Баспасөз баяны

размер шрифта: Aa | Aa
15.12.2010 19:57
Каспий теңізінде мұнай төгілген жағдайда шара қабылдау туралы Қазақстанның ұлттық жоспарын әлі де жетілдіру керек. Құжаттың осал тұстарын бүгін Қазақ мұнай және газ институты Бас директорының кеңесшісі Жақсыбек Күлекеев атап өтті. «KAZENERGY» Қауымдастығы теңіздегі мұнай-газ операцияларын дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесінің үшінші жұмыс тобында Жақсыбек Кулекеев ұлттық жоспарды сынға алды.
Халықаралық тәжірибе бойынша, теңізге мұнай төгілген жағдайда, мұнайдың көлемі, экологиялық-экономикалық зияны, мұнайды тазалауға жұмсалған қаржы, көмекке шақырылған адам санына байланысты апат үш деңгейге бөлінеді. Ұлттық жоспар бойынша, 1-2 деңгейдегі апаттың салдарын залалсыздандыруға кен игеруші компания жауапты, 3 деңгейлі апат болғанда ғана мемлекет араласады. Бірақ, Күлекеевтің айтуынша, ұлттық жоспарда апат деңгейін анықтайтын сандық параметрлер көрсетілмеген, құтқару жұмыстарын бастау мерзімдері де жазылмаған.
    Жұмыс тобының назарына іліккен тағы бір мәселе – апат болған жағдайда тазалау жұмыстарын қаржыландыру және техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету. Теңіздегі мұнай-газ операцияларын дамыту жөніндегі «KAZENERGY» Үйлестіру кеңесінің тең-төрағасы Ермек Марабаевтың айтуынша, мұнай және газ фонтандарының салдарын жоюға қажетті құрылғы тапшы. Егер ауқымды апат бола қалса, қазіргі техника қауқарсыз болады,-деп қорытындылады Ермек Марабаев.
    Теңіздегі мұнай-газ операцияларына қатысты проблемаларды ескере отырып, кен игеруші компаниялар мен мемлекеттік құрылымдардың арасындағы ынтымақтастықты күшейту керек,-деп атап өтті  «KAZENERGY» қауымдастығының Атқарушы директоры  Нурлан Утенов. Осыған байланысты ол «KAZENERGY» қауымдастығының аясында өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын табуды ұсынды.
    Жұмыс тобының келесі кездесуінде екінші деңгейдегі апаттың салдарын залалсыздандыру бойынша қауымдастық құру мәселесі талқыланбақ. Ол жиынға Төтенше жағдайлар министрлігі және Мұнай және газ министрліктерінің өкілдері қатысады. Мұндай қауымдастық құрудың қажеттігін Елбасы Атырауға барған іс-сапарында айтқан болатын. Жоспар бойынша, игеріліп жатқан кен орындары мен мұнай тасымалдау кезінде шикізат төгілсе, барлық тараптар жұмыла жұмыс істеуі тиіс.
 
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту