Жабдықтаушылар Форумына 70-тен астам қазақстандық және халықаралық компания қатысты

размер шрифта: Aa | Aa
20.05.2010 20:28

Атырау  қаласында Жабдықтаушылар форумы өтті. Басты тақырып: өндірістік қалдықтарды  өңдеу. Биыл бұл форумға мұнай-газ  саласындағы 70-тен астам қазақстандық және шетелдік компания қатысты. Мұндай форматтағы жиын осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

 

Өткен жылдары (2008-2009) форумды мұнай-газ саласындағы үш жетекші оператор: «Тенгизшевройл» (ТШО), «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (КПО) және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (НКОК) өткізген. 2010 жылғы Форумның басты ұйымдастырушысы – «KAZENERGY» қауымдастығының ұсынысымен, бұл жолғы жиынға Үкімет пен ҚР Парламент депутаттары шақырылды. «KAZENERGY» Қауымдастығының Төрағасы Тимур Құлыбаевтың пікірінше, билік өкілдерінің қатысуы көтерілген мәселелердің жан-жақты талқылануын ғана емес, нақты шешімін табуын қамтамасыз етеді. «KAZENERGY» басшысының Форумдағы баяндамасында Қазақстанда өндіріс қалдықтарын өңдеу нарығын қалыптастыру мүмкіндігі жайлы айтылды. «Біз бүгін қалдықтардың көзін жою үшін ірі операторлар қолданатын технологияларға назар аударып қана қоймай, қазақстандық шағын компаниялардың тәжірибесімен де танысамыз. Яғни, елімізде орта және шағын бизнес те қалдықтарды өңдеу нарығын біртіндеп игеріп жатыр деген сөз» - делінген бұл баяндамада. Тимур Құлыбаевтың баяндамасының толық мәтінін www.kazenergy.com Қауымдастықтың ресми сайтынан оқи аласыздар. («KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Т.А. Құлыбаевтың жабдықтаушылар форумына жолдаған құттықтау хаты )

Жабдықтаушылар  Форумының негізгі пленарлық  отырысында ТШО Бас директоры Тодд Леви, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Болат Даукенов және «KAZENERGY» Қауымдастығының Атқарушы директоры Әлиақпар Мәтишев төрағалық етті. Форум жұмысы үш тақырыптық секцияға бөлінді. Осы секцияларда кен игеруші компаниялар мен қалдықтарды өңдеу бойынша қызмет көрсететін компаниялар өзекті мәселелерді талқылады. Мұнай-газ саласының жетекші операторлары өз тәжірибесімен бөлісіп, қалдықтарды жою және жаңа технологияларды игеру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары жайлы айтып берді. Мысалы: КПО-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджері Луи Джакобстың айтуынша, Қарашығанақ кенішінің операторы атанғалы бері «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы экологиялық жобаларға 156 миллион доллар жұмсаған.
 
Газ утилизациясы 2009 жылы 99,86% жетті. Және бұл – «көгілдір отынның» утилизациясындағы ең үздік көрсеткіш. Сонымен қатар, Луи Джакобс жиналғандарға 2009 жылы қалдықтарды өңдеу орталығының (эко-орталық) ашылғанын жариялады. Бұл эко-орталықтың арқасында КПО бұрғылау қоспасының 65% құрайтын майды қайтара пайдаланатын болды. Яғни, майды судан бөліп,бұрғылау алаңындағы қалдықтардың көлемін азайтты.

«Тенгизшевройл» басшысы Тодд Леви Қазақстандағы қалдықтарды өңдеу нарығының мүмкіндіктеріне назар аударды. Левидің пікірінше, бұл нарық түрі Қазақстанда енді дамып келеді. «Өндіріс қалдықтарын өңдеп, оларды қайтара пайдаланатын кәсіпорындар аз. Яғни, бұл салада бәсекелестік жоқ. Сондықтан қазір жергілікті кәсіпкерлер осы салада жетістікке жете алады. Ал, бірден дамыған технологияны меңгеру үшін қазақстандық кәсіпкерлер шетелдік әріптестерінің тәжірибесін пайдалана алады»,-деді Тодд Леви. ТШО Бас директорының айтуынша, өндіріс қалдықтарын өңдеу - тиімді сала. Оған дәлел шетелде қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындардың қарқынды дамуы. Мысалы, АҚШ-та өндіріс қалдықтарының 33% өңделеді екен. Және бұл көрсеткіш жыл өткен сайын өсіп келеді.

Жабдықтаушылар  Форумының соңында қатысушылардың барлығына арнайы сауалнама таратылды. Осылайша, ұйымдастырушылар мұнай-газ  саласындағы компаниялардың талап-тілектерін біліп, болашақтағы басқосуларда оларды ескермекші. 
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту