“KAZENERGY” Қауымдастығының атқарушы директоры Нұрлан Қаливуллаұлы Өтеновтың сұхбаты

размер шрифта: Aa | Aa
13.05.2010 22:52
«KAZENERGY» қауымдастығы маусының 2-де Алматы қаласында өтетін Қауымдастық Кеңесінің қарсаңында өз жұмысын қорытындылауда.
Бүгінде Қауымдастық мұнай-газ және энергетика салаларындағы отандық және шетелдік ірі компаниялардың басын біріктіріп қана қоймай, кәсіпорындардың дамуына жағдай жасау үшін заң жүйесін жетілдіруге де ат салысып жатыр. Себебі: заң жүйесі реттелгенде ғана кәсіпорындар гүлденеді, яғни, мемлекетке түсетін салық көлемі артады, өндіріс жаңартылады, және әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асады. Қауымдастық шеңберіндегі негізгі жұмыс Үйлестіру Кеңестеріне жүктелген. Қазір мұндай 10 кеңес бар. Олардың төртеуі мұнай-газ өндірісіне тікелей байланысты. «KAZENERGY» мамандарының бүгінгі жұмысы мен болашақтағы жоспарлары жайлы – Қауымдастықтың атқарушы директоры Нұрлан Өтенов әңгімелейді.

Мұнай-газ саласының мәселелерімен айналысатын 4 үйлестіру кеңесінде де тұрақты жұмыс топтары бар. Осылайша, Қауымдастықтың кез-келген мүшесі өзекті мәселелер бойынша пікірін білдіріп, ұсыныстар дайындауға қатысады. Қазір біз «Кейбір мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстарымызды пысықтап жатырмыз. Наурыз айында өткен Үйлестіру Кеңесінің жиынында осы мәселе қаралды. Онда бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар мен депутаттар өз ойларын жеткізді. Қызу пікірталасқа айналған осы жиында тараптар өз ұсыныстарын айтқан соң, сәуір айының ортасында біз тағы бір бас қосып, қауымдастықтың атынан жасалатын ұсыныстарды сараптадық.  Біздің қазіргі мақсатымыз: ұсыныстардың негіздемесін дайындау. Бүгінде «KAZENERGY» Қауымдастығының мүшелерінен келіп түскен ұсыныстарды бір жүйеге келтіріп жатырмыз. Енді ҚР Парламент Мәжілісінің жұмыс тобына осы ұсыныстарымызды енгіземіз.
 
Жалпы, заң шығаруға байланысты бізде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Біз осы саладағы барлық нормативтік-құқықтық актілерге қатысты сараптама жасауға қатысамыз. Менің ойымша, заң шығару – эволюциялық үрдіс, ол қоғамдағы қарым-қатынасты реттеу механизмдерін жетілдіріп, дамытуға бағытталуы тиіс. Заң шығаруға белсенді түрде араласып, біз, мұнай-газ және энергетика салаларының дамуына жағдай жасап, заң жүйесінің олқылықтарын жойып, заң нормаларына нақты түсініктеме беруге тырысамыз.
 
Қауымдастық мүшелерінің күнделікті тәжірибесіне негізделгендіктен, мұнай-газ және энергетика саласына қатысты заң жобаларына біздің енгізетін ұсыныстарымыз ерекше құнды деп санаймын.
Қауымдастықтың аса ден қоятын тағы бір бағыты – «KAZENERGY»  шеңберіндегі ынтымақтастықты күшейту. Өйткені қауымдастыққа 40-тан астам компания мүше, олардың ішінде отандық компаниялар да, шетелдік компаниялар да бар. Мұнша кәсіпорын біріккенде өте пайдалы идеялар туады. Мысалы: «Репсол» компаниясы геологтар мен геофизиктердің техникалық комитетін құруды ұсынды. Мұндай комитет көмірсутектерді барлаудың жаңа әдістері бойынша тәжірибе алмасып, Қашаған сияқты күрделі кеніштерді игерудің амалдарын бірлесіп талқылауға жағдай туғызар еді. Мұндай кен орындарындағы табиғи, геологиялық және геофизикалық жағдай ерекше.
 
Оларды игеруге қатысты пысықталған технология жоқ. Сондықтан, мұндай кеніштерді жаңа технология мен ғылыми ұсыныстарды сынайтын полигон деуге болады. «Репсол» компаниясының геологтар мен геофизиктердің техникалық комитетін құру туралы ұсынысы қарастырылды. Және бұл идея дамуда. Қазір «KAZENERGY» Қауымдастығының басқаруымен Мұнай-газ саласындағы геофизиктердің қоғамдастығын құру мәселесін талқылап жатырмыз. Бұл бастама іске асатын сияқты.
 
Кеніштерді игеру және жаңа технологияларды қолдануда шетелдік инвесторлардың тәжірибесі мол. Және шетелдік серіктестеріміз көрген-білгенімен бөлісуге дайын. Каспий теңізіндегі көмірсутек қорларын игеру бойынша өзара ынтымақтастықты күшейту үшін кезекті Қауымдастық Кеңесінде Теңіздегі мұнай-газ операцияларын дамыту жөніндегі Үйлестіру Кеңесін құру мәселесін көтермекшіміз. Сонымен қатар, ҚР Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесімен серіктестік туралы келісім-шарт жасамақ ойымыз бар. Бұл ынтымақтастық екі жаққа да тиімді болмақ.
 
Отандық ғылымды дамыту үшін Қауымдастық Қазақстан мұнай және газ институты мен басқа да ғылыми мекемелердің мүмкіндіктерін барынша пайдалануға шақырады. Мысалы: Қазақстан мұнай және газ институтымен бірігіп, біз бірнеше ғылыми жобаларды пысықтап, Қауымдастық мүшелеріне тараттық. Осылайша, егер институттың ғылыми жобаларына қандай да бір шетелдік компания қызығушылық білдірсе, біз еліміздегі ғылымды дамытуға ат салысып қана қоймай, мұнай-газ саласындағы отандық үлесті арттырамыз. 
 
Егер заң шығаруға қатысты айтсақ, биыл Қауымдастық трансферттік бағаның қалыптасуы жайла заң жобасы бойынша жұмыс істеді. Бұл орайда  Мәжіліс пен Сенатта заң жобасын қарастырудың барлық кезеңдерінен өттік. Қазір бұл заң жобасы Президентке жолданған. «KAZENERGY» көтерген бес мәселенің төртеуі аталған заң жобасына кірді. Қауымдастық белсене араласып отырған тағы бір құжат – Жер қойнауы мен оны пайдалану туралы заң жобасы. Бұл құжат 2008 жылдан бері талқыланып келеді. Қазір бұл заң жобасы Сенаттың қарауынан өтті де жоғарғы палатаның ұсыныстарымен Мәжіліске, келісу комиссиясына жіберілді. Сенат енгізген өзгерістердің арасында «KAZENERGY» Қауымдастығының ұсыныстары да бар. Мысалы: дау туған жағдайда Арбитражды Сотқа шағымдануға рұқсат беретін норма. Бұл мәселені шетелдік инвесторлардың бірі көтеріп, Сенат төрағасының атына хат жазған. «KAZENERGY» Қауымдастығы бұл бастаманы қолдап, ҚР Парламенті деңгейінде қарастыруға ат салысты.
 
Қауымдастық етене араласқан тағы бір заң жобасы мұнай өнімдерінің айналымына қатысты. Менің ойымша бұл өте маңызды құжат. Ол әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді. Бұл заң жобасына қатысты Қауымдастық мүшелерінің бірі өте орынды ұсыныс енгізді. Ол ұсыныс мұнай өнімдерімен қамтамасыз ететін көтерме саудагерлерді аккредитациялау тәртібіне қатысты. Заң жобасының қазіргі үлгісі бойынша әрбір көтерме саудагердің мұнай өнімдері базасы болуы тиіс. Ал, өз мұнайын өзі өңдейтін компания, бірден мұнай өнімдерінің көтерме саудагері деп қарастырылады. Яғни, мұнай тасымалдаушылар мұнай өңдеу зауыттарына тапсырыс беру жөніндегі Мұнай және газ министрлігінің жоспарын орындап қана қоймай, мұнай өнімдерінің базасын салуы тиіс. Егер сала алмаса, жалға алуы керек. Қауымдастық «көтерме саудагердің міндетті түрде мұнай өнімдерінің базасы болуы керек» деген норманы алып тастауды ұсынып отыр. Егер саудагер Мұнай және газ министрлігінің мұнай өңдеу зауытына тапсырыс беру туралы талабын орындап отырса, оған база сал деп талап қою артық. Бұл заң жобасында қызу талқыланып жатқан басқа да мәселелер бар. Мысалы: экспортқа кететін мұнай өнімдерін көтерме саудаға салу нормаларын нақтылау. Бұл мәселе көбіне мазутқа қатысты. Сонымен қатар, мұнай өнімдерін уақытында зауыттан алып кетпеген кәсіпкерлерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отырмыз. Себебі: уақытылы өнімдерін әкетпейтін кәсіпкерлер зауытқа зиян тигізеді. Жақын арада бұл заң жобасы Парламентке жөнелтіледі, сол кезде Қауымдастық мүшелері Мәжілістегі жұмыс тобының құрамында заң жобасы бойынша жұмыс істейді.
 
Қазақстанның Кедендік Одаққа кіруіне байланысты Кедендік Кодекс пен Салық Кодексіне енгізілетін өзгерістерді бөлек айтып өткім келіп отыр. Кедендік Одаққа қатысты біздің Қауымдастық қазір «Атамекен» экономикалық палатасы арқылы жұмыс істеп жатыр. Әзірге Қауымдастық мүшелері ерекше талап-тілек білдіріп жатқан жоқ. Көбіне жалпы сұрақтар қояды. Осы себепті Қауымдастық сайтында «Кедендік Одақ» деген бөлім аштық. Онда Қауымдастық мүшелері Кедендік Одақ туралы  толық ақпарат ала алады. Кедендік Одаққа қатысты Қауымдастық мүшелері мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж салығы жөнінде алаңдаушылық білдіруі мүмкін. Бұл мәселені талқылауға  сарапшылар бір жылдан соң оралатын шығар. Себебі: экспорттық  кедендік баж Ресейде қолданылады, Қазақстанда ондай салық салынбайды. Бізде экспорттық кедендік баж түсім салығына алмастырылған. Ал, Ресейде қазір Каспий мұнайына салынатын кедендік бажды алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Мүмкін осылайша, Кедендік Одақ шеңберіндегі кедендік тәртіптер бір сарынға түседі. Сол себепті, әзірге әліптің артын бағып отырмыз.
 
Салық Кодексіне келетін болсақ, өкінішке орай, осыдан бір жыл бұрын біздің барлық ұсыныстарымыз ескерілген жоқ. Дегенмен, Салық Кодексін жетілдіру – циклдық жұмыс. Бұл құжатты бір ретке келтіруге әлі бірнеше жыл уақыт керек. Мысалы: геологиялық және технологиялық жағынан күрделі кен орындарындағы жұмысты ынталандыру мәселесі әлі шешілмеген. Мұндай кен орындарына қатысты ерекше салық тәртібін енгізу туралы норма Салық Кодексінде бар. Бірақ, Кодекс бойынша, кен орындарын: пайдасы аз, тұтқырлығы жоғары, суланған деген сияқты төмен категорияға жатқызу-жатқызбауды, және мұнай кеніштеріне қатысты салық тәртібін ҚР Үкіметі шешеді. Алайда, бүгінгі күнге дейін бұл мәселеге қатысты үкіметтің қаулысы жоқ. Сол себепті, геологиялық және технологиялық жағынан күрделі кен орындарын игеріп жатқан компаниялар салық төлеуде еш жеңілдік алмайды. Осы орайда, «KAZENERGY» Қауымдастығы бұл тақырыпты үкімет деңгейінде, салалық министрлік деңгейінде, үйлестіру кеңестерінің деңгейінде талай көтерген. Әлі де осы мәселенің шешілуіне белсене араласамыз.
Жоғарыда айтылған бағыттардың барлығы бойынша, Қауымдастық әлі де жұмыс атқармақ. «KAZENERGY» Қауымдастығының мүшелері өз пікірлері мен ұсыныстарын билікке жеткізу үшін біздің бірлестікті пайдаланатыны әрине қуантады.  «KAZENERGY» - жаңа идеялар туатын, ұсыныстарды пысықтайтын жер, қауымдастық – мұнай-газ саласындағы мамандардың бірлесіп шыққан үні. Қауымдастықтың қаншалықты жемісті жұмыс істейтіні оның мүшелерінің белсенділігіне байланысты. Қауымдастық мүшелерінің еліміздің мұнай-газ және энергетика саласын дамытуға бағытталған кез-келген бастамасы мен ұсынысын жан-жақты қарауға әрі қолдауға біз әрдайым дайынбыз.
Известия-Қазақстан.  Астана, 4 мамыр
 
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту