«KAZENERGY» Қауымдастығының Атқарушы директоры Ә.Б. Мәтишевтің «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбаты

размер шрифта: Aa | Aa
19.05.2010 22:48

19 мамыр. Ертең Атырауда өндіріс қалдықтарын өңдейтін компаниялардың форумы басталады. Қалдықтың көлемін азайту, және оны кәдеге жарату – мемлекет үшін де, жер қойнауын игеретін компаниялар үшін де өте өзекті мәселе.

Сондықтан, биыл осы форумды ұйымдастырып отырған «KAZENERGY» Қауымдастығы кен орындарын игеруші компаниялар мен өндіріс қалдықтарын өңдейтін компаниялардың басын біріктіргелі отыр. Өйткені, олардың өзара ынтымақтастығы бүкіл саланың дамуына ықпал етеді. Өндірісті модернизациялап, қалдықтарды өңдейтін  заманауи технологияларды енгізу қажеттігін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет айтқан. Президент бұл мәселені шешуге отандық инвесторлардың да, шетелдік инвесторлардың да белсене араласуын талап еткен болатын. Сондықтан, осы салада жұмыс істейтін кәсіпорындар күш жұмылдырса, еліміздің мұнай-газ саласының экологиялық ахуалы жақсарады деген үміт бар.  «KAZENERGY» Қауымдастығының Атқарушы директоры Әлиақпар Мәтишев, біздің газетке берген сұхбатында «Қазақстанның мұнай-газ өндірісіндегі қалдықтарды өңдеу нарығының қалыптасуы үшін, қалдықтарды жоятын технологияларға аса мән беру қажеттігін» атап өтті.

- Әлиақпар Болатұлы, бұл үшінші Жабдықтаушылар Форумы. 2009 жылы «KAZENERGY» химиялық реагенттер жабдықтаушыларының форумына қатысқан. Биыл Қауымдастықтың өзі ұйымдастырушы болып отыр. Бұның себебі неде?
-Бұған дейін екі жыл қатарынан форумдарды мұнай-газ саласындағы үш жетекші оператор: Тенгизшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг және Аджип ККО компаниялары бірігіп өткізген. Бұл форумдарда тек кәсіби мәселелер талқыланған. Жиынға қатысушыларды қызықтырғаны – басқосуға екі жақ та қатысты. Яғни, қызмет көрсетуші компания, және кен игеруші компания. Мұндай форматта көп мәселелер талқыланады: жабдықтаушының қызмет сапасы, жаңа технологияларды енгізу, өндіріс орындарын құру, және кен игерушінің талап-тілектері. Бірақ, менің ойымша, мұндай форматтың осал тұсы да бар. Себебі: көп мәселелердің шешілуіне жергілікті билік өкілдері мен осы саланың министрліктері де араласады. Сондықтан, «KAZENERGY» Қауымдастығы Форум ұйымдастырушыларына Үкімет өкілдерін шақырып, аудиторияны кеңейтуді ұсынды. Себебі: кадр мәселесі, технологиялар, сатып алу тәртібін жетілдіру, өндірушілерді қолдау деген сияқты мәселелер мемлекеттік органдардың қатысуынсыз шешілмейді. 2008 жылғы Қауымдастық Кеңесінде біз алғашқы форумның нәтижелерімен танысып шықтық, 2009 жылы «KAZENERGY» химиялық реагенттер жабдықтаушыларының форумына  қатысты, ал биыл бұл форумды ұйымдастыру істерін  өз қолына алды. Біздің ойымызша, салалық министрліктердің мамандары, Парламент депутаттары мен шетелдік сарапшылар тек кемшіліктерді көрмей, жетістіктерді де көруі керек. Ал, жетістіктер бар, еліміздің мүнай-газ саласы қаржылық дағдарысқа қарамастан дамып келе жатыр. Бұл қалдықтарды жою проблемасына да қатысты. Бүгінде Тенгизшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг сияқты алып компаниялар ғана емес, отандық компаниялар да қалдықтарды өңдеу технологияларына ден қойып отыр. Әрі бұл тәжірибені тек жетілдіру керек.

- Яғни, бұл нарықтың дамуынан Қазақстан қандай да бір пайда көре ме?
- Әрине. Экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да бұл бізге тиімді. Қалдықтарды кәдеге асыруда жаңа технологияларды игеріп, бұл істі бір жүйеге келтірсек, табиғатқа тиетін зиянды неғұрлым азайтуға болар еді. Оның үстіне, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін компаниялар өз жұмысының сапасын көтеріп, осы нарықтағы бәскелестікке қабілеттігін арттырар еді. Бұл тақырыптардың барлығы Жабдықтаушылар Форумында көтеріледі. Форумға 250 делегат қатысады. Менің ойымша, Форумның нақ осы форматта өтуі Қазақстанға жаңа технологиялар мен шетелдік инвестиция тартуға септігін тигізеді. Ал, осы салада жұмыс істейтін мамандар қалдықтарды өңдеудің тәртібі мен талаптарын пысықтауға мүмкіндік алады. Сол үшін Форум аясында төрт секция жұмыс істейді. Ең бастысы бұл тақырыпқа барлық тараптар қызығушылық танытып отыр. Шетелдік компаниялар тәжірибесімен бөлісуге дайын, ал қазақстандық кәсіпорындар шетелдік әріптестерінің технологияларын меңгеріп, болашақта өз тауарлары мен қызметтерін ұсынуға құлшынады. Осылайша, «қазақстандық үлесті» арттырамыз.

- «KAZENERGY» қауымдастығының ресми сайтында: Экологиялық ахуал Жабдықтаушылар Форумының басты тақырыбына айналады деп  жазылған. Тағы да бәрі сөзден аспай қалып жүрмей ме?
- Өкінішке орай, қазір бұқаралық ақпарат құралдарында экологиялық мәселелер көбіне жағымсыз жағынан айтылады.  Бұл өте күрделі мәселе. Шешілмеген тұстары бар екені рас. Ондай проблемаларды бірігіп шешуге тырысамыз. Осы мақсатпен форумға Қоршаған  ортаны қорғау министрлігі, Мұнай және Газ министрлігі мен үш  облыстың әкімшілігінен  мамандарды шақырдық. Кен игеруші ірі компаниялардың барлығы Батыс Қазақстанда шоғырланған ғой. Экологиялық мәселелер бойынша, олар әрбір жобасын жергілікті әкімшілікпен пысықтап отырады. Мысалы: экологиялық айыппұл бюджетке төленеді. Кейін сол қаражат аймақтағы әлеуметтік – экологиялық проблемаларды шешуге жұмсалуы тиіс. Бірақ, бұл – экологиялық мәселелерді шешудің дұрыс жолы деп айта алмаймын.   Одан да сол кен игеруші компания өз өндірісін модернизациялауға ақша бөлсе, табиғатқа зиянын азайтса, сонда дұрыс болар еді.  Ал бұған қалай қол жеткізуге болады? Осы мәселе Форумда талқыланады. Бұл орайда заң шығару жүйесі де өте маңызды. Қалдықтардың көзін құртуда жекеменшік компаниялардың жұмысын қалай реттеуге болады?  Бұл бағытта дүниежүзілік тәжірибені қолдануға бола ма? Осы сияқты сұрақтарға Парламент мүшелері жауап беруге тырысады. Біз депутаттарды арнайы шақырдық бұл жиынға. Форумның қорытындысы бойынша нақты нәтиже болады деген үміттемін. Жалпы экологиялық мәселелер бойынша «KAZENERGY» қауымдастығы Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен тығыз жұмыс істейді. Біз қазір Киото хаттамасы бойынша ынтымақтасып жұмыс атқарып жатырмыз.  Мысалы: Киото хаттамасының шеңберінде белгіленген квоталар механизмін қолдану бойынша арнайы сарапшыларды шақыратын болып келістік. Сонымен қатар, қауымдастық, мұнай-газ және энергетика салаларындағы  парниктік газды инвентаризациялауда Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне көмектесуге ниетті. Бұл жобаны маусым айында өтетін Қауымдастық Кеңесінде қарастырмақшымыз.
 
- Сіз Жабдықтаушылар Форумын  ұйымдастырушылардың қатарында мұнай-газ секторындағы үш ірі оператор бар деп атап өттіңіз. Өткен жылдары да форумдар өткізіп келген бұл компаниялар талқыланатын тақырыптарды өздері анықтап келген. Яғни, инвесторлар өзекті мәселелерді жіті қадағалап отыр ғой....
-Әрине. Мен тіпті айтар едім, әркім жұмысқа осындай жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әлемдік нарықта аты шыққан, беделді компаниялар, Қазақстанда да абыроймен жұмыс істегісі келеді. Сондықтан, өздері күнделікті тап болатын күрделі мәселелерді көтеруге мүдделі. Осының арқасында екі жақты байланыс орнайды. Тағы бір айтып өтетіні, бұл компаниялар Қазақстан нарығының мүмкіншіліктерін көрсету үшін басқа шетелдік инвесторларды шақырып отыр. Алдағы Жабдықтаушылар Форумына да қазақстандық нарыққа әлі келіп үлгермеген компаниялар шақырылды. Сондықтан, алда қызу жұмыс күтіп тұр бізді.
- Сұхбатыңызға рахмет
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту