Кеше KAZENERGY қауымдастығының конференц-залында «Бизнес-коммуникация» тақырыбында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге қатысты семинар өтті.

размер шрифта: Aa | Aa
31.03.2016 12:40

Кеше KAZENERGY қауымдастығының конференц-залында ҚР БжҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанованың қатысуымен  «Бизнес-коммуникация» тақырыбында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге қатысты семинар өтті.

Аталшым шараға «Атамекен» ҰКП өкілдері, қауымдастықтың  жоғары буынды басшылары мен  қызметкерлері түгелдей дерлік қатысты.   Семинардың тақырыбы: мемлекеттік тілдің бизнес саласында қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілінің еліміздегі іскерлік ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға ықпалы,  қазақ тілді сайттардың жұртшылыққа түсінікті, таза қазақша тілін, сондай-ақ, қазақ тіліндегі бизнес терминдерді қалыптастыру.  

Лектор қазақ тілінің стилі, ауызша, жазбаша сөз айырмашылықтары, сөз үлгілері, қолдданыс аясы, сөз әдебі туралы   жан-жақты әңгімелеп берді.  Қатысушылардың   іскерлік қазақ тілі туралы көптеген сұрақтарына жауап берді. Тілдік элементтердің шығу тарихы туралы,  сонымен қатар, көпшіліктің қызығушылығын туғызған кейбір сөздердің этимологиясы, кейбір өңірлердегі диалектілік сөздер туралы да біраз әңгіме айтылды. Әңгіме барысында көпшіліктің оған қызу қатысуы бұл тақырыптың өзектілігін,  қазіргі таңдағы толғақты мәселелердің бірі екенін көрсетті. Семинарға қатысушылар алдағы уақытта дәл осы нарық, бизнес, кәсіпкерлік саласында қазақ тілі іскерлік орта тіліне, кәсіпкерлік қатынастардың маңызды бір бөлшегіне айналатынына сенім артатынын білдірді.   Ұлттық сана, ұлттық тәлім-тәрбие сияқты құндылықтар туралы мағлұмат беретін мұндай игілікті шаралардың жалғасын таба беретіні сөзсіз.  

Анықтама үшін: Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық дамудың басты бағыты ретінде айқындалған. Елбасы Н.Назарбаев кәсіпкерлердің жағдайын назардан тыс қалдырған емес және қазіргі экономикалық қиыншылықтар кезінде оларға үлкен жауапкершілік артып отыр. Бұл мәселелер 5 институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 қадам Ұлт Жоспарында» да нақты белгіленіп берілді. Осыған сәйкес, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оның  Стратегиялық бағыттарымен үндесе жұмыс атқаратын Бизнес-тілді дамыту бөлімін ашпақ. Бөлімнің басты міндеті – шағын, орта және ірі бизнесті дамыту үрдісіне барлық кәсіпкерлердің тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету үшін оларға тиісті ақпаратты сапалы, шынайы әрі жедел беру. Алдағы уақытта дәл осы нарық, бизнес, кәсіпкерлік саласында қазақ тілі іскерлік орта тіліне, кәсіпкерлік қатынастардың маңызды бір бөлшегіне айналады деп сенеміз.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту