VI Еуразиялық KAZENERGY Форум

размер шрифта: Aa | Aa

alt

VI Еуразиялық KAZENERGY Форум

Алдағы қазан айының 4-і мен 5-і күндері Астанада дәстүрлі Еуразиялық энергетикалық форум өтеді. KAZENERGY қауымдастығының ұйытқы болуымен осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылатын форум отандық және құрлықтық энергетикалық сала үшін аса маңызды халықаралық шара болып табылады. Тақырыбы -  "Қазақстан: 20 жыл тұрақты өсім, инвестициялар мен орнықты ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері" деп аталады. Екі күн бойы әртүрлі елдердің мемлекеттік органдарының және ірі халықаралық энергетикалық корпорацияларының басшылары, сондай-ақ энергетика саласының әлемге танымал әрі тісқаққан сарапшылары еуразиялық және әлемдік ауқымдағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасып, тәжірибелерімен бөліседі. Форум бағдарламасы аясында пленарлық мәжілістер, дөңгелек үстелдер, тақырыптық семинарлар сондай ақ KAZENERGY-дің жастар форумы өтпек.

Алтыншы жыл қатарынан өткізілетін форумның еліміз үшін ғана емес, Еуразия құрлығы үшін де маңызы өте зор. Себебі, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, әлемдік экономиканың тұрақты дамытуда энергетикалық сектор маңызды рөл атқаруда. Ал табиғи байлықтың кез-келген түрі қойнауында тұнып тұрған Еуразия кеңістігінің қазіргі таңда жаһандық саясаттағы болсын, экономикадағы болсын ықпалы жыл санап күшейіп келеді. Оның ішінде осы құрлықтың кіндігінде орналасқан Қазақстан  бү­гін­де еура­зия­лық кеңістіктегі тұрақты­лықтың төрт тұғыры – эко­номи­ка­лық, энер­гетикалық, экологиялық жә­не азық-түліктік қауіпсіздік мәселесінде елеу­лі ықпалға ие елдердің біріне айналды.

Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа елеулі үлес қосып жатқанын мынадан аңғаруға болады. Мәліметтер бойынша, қазіргі таңда еліміздегі анықталған мұнайдың қоры 5 млрд. тоннадан асады. Бұл көрсеткіш жер бетінде қазірге дейін анықталған мұнай қорының 3 пайызына тең екен. Сонымен қатар Қазақстанның толық зерттелген табиғи газының қоры 3,7 трлн. текше метрден асып отыр. 2010 жылы еліміз 81 млн. тоннадан астам мұнай өндіріп, оның 68 млн. тоннасын экспорттаған. Ал 2020 жылға қарай Қазақстанда 130 млн. тонна мұнай өндіріледі деп болжануда. Есеп-қисаптарға жүгінсек, еліміз алдағы 50 жыл бойы жылына 80-100 млн. тонна мұнайды экспорттамақ. Бұл дегеніміз -Қазақстанның тек қана Еуразия кеңістігінде ғана емес, әлемдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызы одан сайын арта түсетінін білдіреді. Тіпті, қазірдің өзінде мұнай мен газға бай Қазақстанның өңірлік энергетикалық қауіпсіздік саясатында маңызды ойыншы екенін төрткүл дүние мойындады. Сондықтан да әлемдік мұнай нарығындағы баға ОПЕК секілді ұйымға ғана емес, Қазақстан, Ресей секілді мұнай жеткізуші ел­дер мен Қытай, Еуропа секілді тұтынушы өңір­лердің өзара ынтымақтастығына тығыз байланысты болып отыр. Осы орайда Қазақстан өзінде өндірілетін мұнай өнімдеріне деген сұранысты қамтамасыз ету үшін сенімді және қауіпсіз жет­кізу­шінің пози­циясын ұстанып келеді және бұл позиция жыл өткен сайын өзінің тімділігін көрсетуде.

Ал енді "2006 жылдан бері үзбей өткізіліп келе жатқан Еуразиялық энергетикалық форум не берді?" деген мәселеге келсек, форумдар аясында айтылған ойлар мен пікірлер, әзірленген ұсыныстар мен ұсынымдар, қабылданған шешімдер құрлықтағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, салада қордаланып қалған саналуан мәселелерді тиімді шешуге, экологиялық болсын, экономикалық болсын ахуалдарға тың көзқараспен қарауға мүмкіндік туғызды. 

Тарихына үңілсек, 2006  жылдың қоңыр күзіндегі бірінші форум "Мұнай-газ саласы және энергетика" тақырыбында өтіпті.  Оның барысында қатысушылар экологиялық тепе-теңдікті сақтау, мұнай-химия кластерін құру, қазақстандық қамтуды ұлғайту, энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыру, электр қуатын өндіретін балама көздерді енгізу мәселелерін талқылады. Ал 2007 жылы өткен KAZENERGY-дің екінші Еуразиялық энергетикалық форумы мұнай-газ және энергетика салаларын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналды. Оның аясында сараптамалық ақпараттарға шолу жасалып, ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, тиімді заңнамалық тетіктерді қалыптастыру үшін біртұтас әдіс-тәсілдерді  келісу қамтылды. Сондай-ақ экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі ұлттық компаниялардың рөліне айрықша назар аударылды. 2008 жылы өткізілген үшінші форумда сол кезеңдегі Қазақстанның да, сондай-ақ тұтастай алғанда бүкіл әлемдік қоғамдастықтың да энергетикалық мүдделерін қамтитын өткір де өзекті әрі күрделі процестер мен тенденциялар сөз болды.

2009 жылғы KAZENERGY-дің төртінші Еуразиялық энергетикалық форумы Kazakhstan Energy Week деп аталатын Қазақстанның энергетикалық апталығы аясында ұйымдастырылды. "Жаһандық қатерлер және стратегиялық альянстар" деген тақырыппен өткен ол форумның барысында энерегетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ортақ мақсаттарға қол жеткізу және жаһандық қауіп-қатерлерді еңсеру үшін стратегиялық әріптестік пен альянстарға бірігудің өзекті мәселелері мен мүмкіндіктері талқыланды. Бұл сөз жоқ шараға қатысушылардың және қонақтардың зор қызығушылығын туғызды. Сондай-ақ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы энергетикалық әріптестік тақырыбына ерекше назар аударылды. Қатысушылар барлық елдерді энергетикалық ресурстармен сенімді қамтамасыз ету - еуразиялық құрлықтағы тұрақтылықтың маңызды факторы болып табылатынын атап көрсетті. Форумға қатысушылар энергоресурстарды өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделерін, сондай-ақ өңірлік және жаһандық энергетикалық қарым-қатынастардың даму процесін ұзақмерзімді жоспарлауды ескере отырып энергетикалық әріптестікті қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Әлемдегі энергоресурстарды өндіруші және экспорттаушы ірі мемлекеттің бірі болып табылатын Қазақстанның өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жатқаны айтылды.

"Еуразияның энергетикалық картасы: Тәуекелдер теңгерімі және жаңа мүмкіндіктер". Осындай тақырыппен 2010 жылы ұйымдастырылған бесінші Еуразиялық энергетикалық форумда Мексика бұғазындағы апаттың сабақтары, техногендік сипаттағы тәуекелдерді төмендету жолдары, Каспий өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері айрықша талқыланған тақырыптардың қатарында болды. Сонымен қатар форумға қатысушылар энергетикалық геосаясат және қауіпсіздік, энергетикалық шикізаты транзиттеу, жаңартылатын энергияның перспективасы, электроэнергетикалық кешенді дамыту, қоршаған ортаны қорғау және техногендік тәуекелдерді азайту мәселелерін талқылады. Атап өтерлігі, форум барысында еуразиялық энергетиканың ағымдағы жағдайы мен перспективасына, онымен байланысты халықаралық ынтымақтастықтың саяси және экономикалық қырларына айрықша назар аударылды. Тоқтала кетерлігі, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және орнықты ынтымақтастық орнату мәселері тек қана жекелеген мемлекеттер үшін ғана емес, сонымен бірге тұтастай халықаралық қоғамдастық үшін де маңызды ұзақмерзімді фактор болып табылады. Форумға қатысушылар, оны жаһандық энергетикалық қарыс-қатынастарға барлық қатысушылардың арасындағы кешенді ынтымақтастық және өзара түсіністікті ұлғайту арқылы ғана тиімді шешуге болатынын атап көрсетті. Олар Еуразияның негізгі энергетикалық субьектілері арасындағы сенім шараларын одан әрі арттыру қажеттігін, энергетикалық ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейту қажеттігіне тоқталды.

Былтырғы форумда Мексика бұғазындағы мұнай бұрғылау платформасында болған апаттан сабақ ала отырып, Каспийдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша назар аударылды. Әсіресе, бұған Каспийді жағалай қонған бес мемлекет төтенше мүдделілік танытты. Каспийдің құқықтың мәртебесі толық айқындалып бітпей жатқанда, оның қойнауын игеру, айдынын пайдалану, байлығын жарату ісінде қомағайлыққа ұрынып, теңіздің биоортасына зиян тигізу қау­пі жоқ емес. Бұл қауіптің алдын алу­дың бір жолы – ортақ келісім жасау. Оны былтырғы форумда Қазақстан тарапы айт­ты. Форумда сөйлеген ҚР Премьер-ми­нис­трі Кәрім Мәсімов: "Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан ең жоғары стандарттар бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл үшін Үкімет теңіздегі бұр­ғы­лау­дың қауіптерін төмендету бағытында ша­ралар кешенін әзірлеп жатыр», – деп атап көрсетті. Бұл ретте Қазақстан тарапы көрші елдерге теңіздегі өндірістік қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ету бойынша үкі­мет­­аралық хаттамаға қол қоюды ұсын­ды.

Әлемдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шын мәнінде жыл өткен сайын маңыздылана және өткірлене түсуде. Қазіргі таңда энергетикалық саладағы мүдделер қақтығысы соғыс әрекеттеріне ұласып жатқаны да жасырын емес. Ал әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын Еуразия кеңістігінде мұндайға жол беруге әсте болмайды. Сондықтан да қарапайым халықтан бастап, сарапшыларға дейін Еуразиялық энергетикалық форумнан мол үміт күтеді. Мамандар қазақстандық та, сондай-ақ әлемдік те мұнай-газ және энергетика саласын дамыту мәселесін талқылауға мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналған KAZENERGY-дің алдағы еуразиялық форумында энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатер төндіріп отырған маңызды мәселелер талқыланып, оңтайлы шешімдер қабылданатынына үміт артады.

PDFБаспаға жіберуE-mail