НКОК компаниясында қызметкерлерді басқару жөніндегі Бас менеджердің орынбасары лауазымында жұмыс істейді. НКОК компаниясында кадрлық іс жүргізу, HR (HRIS) ақпараттық жүйелері және шетелдік еңбек күшін жұмылдыру мәселелерімен айналысады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы еңбек заңнамаларын жетілдіру жөніндегі, «ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық Шетелдік Инвесторлар Кеңесі» қауымдастығы жұмыс топтарының мүшесі. Қазақ, орыс, ағылшын мен түрік тілдерін меңгерген. Үйленген, 2 баланың әкесі.

Баяндама тақырыбы: «Ірі мұнай-газ жобаларын дамыту мен оларды мамандармен қамтамасыз ету түйткілдері: мүмкіндіктер, шешу жолдары».


alt

Алтыбаева Шолпан Батырбекқызы
«Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару жөніндегі Бас менеджері
 Ш.Б. Алтыбаева М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің психология факультетін тәмамдаған. 1998 жылы Ресей білім беру академиясында «Даму психологиясы. Акмеология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
1991-1998 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазМУ психология кафедрасының оқытушысы болып еңбек етті.
Шолпан Батырбекқызы Алтыбаева «Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару жөніндегі Бас менеджері лауазымына 2009 жылы тағайындалды. Жиырма жылдық еңбек жолында ол түрлі қызметтер атқарды.
«Теңізшевройл» ЖШС-на келгенге дейін Ш.Б. Алтыбаева 1998-2009 жылдар аралығында ірі ұлттық компаниялардың кардрлар департаменттерінде табысты еңбек етті. Ол «Қазақстан Темір жолы» РМК мамандарды дайындау мен қайта даярлау департаменті бастығының орынбасары, «ҚазТрансГаз» АҚ және «Интергаз Орталық Азия» АҚ қызметкерлерді басқару департаментінің директоры және «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ қызметкерлерді басқару және әлеуметтік саясат департаментінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 

Ш.Б. Алтыбаева инженерлік-техникалық мамандар резервін даярлау, қызметкерлерді аттестациялау мен бағалау әдістемелері сынды маңызды бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Қызметкерлерді басқару шаралары мен саясаты және қазақстандық мамандарды даярлау мен біліктілігін арттыру сынды маңызды құжаттарды түзуге ат салысты.

 Баяндама тақырыбы: «ТШО қызмет жолы»

 

alt

Стрелецкая Влада Владимировна
Әлемдік мұнай кеңесі жанындағы 21-ші Ресей әлемдік мұнай конгресі Жастар бағдарламысының директоры

 В.Стрелецкая Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ («Мұнай ісі» бағыты бойынша бакалавр), И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университетін («теңіздегі кеніштерді игеру мен пайдалану» мамандығы бойынша техника және технология магистрі) тәмамдаған. Қазір ол И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті «Теңіздегі мұнай-газ кеніштерін игеру» кафедрасының аспиранты. И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті халықаралық жұмыс жөніндегі проректорының көмекшісі.

SPE мұнай-газ өнеркәсібі инженерлері қоғамының мүшесі, SPE Мәскеу секциясы студенттік бағдарламаларының үйлестірушісі. Қоғамдық ұйымдарға жетекшілік ету тәжірибесі бар. Біраз уақыт бойы И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті SPE студенттік секциясының Президенті.

 Баяндама тақырыбы: «2014 жыл Мәскеу 21 ЖМК Жастар бағдарламасы» 


alt

Репник Александр Александрович
Gubkin University EAGE Student Chapter Вице-президенті.
 И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті мен Heriot Watt University бірлескен магистрлық бағдарламысының 1 курс студенті. Бүкіләлемдік мұнай кеңесі жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы. Онымен қоса,  SEG студенттер секциясының хатшысы болып та жұмыс істейді. 12-ші Мұнай және газ /MIOGE 2013 халықаралық көрмесінде SEG Russian Section өкілі болды.
Александр сондай-ақ  SEG, SPE, EAGE, AAPG қоғамдастықтарының белсенді мүшесі. Бакалавриаттың 3 курсынан бастап кәсіби жұмысқа белсене араласты. Алғашында бір жыл CGG компаниясының Русснефть, ТНК-BP, Роснефть сынды алпауыттарға арналған жобаларында мергідер-геофизик болып жұмыс істеді. Ағымдағы жылдың жаз айында Schlumberger компаниясында тағылымдамадан өтті.
Ғылыми жұмыспен айналысады, түрлі халықаралық студенттік конференцияларда оның еңбектері үздік деп танылған. 2 ғылыми мақала авторы.
АҚШ-та өткізілетін жыл сайынғы кәсіби геофизиктер кездесуі барысында өткізілетін көшбасшылардың студенттік симпозиумына қатысуға  Chevron/SEG  үлестіретін гранттың жеңімпазы.
Александр қараша айында Сан-Пауло қаласында өткізілетін Idea to Product атты халықаралық турнирге аттанатын И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті командасының мүшесі.

 Баяндама тақырыбы: «Кәсіби өрлеу сатысын басқару: жас мамандарға арналған мүмкіндіктер мен перспективалар»

alt

Хисметов Рақымжан Нұрланұлы
Аджип ККО компаниясы Мұнай, Газ бен Күркітті тасымалдау жөніндегі диспетчері,
KAZENERGY  Жастар комитетінің төрағасы.
 2008 жылы Алматы қаласындағы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Теникалық Университеті «газ-мұнай құбырлары мен газ-мұнайсақтау қоймаларын жобалау, құрастыру мен пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдап, инженер-механик біліктілігіне ие болды.
Білім ала жүріп ол, қосымша жобалау жұмыстарымен айналысатын ұйым «Дауылпаз» ЖШС инженер-жобалаушы болып еңбек етті. Сонымен қатар, «Теңізшевройл» ЖШС, Worley Parsons Kazakhstan және «КаспийМұнайГаз» ҒЗЖИ АҚ сынды танымал компанияларда тағылымдамадан өтті.
2008 жылы «KAZENERGY» Қауымдастығының білім беру грантына ие болды. «KAZENERGY» қауымдастығының үздік түлегі» аталымы бойынша марапатталды.
2009 жылдың қараша айында Бүкіләлемдік Мұнай Кеңесі Жастар Комитетінің Құрамына Қазақстанның өкілі ретінде кірді. БМК ЖК құрамына енгелі бергі уақытта ол 2009 жылы Париж қаласында өткен БМК ІІ Халықаралық Жастар Форумына қатысты, 2010 жылы Үндістанның Дели қаласында ұйымдастырылған БМК ІІІ Халықаралық Жастар Форумына, 2011 жылы РФ Мәскеуде өткен РҰК І Ресей мұнай конгресіне, 2011 жылы Қатардың Доха қаласында ұйымдастырылған ХХ Бүкіләлемдік Мұнай Конгрестеріне қатысып үлгерді. Сондай-ақ, ол 2009 жылдың желтоқсан айында жарық көрген ақпараттық-сараптамалық «KAZENERGY» журналында жарияланған «Париждегі энергетикалық диалог», 2011 жылдың сәуір айында «KAZENERGY» журналында басылған Бірінші Ресей Мұнай Конгресі туралы мақалалардың авторы.
2008-2013 жылдар аралығында «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалында Т.Қасымов атындағы МАС ауысым бастығы болып еңбек етті. Кейін қызметі өрлеп «ҚазТрансОйл» АҚ БФ  басқарма аппаратындағы су жеткізу мен есептеу бөліміне жетекші инженер болып ауысты. Қазір Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы мұнай, өндірістік кәсіпорындар мен халық, бюджеттік ұйымдарға соның ішінде Құлсары, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу кентіне техникалық және ауызсудың жеткізілуін қамтамасыз ету оның міндеті.

2013 жылдың наурыз айынан бері Аджип ККО компаниясының Мұнай, Газ бен Күкірт тасымалдау жөніндегі Диспетчері.

Баяндама  тақырыбы: «KAZENERGY» Жастар Комитетінің жұмысы»


alt
Ақмекенов Рафаэль Болатұлы
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетінің студенті,
Университет жанындағы инженер-мұнайшылар қоғамының Мүшесі.
2011 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетіне оқуға түскен. «Мұнай-газ ісі - 5В070800» мамындығы бойынша тәлім алып жатыр. Қазір ІІІ курс студенті. Студент атанғалы бергі екі жылда түрлі интеллектуалдық ойындар, халықаралық форумдар мен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысты.
2011-2012 жылдары – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университеті жаныдағы Инженер-мұнайшылар Қоғамының мүшесі. Алматы қаласында өткен Республикалық «ZEREK-2» интеллектуалдық ойынының Жеңімпазы. Атырау қаласында өткен «геология, бұрғылау, мұнай мен газды өндірудегі проблемалар мен жаңа технологиялар» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның жүлдегері. ҚБТУ өткізген IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жүлдегері, Алматы қаласында ІХ халықаралық жастар мұнай-газ форумын ұйымдастырушы.
2012-2013 жылдары – «Geoscience» Ресейдің Мәскеу қаласында өткен секциясындағы  «Oil and Gas Horizons» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жеңімпазы. Польшаның Краков қаласында ұйымдастырылған  «East meets West» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жүлдегері.
Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университеті үздік түлектірінің тізіміне енгізілген.

Баяндама тақырыбы: «(KNTU SPE SC) Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университеті жанындағы Инженер-Мұнайшылар Қоғамы туралы».


Мецик Олег Игоревич alt
«Жастар Іскерлік Кеңесінің» вице-президенті
 Қарағанды мемлекеттік университетін (ҚР Қарағанды қ.), Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет академиясын (РФ Мәскеу қ.) «Іскерлік ақыл-кеңес» бағдарламасы бойынша тәмамдаған.  Түрлі жылдары «Вулкан», «Wert» өндірістік компанияларының аймақтық филиалдарына жетекшілік етті, «әрекетті саралау мен моделдеу орталығы»-ның менеджерлерді даярлау бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі сарапшысы, ҚР Экономикалық даму министрлігінің бастамасымен қолға алынған «ҚР экономика саласында еңбек ететін менеджерлер мен басқарушы қызметкерлердің біліктілігін арттыру» бағдарламасының жетекшісі болып еңбек етті. Қазір ол Қазақстан кәсіпорындарында тиімді менеджмент жүйесін қалыптастыруды көздейтін және ұқыпты өндіріс жүйелерін енгізуге маманданған өзінің жеке меншік консультациялық компаниясына жетекшілік етеді.
О.И. Мецик «Жастардың іскерлік кеңесі» ұйымында кәсіпкерлік, мұнай мен газ, салаларындағы және қазақстандық жастардың қарымын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдармен байланыс, жобаларына жетекшілік етеді. «Жастардың мұнай мен газ мектебі» жобасының жүзеге асырылуына жалпы басшылық жасайды.

Баяндама тақырыбы: «Жастардың мұнай-газ саласымен түйісу тұстары».

 


alt
Ибағаров Марат Қанатбайұлы
«ҚазТарнсГаз» АҚ ресурс кешені нысандарын басқару департаментінің маманы, KAZENERGY Жастар комитетінің мүшесі
2011 жыл – «ҚБТУ Энергетика және мұнай-газ индустриясы факультетінің 2011 жылғы үздік студенті», 2010-2013 жылдары ІІІ, ІV, V, VІ KAZENERGY Жастар форумдарына қатысушы.
2010 жыл – Алматы қаласында өткен Еуропа геологтары мен геофизиктерінің KazGeo форумына қатысушы. «Ағылшын тіліндегі үздік таныстырылым» аталымының жеңімпазы. 2010 жылы Алматы қаласында өткен SPE ІІІ ғылыми конференциясына қатысып, «Бектас пен Қоныс кен орындарындағы B-Chem өнімдерінің химиялық реагенттерін пайдалануды бағалау» тақырыбында баяндама жасады. 2010 жылғы “Work&Travel USA” студенттер бағдарламасына қатысушы.
2013 жылдың маусым айынан бері «ҚазТрансГаз» АҚ ресурстық кешен нысандарын басқару депратаментінің маманы, Астана қаласы.
2012-2013ж.ж., «UralOilandGas» ЖШС инженер-геолог, Орал қаласы
2012ж. – «Қазақ Мұнай және Газ Институты» АҚ Технологиялық Жоспарлау Департаменті диплом алды тәжірибе, Алматы қаласы,
2011ж. – «ТеңізШеврОйл» ЖШС Кен орындарын пайдалануды басқару департаменті өндірістік тәжірибе, Атырау қаласы,
2010-2011ж.ж., Қазақстан-Британ техникалық университеті мұнай-газ индустриясы кафедрасындағы оқытушы-профессордың (шетелдік) ассистенті, Алматы қаласы,
2010ж. – ПетроКазахстан Оверсиз Сервисез Инк., Стратегиялық жоспарлау департаментінде тәжірибеден өтуші, Алматы қаласы.

Баяндама тақырыбы: «Жұмысқа орналасу барысында белсенді шығармашыл студенттік тәжірибені трансферттеу».


alt

Коктышев Павел Вячеславович  «Жас кәсіпкерлер Клубының»» Жетекшісі  (Алматы) «Energize your future» VI Жастар форумының  Модераторы.

 Коктышев Павел, тележүргізуші, Жас кәсіпкерлер клубы құрылтайшыларының бірі, әрі оның жетекшісі, Даму және экономикалық саясат Институтының директоры,  Мәскеу саяси зерттеулер мектебі және Францияның Страсбург қаласындағы Демократия Университеттерінің түлегі. «Еларна», «Хабар» арналарындағы жүргізуші және блогер. Қазақстан мен шет елдердегі бірқатар конференциялардың спикері, кедейлікпен күрес және кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ, экология саласындағы ұлттық және халықаралық жобалар бойынша кеңесші, әрі менеджер. Көшбасшылық, жобалық менеджмент, әлеуметтік кәсіпкерлік, корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілік, әлеуметтік және жасыл маркетинг және т.б. бағыттар бойынша тренингтер жүргізеді. Халықаралық орта, елдегі азаматтық сектор және мемлекеттік билік өкілдерімен жұмыс саласында мол тәжірибе жинақтаған. Жүгіру, джаз бен көшбасшылық туралы кітаптар оқығанды ұнатады.
Қазақстандағы Жаһандық кәсіпкерлік аптасының өкілі және жас кәсіпкерлер форумының ұйымдастырушысы.

«ZEREK!» Интеллектуалдық Ойыны

alt

2011 жылы KAZENERGY Жастар Форумы алаңында алғаш рет «ZEREK!» интеллектуалдық ойыны өткізілді. Кейін ол Жастар Форумының игі дәстүріне айналды.

Динамикалық, командалық, интеллектуалдық ойын топта жұмыс істей алатын, өзінің қабілетін көрсетуге талпынған жастарды біріктірді. Бұл орайда «ZEREK!» ойыны маңызды рөлге ие. Ол жастарды күш біріктіріп, сөйте тұра ортақ істің қамы үшін өзінің ерекше қабілеттерін көрсетерлік дара болуға үйретеді. «Зерек» сөзінің мағынасы да ерекше зейінді, ақылды, дарынды, қабілетті дегенді аңғартады. Сондай-ақ, қазақтардың ең мықты емдік қасиетке ие ағаштардың бірін Зерек деп атайтынын бірі білсе, бүгінде біреу білмес. Сол қазақтың игі дәстүрін үзбей біз де жобамызды ылғи да тәтті зерек жемісінен шашу шашумен бастаймыз. Білімге ұмтылған жастардың жолы жарық, мағыналы да мәнді болып, жетістікке жетелесін!

«ZEREK!» – топтасқан тараптар шектеулі уақыт ішінде, ұсынылған жағдайдан оңтайлы жол тауып, қойылған тапсырманың дұрыс шешімін таба білуде сайысқа түсетін командалық ойын.  Ойынға қатысушылар – мұнай-газ саласына маман даярлайтын ЖОО студенттері. Ойынға қатысуға ниет білдіргендер 5 адамнан тұратын команда жасақтап, оны тіркеулері керек. Ол үшін тапсырысты толтырып, жолдау қажет.

Сайтта тіркелу аяқталған соң, яғни ойын қорытындыларын шығаруға бір апта (10 күн) қалған кезде қатысушылар негізгі тапсырмаларын алады.  Ескерту: тапсырмадағы көрсетілген кейбір дүниелер қатысушыларды негізгі проблеманың мәнінен алшақтатып әкету үшін берілген.

Ойынның да басты ерекшелігі осында. Тек берілген тапсырманы орындай салмай, алдымен тапсырманының өзін, мәнін анықтап алу керек. Осылайша ойын басталмай жатып-ақ қатысушылар белгілі бір тақырып пен құпиялық ахуалын сезінеді. Алайда оларда тапсырманы шешуге қажетті толық ақпарат жоқ. Ойын екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы -   қыздыру. Екіншісі – тәжірибелік. Өнер көрсету тәртібі ойын басталуға бір күн қалған кезде, ойынға қатысушылардың ұйымдастыру жиынында анықталады. Тәжірибелік кезең шешуші мәнге ие. Ойынның екі кезеңіндегі ұпай санының қосындысымен жеңімпаз команда анықталады. Ойынға өндірістік, білім беру мен ғылымның беделді өкілдері төрелік етеді.

«ZEREK!»  ойнатыла басталғалы бері Қазақстанның төрт тарабынан келген жастар (Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Павлодар) мұнай төгілген жағдайда мұнай өндіру зауытын құтқару жобаларын жасап, көмірсутегін іздеудің ең тиімді әрі үнемді жолдарын парақтады.

2013 жылы «ZEREK!» ойынының тақырыбына балама қуат көздері мәселесі тұздық болды. «Баламалы қуат: сән бе, әлде болашақтың қуаты ма?»

alt alt

Ойынғы қатысуға тілек білдіріп, тапсырыс түсірген 17 команданың арасынан мына ұжымдар бірінші кезеңде іріктелді: PHOENIX (Қазақстан – Британ Техникалық Университеті, Алматы), PSU team (С.М. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік Университеті, Павлодар), Аномалия (Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университеті, Алматы), Эврика (Қазақстан – Британ Техникалық Университеті, Алматы), Сарыарқа (Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды).

Биыл қазылар алқасының құрамына Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, «Samruk-Green Energy» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «KEGOC» АҚ, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» АҚ өкілдері шақырылды.

Әдеттегідей, ойын басталмас бұрын қазылар алқасы Ойынның ережелерімен танысып, шарттарын біліп алды. Алдын ала қатысатын командалар туралы ақпаратпен қатар төрешілерге қойылатын талаптармен де таныстырылды. 

alt

Жылдан жылға ойынды бақылаушылар мен оған қатысушы командаларға қолдау көрсететін жанкүйерлер қарасы артып келеді. Биыл олардың саны 70-тен асып жығылды.

PHOENIX (Қазақстан – Британ Техникалық Университеті, Алматы) командасы 2013 жылғы ойынның жеңімпазы атанды. Жастар Форумында қалыптасқан дәстүрге сай 2013 жылдың жеңімпаздары 2014 жылғы ойынға шақырылып, жаңа ұжымдарға алдағы жылдың жеңімпаздары сәт сапар тілейді.

Жеңімпаздар мен ойынға қатысқан командаларға естелік сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді. 

«KAZENERGY» Білім беру бағдарламасы шәкіртақы иегерлерінің слеті

KAZENERGY Қауымдастығы жыл сайын Білім беру бағдарламасының үздік шәкіртақы иегерлерін шақырады. Білім беру бағдарламысының жұмысына қолдау көрсететін Қауымдастық мүшелері слет барысында шаралар өткізіп, студенттермен компаниялардың жетекшілері, ұйымның өндірістік блогының мамандары кездесіп, іскерлік түскі астар, шеберлік сабақтары мен техникалық саяхаттар ұйымдастырылады.

Биыл 2013 жылы қазанның 7-і күні Астанда «Energize your future» VI Жастар Форумы қарсаңында KAZENERGY Білім беру бағдарламысының «Сафи Өтебаев атындағы шәкіртақылар мен гранттар» жобасы шәкіртақы иегерлерінің слеті өткізілді.

Сафи Өтебаев атындағы шәкіртақылар мен гранттар – Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің айрықша қайраткері атынан берілетін атаулы шәкіртақы. Оның аясында жоғары оқу орны студенттеріне шәкіртақы және оқытушылар мен коллеждердің өндірістік оқыту шеберлеріне гранттар табысталады. Жоба 2009 жылы қазақ мұнайының 110 жылдық мерейтойы қарсаңында IV Еуразиялық KAZENERGY Форумы барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бекітілген.

Биылғы слетке Қазақстанның әр тарабынан қатысушылар шақырылды: Алматы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері шараға қатысты. Слетке қатысушылардың барлығы, яғни студенттер мен оқытушылар тегіс іріктеу байқауынан өтті. Одан соң қазанның 8 мен 9-ы күндері «Energize your future» VI Жастар Форумының жұмысына белсене қатысты.

alt

Шәкіртақы иегерлері слетінің басталуында алдымен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының корпоративтік дамыту жөніндегі Орынбасары Берлібаев Данияр Әмірбайұлы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының  геология және перспективалық жобалары жөніндегі орынбасары Есқазиев Құрманғазы Орынғазыұлы және «KAZENERGY» Қауымдастығының атқарушы директоры Қожалиева Тоғжан Бақытжанқызы алғысөз айтып, шараны ашты. Слетке сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ кен орындарын игеру мен жобаларды бағалау департаменті директорының орынбасары Тасқынбаев Мәлік Жақсылықұлы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Төлеубаева Алма Қасымханқызы шақырылды. Шараға «KAZENERGY» Қауымдастығы адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Ахмурзина Ләззат Жексенбайқызы модераторлық жасады.

Шарада негізінен Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласын дамыту мәселелері қызу талқыланды. Ірі мұнай жобаларын жүзеге асыру, соның ішінде Қазақстанның теңіздегі мұнай кеніші – Қашағанға ерекше екпін түсірілді. Слетке қатысушыларды спикерлердің еңбек жолы, олардың кәсіби өрлеуінің тарихы да қызықтырды. 

Слетке қатысушы шәкіртақы иегерлерінің бәріне сертификаттар, жүргізілген викториналар қорытындысы бойынша естелік сыйлықтар тапсырылды.

Слетке қатысушылар шара аясында «ҚазТрансОйл» АҚ бас диспетчерлік басқармасына барды. Компанияның бас диспетчері Көшербаев Көңілімшат Еділұлы диспетчерлік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі мен басқарманың елдің мұнай құбыр жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етудегі рөлін айтып берді. 

ҚР Мұнай және газ министрі Ұ.С. Қарабалиннің шеберлік сабағы

Жетекші форумалды шаралардың бірі – қазанның 9-ы күні ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Ұзақбай Сүлейменұлы Қарабалиннің шеберлік сабағы.

Шеберлік сабағына Жастар форумы мен шәкіртақы иегерлерінің слетіне қатысушылар, техникалық жоғары оқу орны студенттері, компания жетекшілері, министрліктердің өкілдері, жас мамандар мен журналистерді қоса алғанда жалпы саны 100-ден астам адам қатысты.

alt

Шеберлік сабағы барысында жалпы саны 25 сұрақ қойылды. Көбіне Қарашығанақ кен орны, жоспарланған газ өңдеуші зауыт салу ісі, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы, дайын мұнай өнімдерін экспорттау мен сырттан тасу, алдағы 5-10 жылдағы елді газбен қамтамасыз ету тапсырмалары, Қашағандағы коммерциялық өндіріс мүмкіндіктері және т.б. сұрақтарға тұщымды жауап берілді.

Шеберлік сабағының қорытындысында министр өзіне ең қызықты сауал жолдаған қатысушыға қолтаңбасы қойылған авторлық кітабын сыйға тартты.

Шеберлік сабағын KAZENERGY білім беру бағдарламасы мен SUCCESS медиа Агенттігі ұйымдастырды.

«Менің жолым» атты шеберлік сабағы

2013 жылы қазанның 9-ы күні KAZENERGY Жастар Форумы аясында «Менің жолым» атты екінші шеберлік сабағы ұйымдастырылды.  Шеберлік сабағы барысында жастарға білімді инвестицияға айналдыру құпиясы, тұрақты шығармашылық өсім мен даму, өз қабілет-қарымыңды әділ бағалау мен жұмыс беруші үшін жұмысшының лайықты ақысын белгілеу сыры паш етілді. 

alt

Форумның екінші күні өткен шараны белсенді шеберлік сабағы деп сипаттауға болады. Шеберлік сабағын жүргізген Райысханова Раушан Советқызы шараға қатысқан барлық 50 тыңдаушыны түгел ерекше ойын форматына тарта алды.  Олардың әр қайсысына әлеуметтік рөл бөліп берді. Шеберлік сабағы барысында қатысушылар топта, ұжымда жұмыс істей білу қабілеттерін паш етті.  Өздері орындаған рөлдің мәртебесіне сәйкес келіп, жауапкершілікті сезіну, ойларын, бастамаларын ортаға салып, оны сол арада жүзеге асырулары қажет болды.

Шеберлік сабағының соңында оған қатысушылардың барлығы дерлік осы шара барысында алған білім мен тәжірибені өмірде қолдану мүмкіндіктері бар екенін ерекше атады.

Шеберлік сабағын KAZENERGY Білім беру бағдарламасы мен Human Capital Lead компаниясы бірлесіп ұйымдастырды. 

 



PDFБаспаға жіберуE-mail