
Құмкөл
размер шрифта: Aa | Aa |
Тұран мұнайлы-газды аймағына қарайды. 1984 жылы ақпанда ашылды. Қызылорда қаласынан солтүстікке қарай 150–170 км жерде орналасқан. Көмірсутек кені 0,9 – 1,4 км тереңдікте. Ұңғымалардың алғашқы дебиті 20 – 130 т/сөт. Мұнай тығыздығы 812–819 кг/м³, күкірттің мөлшері 0,11 – 0,52 %, парафиндер 10,8-11,5 %, асфальтендер 0,11-0,92 %, қарамайлар 4,8-8,42 %. Мұнайдың алғашқы қорлары– 280 млн тонна. Құмкөл мұнайының шығарындылар қоры 130 млн тоннаны құрайды; газ – 15 млрд м3. 2000 жылдардың басында мұнайды кен орнынан Жосалы кентіне жақын маңдағы сұйықтық таситын темір жол терминалына жеткізетін ұзындығы 170 км болатын «Арысқұм – Жосалы» мұнай құбыры салынды. 2010 жылдың қазан айында 1989 жылдан бері салынып жатқан (үзіліспен) Қызылорда – Құмкөл автомобиль жолы құрылысы аяқталды. Құрылыстың жалпы құны шамамен 5 млрд теңге. Құмкөлді екі мұнай компаниясы өндіреді: солтүстігінде «Торғай Петролеум» АҚ (Лукойл мен PetroKazakhstan біріккен компаниясы – әрқайсысы 50%-дан) және оңтүстігінде ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз (ҚазМұнайГаз мен PetroKazakhstan бірлескен компаниясы, сәйкесінше 33 % және 67 %). 2008 жылы мұнай өндіру 5,8 млн тоннаны құрады. Құмкөл мұнайын Құмкөл-Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры арқылы Қытайға және қазақстандық рынок үшін Шымкент МӨЗ-ге тасымалдайды.
|