«KAZENERGY» Қауымдастығының Төрағасы Т.А.Құлыбаевтың «ҚазТрансГаз» АҚ құрылғанына 10 жыл толуына байланысты салтанатты жиында сөйлеген сөзі

размер шрифта: Aa | Aa
16.04.2010 23:52
Құрметті әріптестер!
Бүгін баршамыз үшін ерекше күн – «ҚазТрансГаз» мемлекеттік газ компаниясының 10 жылдық мерейтойы.
 
Осы жылдар аралығында мұнай-газ саласындағы жалпы өнім 11есе артты, осылайша, Қазақстан ЖІӨ мұнай-газ саласының үлесі 12% - дан 22%- ға дейін өсті. Соңғы 10 жылдағы Қазақстанның экономикалық дамуы көбіне- көп мұнай-газ өндірісінің артуына байланысты: егер 2000 жылы мұнай-газ саласының ЖІӨ қосқан үлесі небәрі 7% болса, 2008 жылы 35% жетті. Және бұл мультипликативті әсерді есепке алмағандағы көрсеткіш.

Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Нақ осы мұнай-газ секторының арқасында, дағдарыстың кесірі азайды. Бұл орайда мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Ұлттық қор банк секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығындағы мәселелерді шешуге, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға көп септігін тигізді. Ал, бұл қордың басым бөлігі осы мұнай-газ саласының табысынан құралған.

Дүниежүзілік нарықта мұнай мен газ бағасының қымбаттауы және өндірістің қарқынды дамуының арқасында мұнай-газ саласынан түсетін салық 2000 жылдан 2008 жылға дейін 13 есе артты. Яғни, 158 миллиард теңгеден 2,6 триллион теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, дағдарыс басталмай тұрған 2007 жылы банк саласы қазнаға құйған салық жалпы көрсеткіштің төрттен бір бөлігін ғана құрайтын. Бұл бір ғана «ҚазМұнайГаз» компаниясының төлеген салығымен пара-пар.
Осы он жылдықта мұнай мен газ өндірісі бірнеше есе артты, шетелдік инвестициялардың келуіне қолайлы жағдай жасалды, бұл салада мемлекеттің мүддесін қорғауға негіз қаланды.

Осы мерейтойда Қазақстан газ тасымалдау жүйесінің тарихын баршаның есіне сала кетуді жөн көріп тұрмын. Кеңес дәуірінде газ тасымалдау магистральдары Ресей және Өзбекстаннан басқарылатын. Одақ ыдыраған соң, газ тасымалдау жүйесін басқару Есет Роватұлы Әзербаев бастаған «Қазақгаз» компаниясының мойнына жүктелді. Бұл жүйені жөндеп, ары қарай дамыту үшін қомақты қаражат керек болды. Алайда, ол кезде Қазақстан бұл күрделі мәселені шешуге қауқарсыз еді. Экономикалық қуатымыз екі есе азайған, қиын-қыстау 90-шы жылдары үкімет Қазақстан Республикасының газ тасымалдау жүйесін шетелдік инвестордың қолына уақытша тапсыру жайлы шешім қабылдады.

Алайда, шетелдік инвестор – Трактебель компаниясы, мойнына алған міндетті атқара алмады. Осының нәтижесінде, 2000 жылы президент газ тасымалдау жүйесін мемлекеттің иелігіне қайтару туралы күрделі, бірақ стратегиялық жағынан өте маңызды шешім қабылдады. Сол жылы Үкімет «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамын құру туралы қаулы шығарды. Қазақстанның газ тасымалдау активтерін басқаратын жаңа компанияның президенті болып Ұзақбай Сүлейменұлы Қарабалин тағайындалды.

Трактебель Қазақстаннан кеткен кезде магистральді газ құбырларының көбі мүшкіл халде болатын.Сондықтан, «ҚазТрансГаздың» басты міндеті -  елдің газ тасымалдау жүйесін жөнге келтіріп, жаңартып, техникалық жағынан жабдықтау болатын.  Ең алдымен «Орта Азия - Орталық» еліміздің газ тасымалдау артериясын жөндеу керек еді.
Бұл шаруаны іске асыру оңай емес болатын. Бірақ, «көз қорқақ, қол батыр» демекші, компания 2000 – 2009 жылдар аралығында 800 шақырым жаңа ішкі магистральді құбырларды салып шықты. Еліміздің газ тасымалдау жүйесіне 240 миллиард теңге қаражат құйылды. Осының арқасында біз газ тасымалдаудағы мүмкіндіктерімізді жылдан жылға арттырып келеміз. Мысалы былтыр, 190 миллиард текше метр газ тасымалданды. Ал, 2000 – 2009ж.ж. тасымалданған газ көлемі бір триллион текше метрден асты.

Бірлескен әрекеттің арқасында, қыруар жұмыс атқарылды. Бүгінде «ҚазТрансГаз»  - мұнай-газ саласындағы ең табысты компаниялардың бірі. Компания 10 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. «ҚазТрансГаздың» ұлттық операторға айналуы біздің шетелдік әріптестермен тең дәрежеде жұмыс істеуімізге мүмкіндік берді. Мысалы: «Газпром». Ресеймен бірлескен «КазРосГаз» кәсіпорны Қарашығанақ газының маркетингісін өз мойнына алып отыр.

«ҚазРосГаз» бірлескен кәсіпорнының арқасында Газпроммен ынтымақтастық күшейіп, Қазақстанға импортталатын газдың бағасы қымбаттаған жоқ. 2007-2008 жылдары барлық елдерде газ бағасы өсіп жатқанда, жеке табиғи қоры мен транспорттық мүмкіндіктерін пайдаланған Қазақстан, бағаны сол қалпында ұстап қалды. Қазақстан мен Ресей арасында газ саласындағы ынтымақтастық жайлы үкіметаралық келісімнің арқасында, «ҚазРосГаз» айырбастау операцияларын жүзеге асырып, шетелдік газға тәуелді облыстар газбен түгелдей қамтамасыз етілетін болды.

Сонымен қатар, Газпроммен келіссөздің арқасыда «ҚазРосГаз» Қазақстан мен Ресей шекарасында Қарашығанақ газының экспорттық бағасын 240 долларға жеткізді.  
Қазақстанның транзиттік потенциалын ерекше атап өткім келеді. Бұл сала ел экономикасының дамуына тірек болатын бағыттардың біріне айналып барады. Бұл тұрғыда 2007 жылы қол қойылған үкіметаралық келісім бойынша салынып жатқан Қазақстан – Қытай газ құбырын атап өтпесе болмас.

Қазақстан –Қытай газ құбырының жылына  30 миллиард текше метр газ тасымалдайтын бірінші учаскесі  Орта Азия газын Қазақстан арқылы Қытай шекарасына дейін жеткізеді. 1300 шақырымдық бұл құбыр 16 айда салынып бітті. Бұл жоба Орта Азия газының тасымалдану бағыттарын диверсификациялап, көгілдір отынды Қазақстан жері арқылы өткізгеніміз үшін қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

Қазақстан  - Қытай газ құбырының екінші учаскесі көгілдір отынды Республикамыздың батысындағы газ өндіруші облыстардан  Қызылорда, ОҚО мен Алматы қаласына дейін жеткізуге жол ашады. Осы жоба жүзеге асқанда Өзбекстанның газына тәуелді оңтүстік аймақтар түгелдей отандық газбен қамтамасыз етіледі.

Аталған жобалар «ҚазТрансГаздың» халық пен өндірісті газбен қамтамасыз етіп, газ құбырлары өткізілген елді мекендер санын арттыру сияқты басты мақсатына жетуге көмектеседі.
 Трактебельдің активтерін сатып алғанда «ҚазТрансГаз» Алматы қаласының энергокомплексі – АПК-ны да иеленді. Бұл активтер «Самұрық – Энерго» компаниясының құрылуына негіз болды. Бүгінде бұл компания Қазақстан тұтынатын электр энергиясының тең жартысын өндіріп отыр.

Осылайша, «ҚазТрансГазды» табысты мемлекеттік менеджменттің тұңғыш қарлығашына теңеуге тұрарлық. Оның үстіне, «ҚазТрансГаз» бен «Самұрық-Энерго» сол кезде болған активтердің негізінде құрылса, басқа компаниялар тақыр жерде пайда болды деуге болады.  Бұл – танкерлік флот, Каспий теңізіндегі мұнай операцияларын қолдау флоты, жағалаудағы инфрақұрылым, «ҚазМұнайТеңіз» және басқалары.

Біз бизнестің жаңа бағыттарын құрып қана қоймай, қысыл-таяң уақытта отандық машина жасау өндірісіне де қолдау көрсеттік.

Елбасының стратегиялық активтерді мемлекет меншігіне қайтару жайлы тапсырмасын орындай отырып, «ҚазМұнайГаз» үш мұнай өңдеуші зауытты қайтарып алды. Бұл – мұнай өнімдерінің нарығын реттеп, бағаны қадағалап, ауыл шаруашылығын жағар-маймен қамтамасыз етуге септігін тигізді. Мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялап, Атырау облысында жаңа газ-химиялық сала қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, мемлекеттік бюджеттің табысын арттыруға мүмкіндік туды.

«ҚазМұнайГаз»  Қашаған, МаңғыстауМұнайГаз, Қаражамбас, ПетроҚазақстан, ҚазГерМұнай сияқты жобалардың үлескеріне айналды.
Соңғы 10 жылда мұнай-газ саласында бірлесе істеген жұмысымыз, бизнестің табыстылығы мен алға қойылған міндеттерді орындау   - компаниядағы адамдарға байланысты екенін дәлелдеді. Жанын салып жұмыс істейтін азаматтар болса, кез-келген мақсатқа жетуге болады.
Сондықтан, мен бүгін осы салада көп жыл тер төккен ардагерлерімізді еске алғым кеп тұр. Осындай мерейтойда Чумаков Владимир Яковлевич, Әзербаев Есет Роватович, Яценко Анатолий Михайлович, Никишин Валентин Иванович, Кушкенбаев Амангелді, Наушиев Танбай Есеналиевич, Штоппель Готлиб Готлибович, Лехман Владимир Иванович және басқаларын атап өтпесе болмайды. Біз бұл ардагерлерді ұмытпауымыз керек,әлі де арамызда жүргендерінен тәлім алып, зейнетке шыққандарына қолдау көрсетіп тұрғанымыз абзал.
Осы залда отырғандардың барлығын, компрессорлық станциялар мен кеніштерде жұмыс істеп жүргендерді «ҚазТрансГаз» АҚ 10 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту