Еңбек күшінің тепе-теңдігі. Кадр мәселесін ұтымды шешудің жолы қандай?

размер шрифта: Aa | Aa
25.08.2010 20:24

2010 жылдың 27 мамырында KAZENERGY Қауымдастығының білім беру, кадр даярлау жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Талқыланған негізгі тақырып -  маңыздылығын әлі де жоғалта қоймаған мұнай-газ саласына қажетті кадрларды әзірлеу мәселесі.

Саланың кәдесіне жарар қандай нақты мамандық иелерін оқыту керек, оларға қойылар стандарттар мен талаптардың реті қандай, ғылым және білім министрлігімен өзара іс-қимылды үйлестіру тәртібі бола ма деген сауалдарға осы істің басы-қасында жүрген құзырлы мамандар жауап іздеп, оны шешу жолдарын пысықтады. Әлбетте, бұл мәселе байыпты талдау-сараптамаларды және тараптардың тізе қосып еңбектенуін қажет етеді. Үйлестіру Кеңесінің тең төрағасы Асан Нұғымановтың айтуынша, кадр мәселесін бірлесіп шешу жолдары әлі де толық ретке келген жоқ.  Сондықтан, KAZENERGY қауымдастығы мемлекеттік органдар мен ірі мұнай-газ компанияларының өкілдерін ашық әңгімеге тартып отыр.

Жиынға қатысушылар кәсіби-техникалық оқу орындарының санын арттыру бағдарламасын тездетіп қолға алу керектігін қадап айтты. Олардың пайымдауынша, Теңіз сияқты жобалардың ұлғайып, Қашаған кен орнын игеру мерзімі басталар шақта кәсіби білікті мамандардың тапшылығын сезіну қаупі бар. «Теңізшевролй» компаниясының сарапшылары, 2014-2015 жылдары жұмыс орындары көптеп ашылады деген болжам жасап отыр.

Ал, мемлекеттік бағдарламаны (кәсіби-техникалық білім беру) іске асыру мәселесі бойынша, министрліктің профильдік департаментінің директоры Қадырбек Бөрібеков: «Бағдарламаның аясында жүзеге асырылатын көптеген іс-шараларға тиісті қаржы бөлінбегенін», айтты. 

    Сондықтан игі шаруаны толық аяқтау мүмкін болмай тұр. Қазір арнайы үш оқу орны ашылды. Олар: Астана, Құлсары, Қарқаралы қалаларында. Оның екеуін жұмыс беруші компаниялар өз қаржысына тұрғызып берді. Стандарттар мен арнайы талап-ұсынысқа келсек, Білім және ғылым министрлігі 144 мамандық бойынша арнайы білім стандарттарын қайта сараптамадан өткізді.

    Қадырбек Бөрібековтің айтуынша, министрлік кәсіби-техникалық білімді модернизациялау жобасын Дүниежүзілік банкпен бірлесіп шешпек жоспарлары бар. Бірақ, берілетін қаржының сомасы әзірге белгісіз.  Келіссөз нәтижелері жыл соңына дейін белгілі болады.

Шетелдік компаниялардың өкілдері («Теңізшевройл», «Қаращығанақ Петролеум Оперейтинг») мамандарды қайта даярлау тәжірибесінің мол екендіктерін айтты. Министрлік қажет деп шешсе, осы істе өз әдістемелерімізбен бөлісейік деп пейіл танытты. Көтерілген тағы да бір мәселе – сырттан жұмыс күшін тарту ісі. Отырысқа қатысушылар тиісті заң нормаларын жетілдіру мүмкіндігін қарастырсақ деп ұсыныс білдірді. Мысалы, бүгінгі талапқа сай, шетелден шақырылатын шетелдік маманның жоғары білімі болуы тиіс. Ал, кәсіби-техникалық мамандық иеленген адамға (дәнекерлеуші, бұрғышы) берілетін білім дәрежесінде өз ерекшеліктері бар. Заң баптарында, ол қайшылық ескерілмеген екен. Қашаған жобасының алғашқы дайындық жұмыстары кезінде 44 скважинаны бұрғылау керек. Сондықтан, жергілікті мамандарға дәріс оқытатын азаматтарды сырттан шақыру кезінде көптеген қиыншылықтар туындап жатыр.  

Осы ретте үйлестіру кеңесінің тең төрағасы, министрлік пен жұмыс беруші негізгі компаниялар арасындағы байланысты одан әрі жақсарту керектігін айтты. KAZENERGY қауымдастығы айтылған ұсыныс-тілектерді жүйелеп, нақты шешімдердің қабылдануын қадағалайды.

Мәліметтерді пайдаланғыңыз келсе, www.kazenergy.com сайтына міндетті түрде сілтеме жасауды ұмытпаңыз.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту