«Қазақстандық жол» 1-Ресейлік мұнай конгресінің назарын өзіне аударды

размер шрифта: Aa | Aa
12.04.2011 21:43

«Қазақстандық жол» 1-Ресейлік мұнай конгресінің назарын өзіне аударды

2011 жылғы наурыздың 14-і мен 16-сы аралығында Мәскеуде өткен 1-ші Ресейлік мұнай конгресінде Қазақстан еліміздің мұнайгаз саласындағы тәжірибесі мен алдағы өзгерістер жоспарын жариялады. Әлемнің әр түкпірінен келеген жоғары мәртебелі делегаттар бас қосқан форумға қатысқан қазақстандық делегацияны, Дүниежүзілік мұнай кеңесі ұлттық комитетінің төрағасы, KAZENERGY Қауымдастығының басшысы Тимур Құлыбаев бастап барды.

          Форумға қатысушы Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Рэндал Госсен, салалық ведомстволардың, алдыңғы қатарлы мұнай компанияларының басшылары, беделді сарапшылар мен ғалымдардың алдында сөз сөйлеген     Дүниежүзілік мұнай кеңесі ұлттық комитетінің төрағасы Т. Құлыбаев мырза олардың назарын халықаралық энергетикалық қауымдастығында Еуразияның ықпалы артып келе жатқандығына аударды. Бұл жолғы форум 2014 жылы  Мәскеуде (ТМД аймағында тұңғыш рет) өткелі отырған Бүкіләлемдік мұнай конгресіне дайындық аясында ұйымдастырылып отыр. Оған дейін Астанада KAZENERGY Евразиялық Энергетикалық Форумы аясында Әлемдік мұнай кеңесінің отырысы болады.

          Біздің континентіміз бен еліміздің энергетика саласындағы халықаралық беделі артып келеді. Олай болатын себебі мұнай саласының даму қарқыны тұрақты, әрі әлемдегі орташа деңгейден әжептәуір озық деп түсіндірді Құлыбаев мырза. Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде Қазақстан мұнай өндірудің жылдық мөлшерін төрт есеге көбейтті, ал әлемде бұл көрсеткіш бір жарым есеге ғана артып отыр. Өткен онжылдықта мемлекеттің ғаламдық мұнай нарығындағы үлесі 10 пайызға өсті, сол аралықта ОПЕК мүшелерінің арасындағы алдыңғы қатарлы экспорттаушы  елдердің біразы қатардан қалып қойды.  Қазақстан дәйекті түрде мұнайды өндіру мен экспорттаудың әлемдік деңгейдегі жаңа орталығын қалыптастырып келеді.

          Мұндай жетістікке жетуімізге тәуелсіздік алған уақыттан бергі мерзім ішінде осы салада жасалған түбегейлі өзгерістер негіз болып отыр. Тимур Құлыбаевтың пікірінше мұндай табыстың кілті - мемлекет пен жекеменшік, шетелдік компаниялардың ынтымақтастығы, инвестицияларға жол ашу, Қазақстан мен шетел инвесторлары арасындағы стратегиялық альянстарды қолдау болып табылады. Бұл процестерді әлемнің әр түкпірінен келіп Қазақстанда қызмет етіп отырған 50 ден астам компанияны біріктіріп отырған KAZENERGY Қауымдастығы үздіксіз демеумен келеді.

          Осы уақыт аралығында мұнайгаз кешеніне жұмсалған капиталдың жалпы көлемі 100 миллиард долларға жетіп отыр. Бұл ТМД елдері арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Құйылған бар капиталдың 80 пайызы шетелдік компаниялар мен бірлескен кәсіпорындардың үлесінде. Нәтижесінде Қазақстандық мұнайгаз саласының ЖІӨ-дегі үлесі 10-нан 21 пайызға, экспорттағы үлесі 30-дан 64 пайызға өсті.

          Дүниежүзілік мұнай кеңесі ұлттық комитетінің төрағасы атап өткендей Қазақстандағы өндіру көлемінің артуы жаңа кеніштерді игеруге жұмылдырумен қатар ашық кеніштердегі өндіріс қарқынын үдетудің арқасы. Атап айтқанда жаңа технологияларды қолдану - Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі жобалардағы өндірістің үздіксіз артуын қамтамасыз етуде.

          Алдағы онжылдықта Құлыбаевтың болжамынша Каспий табанындағы ірі кеніштерді игерудің арқасында  Қазақстанда мұнай өндірушілердің саны әжептәуір арта түспек. Солтүстік-Каспий жобасындағы қоры жағынан ең ірі Қашаған кеніші, «Жемчужина» кеніші және басқа да кеніштер сияқты өндірістік нысандар пайдаланыла бастайды.  

          Сонымен қатар Қазақстан шет елдердегі мұнай жобаларын дамыта бастайды.   Еліміздің ғаламдық энергетикалық нарықтағы үлесін арттыруға, қосымша ресурстар, табыстар мен активтер алуға деген ұмтылысы осыны байқатады. Бұл жобалар Евразияның әр бөлігінде жүзеге асырылады: Шығыс Еуропада, Солтүстік теңізде, Таяу Шығыста. Осылайша еліміз  энергетикалық салаға капитал салушыны тартумен шектеліп қалмай ғаламдық  мұнай инвестицияларына белсенді қатысушы болып келеді.

          Халықаралық энергетикалық агенттіктің есебі бойынша алдағы 15-20 жылдың ішінде Қазақстан сұйық көмірсутегін өндіру көлемін тәулігіне 5,4 млн. баррельге дейін арттырады. Бұл жоспарлар жүзеге асқанда Қазақстан әлемдік мұнай саудасындағы жетекші бестіктің қатарына кірмекші.

          Тимур Құлыбаев Қазақстандағы мұнай саласының өсуі энергетикалық саланың құрылымы мен сипатына біраз өзгерістер енгізіп отырғандығына назар аударды. Алдағы бірнеше жылда  Каспий табанындағы көмірсутегін игеру үшін, оның ішінде ірі машинажасау өндірісін дамыту үшін жағалауда инфрақұрылымының көптеген нысандары салынады.  Солтүстік-Каспий және Қытайға тартылған тасымал құбырын ұлғайту еліміздің мұнайтасымалдау қуатын 70 пайызға дейін арттырып, жаңа экспорттық серпіліске мүмкіндік береді.

          2015 жылға қарай Қазақстанда модернизациялау мен жаңа құрылымдар салудың есебінен мұнайды 87-90 пайызға дейін тереңірек өңдеу мүмкін  болады, ал мұнай өңдеу зауыттарына жөнелтілетін шикізаттың мөлшері бүгінгімен салыстырғанда 25 пайызға көбейеді. Каспий маңы және Орта Азия аймағындағы ең ірі полиэтилен мен полипропилен өндірушіге айналатын  Атыраудағы интеграцияланған мұнайхимиялық кешеннің жобасы жүзеге аса бастайды.

          Нәтижесінде Қазақстандағы көмірсутегі тауарларының сапасы да құны да арта түседі. Соның арқасында жақын болашақта еліміз әлемдік нарықта мүлдем жаңа    биіктерден көрінетін болады. Ал ұзақ жылдардан соң мұнай саласы отын статусынан арылып өңдеуші салаға айналуына негіз қалайды.

          KAZENERGY төрағасы Қазақстанның энергетикалық саласы, атап айтқанда Қауымдастыққа мүше ұйымдардың - қоғам мен бүкіл мемлекет үшін маңызды мәселелерді шешуге араласып отыруының арқасында  әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлетіндігін қадап айтты. Отандық өндірушілерді қолдау, мұнайгаз саласындағы қазақстандық үлесті арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіби білім беру және қазақстандықтардың білігін көтеру жобаларына қатысу және әртүрлі гуманитарлық жобаларға атсалысу осының дәлелі.  

          Салалық және әлеуметтік-экономикалық даму мақсатында түрлі компаниялардың күш жігерін біріктіріп отырған KAZENERGY Қауымдастығы  корпоративті сектордың қоғамдық  өмірге етене араласуына мүмкіндік беретін өте тиімді, әрі мүлдем жаңа модельді өмірге әкелді.


          Қазақстанның мұнайгаз кешенін модернизациялаудағы осы және басқа да тәжірибелері Конгресске қатысушылардың назарын аударды. Олар еліміздің бұл тәжірибесінен  энергетика саласын, жалпы нақты экономика саласын дамытудың стратегиялық және перспективалық жолдарын танығандай болды. Болашақта ресейлік және шетелдік мұнайшылар, журналистер Қазақстандағы процестерді  жіті қадағалап, біздің жетістіктерімізді зерттеп өздерімен салыстыра қарап  отыратын болды. Бір сөзбен айтқанда үздіктер үнемі назарда.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту