Cараптамалық қорытынды

размер шрифта: Aa | Aa
14.04.2010 18:14

Қазақстан мұнайын біріге отырып өндірудегі Қытай қатысқан компаниялардың үлестері 2020 жылға таман 20,1%, яғни 2010 жылдағы 25 млн 135 мың тоннадан 20 млн 074 мың тоннаға дейін қысқарады.

Осы және басқа да мәліметтер ҚР Мұнай және газ министрлігінің ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары тарапынан мұнай өндіру және барлау саласына Қытай компанияларының қатысуы, олардың эконмикалық қызметі, инвестициялық және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруы жөніндегі түскен сауалдарына берген ресми жауабында жарияланған болатын.


Сұрауыңызға жауап   
  Қазақстан Республикасы
   Парламент Мәжілісінің
         депутаттарына

Қадірлі депутаттар!


Сіздердің 11.03.10 жылы жолдаған №09-10-190  сауалдарыңызға жауап
Депутаттар: К. Сағадиев., М. Итеғұлов., К. Жақыповқа.


     Қазақстан Республикасының мұнай және газ министрлігінің (келесі де  министрлік) Сіздердің 11.03.10 жылы жолдаған №09-10-190 сауалдарыңызға  әзірлеген жауабы мынандай:
   Министрлік мемлекеттік саясатты берік ұстанатын құзырлы мекеме.  Инвесторлармен қарым-қатынас орнату мәселесінде ең алдымен, ұлттық мүддені қорғап, Қазақстан Республикасының заңдарың, құқықтық-нормативті актілеріндегі шарттардың орындалуын талап етеді. Айта кетерлік тағы бір жәйт, оларды, яғни инвесторларды Қытай, АҚШ, Канадалық деп жіктемейді. Өйткені, бәріне қойылатын міндет бір. Шетелдік инвесторлармен ортақ іс жүргізбес бұрын мемлекеттің ұзақ мерзімге белгілеген даму стратегиясына бейімділігі және ел басшылығы міндеттеген мақсаттардың орындалуына тигізер пайдасы ескеріледі.
    Мемлекет Қазақстан экономикасының дамуына серпін берер, стратегиялық маңызы зор салаға шетелдік инвесторларды жұмылдыру саясатын белсенді түрде жүргізе бермек. Іс-қимылдардың бәрі экономикалық тиімділік, ұлттық мүдденің сақталуы сияқты принциптерге негізделеді. Әсіресе, бәсекелестікті арттыру жолымен сөзі мен ісіне адал инвесторларды іріктеп, өзара қарым-қатынастырды  одан әрі жақсартуға мүмкіндіктер ашады.
     Еліміз өз мезгілінде көп векторлы саясатқа арқа сүйеді. Бұл кен игеру жобалары төңірегінде әділ бәсекелестік қалыптастыруға жәрдемдесті. Қазір отандық мұнай-газ нарығында АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Қытай, Жапония сияқты көптеген елдердің компаниялары бар. Олар тәжірибе бөлісіп, саланың өркендеуіне қажетті жаңа технологиялар, қаражат құйды.
Инвесторлармен жұмыс мәселесіне бойласақ, стратегиялық инвесторлардың да барын айтқан жөн. Олар Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары келді. Әлбетте, жылдан-жылға нарық өзгерген сайын, «инвесторлар ортасының» географиялық ауқымы да кеңейеді. Қазақстандағы экономикалық ахуалдың жақсы екендігін сездіретін көрсеткіш.
    Шетелдік әріптестермен іс жүргізу пошымы да Президент жанындағы шетел инвесторлары кеңесі аясында  өзгеріп тұрады. Мемлекет басшысы, өз сөзінде: «сан алуан мүмкіндіктерді ескеріп, көмірсутегі нарығындағы өз орнымызды айқындап, жан-жақты байланысты жүргізу керектігін және инвестиция тартуды ғана көздемей, шикізатымызды өзге нарықтарға тасымалдау жолын табу қажеттігін»,- қадап айтқан еді. Бірнеше жылдан бері Қазақстан көмірсутегін экспорттайтын небір амалдарды пысықтап, қарастырып жатыр. Осы шаруаны шетелдік әріптестерімізбен (Қытай жағы да бар) бірлесе атқарып жатқан жайымыз бар.
    Министрлік инвесторлардың келісім-шартқа сәйкес, алған барлық міндеттемелердің орындалуын қалтықсыз қадағалайды. Оларды шығу тегіне, иә болмаса ұлттық ерекшеліктеріне қарап ешқашан бөлген емес және бөлмейді. Ең бастысы, барлық міндеттердің орындалуын бақылау. Республика бойынша, істеп жатқан күллі шетелдік компаниялардың қызметіне ұдайы мониторинг жүргізіледі. Экологиялық, әлеуметтік жауапкершілік күшейтілді. Қазақстан үлесін арттыру мәселесін де үнемі назарымызда ұстап отырмыз.
    Кен игерушілердің келісім-шарт міндеттемелерінің орындалуын қадағалап, мониторинг жүргізуді мемлекеттік органдармен бірлесіп атқару мәселесі  - ҚР Үкіметінің 2002 жылы 29 желтоқсанда  «ҚР кен игеру мониторингін ұйымдастырудың біртұтас мемлекеттік жүйесін құру тәртібі» туралы № 1444 қауылысына және 2007 жылы 1 қазанда шыққан  № 863-1  «Кен игеруге берілген келісім-шарттардағы талаптардың орындалуын қадағалап, мониторинг жүргізу тәртібін бекіту Ережесі» туралы құжаттардың негізінде жүргізіледі. 
    Инвесторлар келісім-шарттардағы талаптарды бұзып, елдің экономикалық мүддесіне қайшы келетін тірліктерге жол берсе, мемлекеттің құзырлы органдары ұлттық заңның және халықаралық ережелердің негізінде Қазақстан мүддесін қорғауға тиісті. Осы орайда, Қашағанды мысал ретінде келтіре кеткен жөн.
Инвесторларды тарту Қазақстан заңдарының негізінде жүргізіледі. Ашық тендерлер өткізіліп, нәтижесінде отандық мұнай-газ саласының дамуына көмек берер ең тиімді ұсыныстар іріктеледі. Ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, бұра тартуға жол берілмейді.
Кен орындарын инвесторларға беру тәртібі осы істі жүргізуге мүдделі барлық мемлекеттік мекемелердің қатысуымен іске асырылады. 
     «Кен және кен игеру» туралы ҚР Заңының 71 бабын іске асыру мүмкіндігі туып отыр. Ведомствоаралық комиссияның жасаған қорытынды шешімі де үлкен нәтиже беретін болды.
      Биылға (1 қаңтар 2010 ж) берілген мәліметке лайық, республикамызда ҚХР-ның үлесі бар 15 компания қызмет істеп жатыр. Олардың меншік үлесі 50 пайыз бен 100 пайыз арасында. Қытайлық үлесі бар ірі компаниялардың тізімінде:  «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» ЖШС БК,  «Петро Қазақстан Кұмкөл Ресорсиз» АҚ бар ( Қосымша №1 көріңіздер).
alt
     Назар аударатын тағы бір жәйт, ҚХР-ның компаниялары мұнай-газ кен орындарын аларда 100 пайыз қаржысын төлеп алды. Сатып алған кен орындарының 50 пайыз үлесін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қайырып берді. Қытайлық инвесторлармен жүргізілген барлық келісімдер Қазақстан Республикасы  заңдарының негізінде толық іске асырылды. (Қосымша №2 көріңіздер)
      Компаниялар жылына 7 мың тоннадан - 6 млн 050 мың тонна мөлшерінде мұнай өндіреді. Мәселен, 2010 жылы СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ААҚ - 6 млн 050 мың тонна; «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – 5 млн 569 мың тонна; «Петро Қазақстан Кұмкөл Ресорсиз» АҚ - 3 млн 187 мың тонна; «Қазгермұнай» ЖШС БК – 3 млн 099 мың тонна; 
     Айта кетерлік жәйт, жылдан-жылға олардың өндіретін мұнай көлемі 20,1 пайызға кеми бермек. Жалпы өндіретін мұнай мөлшері биыл 25 млн 135 мың тонна, ал 2020 жылы 20 млн 074 мың тонна болады. (Қосымша №3 және Қосымша №3.1 көріңіздер).
alt
      Қытай инвесторлары көбінесе мұнай-газ қоры азая бастаған - «су ала бастаған» кен орындарын игереді. Яғни, шығынды көп қажет ететін бейнеті көп жобаларға келді. Келісім-шарттарға сәйкес, Қытайлық компанияларға салық жеңілдіктерінің мүлдем берілмейтіндігін де ескертеміз.
     2009 жылдың нәтижесі бойынша, Қазақстанның көмірсутегі секторына Қытайлық үлесі бар компаниялар (таза қытай компаниялары емес, құрылтайшылары аралас компаниялар) - 4 млрд 172,8 млн АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция құйды.  (Қосымша №4 көріңіздер)
     Енді кәсіпорындардағы өндірістік ахуал туралы. Компанияларда қызмет істейтін жұмысшылардың басым көпшілігі отандық мамандар. 2010 жылдың 1 қаңтарында берілген дерекке сәйкес, қытай үлесі бар компанияларда келісім-шарт бойынша 17 733 азамат істейді. Олардың 17 519 қызметкері Қазақстан азаматтары. Яғни, жұмысшылардың 98,8 % - біздің адамдар. Ескертетін тағы бір мәселе - ҚР аумағында істейтін шетелдік еңбек күштерінің санын шектеу, иә болмаса, жұмыс істеуге рұқсат беру міндеті – ҚР мұнай және газ министрлігінің құзырына кірмейді.
    Бұл компаниялар келісім-шартқа сәйкес, өздері қызмет істейтін аймақтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту ісіне көмек беріп жатыр. 
     Былтыр әлеуметтік салаға және жергілікті инфрақұрылымды жетілдіруге деп 34,7 млн АҚШ доллар жұмсалды.
Белсенді әріптестіктің дәлелі ретінде Ақтөбе облысы әкімшілігі мен «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасында қол қойылған меморандумды айтуға болады. Құжатқа лайық, кәсіпорын жыл сайын мәдениет, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, тұрғындарға әлеуметтік жәрдем көрсетуге деп 6 млн АҚШ долларына пара-пар жобаларды қаржыландырады. Одан бөлек, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың ауылды көркейту бастамасын қолдау мақсатымен жылда 1 млн АҚШ долларын беріп келеді.
     «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ демеушілікке 1997 – 2009 жылдар аралығында 50 млн АҚШ долларын бөлді.
    Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету меморандумы бойынша, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ биыл аймақтың әлеуметтік даму бағдарламасына енген жобаларға 3 млн доллар бөлмекші. Былтыр мазмұны ұқсас жобаға 1,3 млн АҚШ доллар мөлшерінде қаржы берілді. 
     Кен игерушілер қаржы-қаражатты келісім-шарт негізінде, жергілікті атқарушы органдармен пысықтаған соң бөледі. «Кен және кен игеру» заңына лайық, облыстық атқарушы органдар мен республикалық маңызы бар шаһарлар кен игеруші компаниялардың келісімдерді қалай орындап жатқанын мониторинг жасау жолымен қадағалай алады.
      Аймақтың әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарға сеніп тапсырылған. Сондықтан, өңірдегі шенеуніктер мен мұнай компаниялары басшыларының жеке қарым-қатынасы да аймақтың дамуына сөзсіз әсер етеді.
      Қазақстан мұнай-газ саласындағы диверсификациялау бағытын белсенді түрде пайдаланып келеді. Соның арқасында соңғы бірнеше жылда шикізатты экспорттауға мүмкіндік беретін мұнай-газ құбырларының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Қытаймен энергетикалық саладағы әріптестікті нығайту керектігін уақыт көрсетті. Нәтижесінде: «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры, «Қазақстан-Қытай» газ құбырының қазақстандық бөлігі салынды. Былтыр қазанның 24-інде мемлекеттік комиссия 10 млн тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігі бар «Кеңқияқ-Құмкөл» кешенін пайдалануға беру туралы актіге қол қойды.
      Қазақстан экспорттық бағыттарды әлі де кеңейте түсу мәселесін белсенді түрде қарастырып жатыр. 2009 жылы 15-16 желтоқсанда «КТК-Р» ЖАҚ директорлар Кеңесі мен «КТК-К» АҚ акционерлер жиналысында КТК-ның мұнай экспорттау мүмкіндігін 67 млн тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі жобасы мақұлданды. Іске асырылған соң, Қазақстан жыл сайын осы бағытпен 50 млн тонна мұнай тасымалдауға мүмкіндік алады. 
      Былтыр қазан айында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік ұлттық компаниясы (ГНКАР) Транскаспий жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін бірлесіп жасау туралы келісімге қол қойды. Уағдаластыққа сәйкес, Қазақстан 23 млн тонна мұнай экспорттай алады. Шығынын теңдей бөліседі.
     Мұнай және газ министрлігі  қазақстандық үлесті ұлғайту үшін кейбір келісім-шарттардың мазмұнын қайта талдап, өзгертулер жасауға кірісті. Негізгі ой – отандық мамандарға көбірек жұмыс орындарын ашу, жергілікті тауар өндірушілердің өнімі мен көрсететін қызмет түрлеріне сұранысты арттыру.
     Осылайша, біз кен игеру жобаларындағы мемлекеттік мүддені қорғап келеміз.

Қосымша: 12 бет.

Министр                                                                  С.Мынбаев

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту