Астанада Қазақстанның энергетикалық саласындағы басты оқиға – KAZENERGY VII Еуразиялық Форумының ашылуына арналған баспасөз мәслихаты болып өттi

размер шрифта: Aa | Aa
20.09.2012 10:27

Астана. 20 қыркүйек, 2012 ж.
Астанада Қазақстанның энергетикалық саласындағы басты оқиға – KAZENERGY VII Еуразиялық Форумының ашылуына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Салалық жиын өз жұмысын бірнеше күннен кейін бастамақ. Энергетикалық индустрияның соңғы тенденциялары мен өзекті мәселелерін талқыға салып, уақыт тезін белгілеу мақсатында Елордада әдеттегідей халықаралық ірі энергетикалық ұйымдардың басшылары, ресми тұлғалар, отандық және шетелдік салалық компаниялардың жетекшілері, әлемдік деңгейдегі беделді сарапшылар, шетелдік масс-медиа өкілдері жиналмақ.


altЭнергетикалық форум барысындағы ең елеулі оқиға – биыл қазақ жерінде алғаш рет Дүниежүзілік мұнай қорының  (WPC) отырысы өткізілмек. Форум аясында жоспарланған осы және өзге де шаралар тұрғысында баспасөз мәслихатына қатысқан KAZENERGY Ассоциациясының Бас директоры Жамболат Сәрсенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Данияр Берлібаев, KAZENERGY Ассоциациясының Атқарушы директоры Рустам Жүрсінов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарушы директоры Валерий Ли, ҚР Энергетика, даму және сауда министрлігінің Сауда комитеті басқармасының басшысы Сергей Щербак және KAZENERGY Ассоциациясының жастар комитетінің өкілі Руслан Сорокин әңгімелеп берді. Астанадағы Тәуелсіздік Сарайында өтетін Еуразиялық Форумның биылғы тақырыбы «Өзгеріс кезеңіндегі әлем: энергетикалық тұрақты болашақты қалыптастыру» деп аталады.

Үстіміздегі жылдың 2-3-ші қазанында Қазақстан астанасында өткізілетін KAZENERGY VII Еуразиялық Форумының мән-маңызына тоқталған  KAZENERGY Ассоциациясының Бас директоры Жамболат Сәрсеновтың айтуынша, алдағы жиынның тақырыбы өте өзекті әрі заман талабына сай таңдалған. Ұзаққа созылған экономикалық рецессия салдарында әлем қазір турбуленттік жағдайда. Оның сыртында Таяу Шығыстағы оқиғалар мен Еуропадағы қаржы дағдарысы да энергетика саласындағы өзгерістерге әсер етпей қойған жоқ. Сондықтан да, KAZENERGY форумы Орталық Азия аймағында және бүкіл әлемде тұрақты энергетикалық болашақтың негізін қалауға ықпал етуші басты фактордың бірі болатыны анық.

- Жыл сайын біздің Форумға ірі де іргелі мұнай ұйымдарының басшылары келіп қатысады. Биыл Дүниежүзілік мұнай ұйымының атынан Еуразиялық Форумға аталған ұйымның жаңа президенті Ренато Бертани қатысқалы отыр. Бертани мырза Дүниежүзілік мұнай ұйымының отырысын Астанада өткізу туралы біздің ұсынысымызды қабыл алып, қолдау көрсеткенін айта кету керек, - деді БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Жамболат Сәрсенов. - Кеңес отырысына және артынан Еуразиялық Форум жұмысына қатысуға Дүниежүзілік Мұнай ұйымының ұлттық комитеттері командаларымен түгел келіп, қатыспақ.

- Яғни, алпыс шақты ұлттық комитеттен шамамен жүзден астам адам келуі тиіс. Олар Дүниежүзілік мұнай кеңесінің қатысушылары. Бұл өте жоғары деңгейдегі жиын. Өйткені Мұнай кеңесінен кейін, әдетте тұғыр мәртебесі бұдан да жоғары – Дүниежүзілік мұнай конгресінің кездесулері ұйымдастырылады. Тәртіп бойынша Конгресс төрт жылда бір рет өткізіледі,  - деп түсіндірді Сәрсенов мырза.

Дүниежүзілік мұнай конгресінің кезекті отырысы 2014 жылы Ресейде өткізілетіні белгілі. Энергетикалық ортада «Мұнай Олимпиадасы» деп танылған бұл шараны өз жерінде өткізуге Қазақстан да үмітті.

Ал, биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған KAZENERGY форумының тақырыптары, Сәрсенов мырзаның айтуынша, республиканың ресми билігі мен мұнай-газ компанияларының жұмыс нәтижесін ескере отырып таңдалған. Бұл нәтиже негізінен Қазақстанның энергетика саласындағы экономикалық жағдайдың тұрақтылығын көрсетіп берді. Енді ел экономикасының тұрақты дамуының негізгі талаптарын анықтайтын кез келді. Ал, бізде ел экономикасының жетекші күші мұнай-газ саласы болып табылады.

Естеріңізге сала кетсек, Еуразиялық форумға өте ірі мұнай-газ және энергетикалық корпорация өкілдері қатысып, бірқатар ғаламдық маңызды мәселелерді талқыға салмақ. Атап айтсақ, энергетикалық серіктестік және қауіпсіздік, геологиялық барлау, мұнай өңдеу және мұнай химиясы, сол сияқты қайта қалыпқа келтіруге болатын энергия көздері мен атом энергетикасының мәселелер талқыға тсүпек.
 

- Мен сіздерді ірі мұнай компаниялары мен трансұлттық компаниялардың ашықтығына, жалпы, мұнай секторындағы айқындылыққа арналған секция жұмысына назар аударуға шақырамын. Бұл тұрғыда жемқорлық пайым-әрекет тудыратын жағдайларды шектеп, тыйым салуға мүмкіндік беретін тетіктер сөз болады, - деді Жамболат Сәрсенов. - Дүниежүзілік мұнай кекесінің президенті Ренато Бертани біздің министрлермен кездесуде осы тұрғыдағы мол тәжірибесін ортаға салады. Сол сияқты бұл секцияда өндіруші салалардағы айқындылық ұсынысы бойынша ұлттық комитет жүргізген жұмыс нәтижесі де талқыланады. Әлбетте, бұл мәселелер өте маңызды әрі өзекті, сондықтан да, оларды міндетті түрде талқыға шығару керек, - деп қосты ол.

Форум барысында, сондай-ақ «Файнэншл Таймс» басылымының ұйымдастыруымен Қазақстандағы газ секторын дамыту мәселелері бойынша арнайы бизнес-ланч жоспарланған. Сол сияқты бірқатар мамандандырылған «дөңгелек үстел» түріндегі кездесулерде салық салу, мұнай-газ компанияларының жұмысындағы заңнама және кадрлық ресурстарды алмастыру мәселелері де өз алдына талқыға түспек.
Тағы бір маңызды жайт — Астанада «EXPO-2017» шарасын өткізу мәселесі. Жамболат Сәрсенов, бұл шараны Қазақстанда өткізу үшін KAZENERGY бар күшін салатын болады дегенді атап өтті.

- Бұл біздің аймақ үшін өте маңызды. Біз Дүниежүзілік мұнай кеңесіне қатысушы елдердің ұлттық комитетін бізге осы мәселеде қолдау көрсетуге шақыратын боламыз. Шешім үстіміздегі жылы қазан айында шығарылады», - деді Сәрсенов мырза.

Өз тарапынан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма Төрағасының корпоративтік даму жөніндегі бірінші орынбасары Данияр Берлібаев, ҚМГ ұлттық компаниясы қыркүйектің 26-17-де Ақтауда KAZENERGY атынан Батыс Қазақстанға инвестиция тартуға арналған форум өткізетінін мәлім етті.

- Біз форум алдында жергілікті өнім өндірушілермен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, біздің өзге де серіктестеріміз – мұнай-газ компанияларымен нақты жұмыс жүргізетін боламыз. Яғни, еліміздің батысында жаңа өндіріс ошақтарын ашуға сұраныс жасау мақсатында, - деп түсіндірді «ҚазМұнайГаз» өкілі. - Сөйтіп, Ақтаудағы конференция нәтижесі бойынша біз Астанадағы KAZENERGY алаңында өзіміз қолдау көрсетіп отырған жаңа өндірістер жайында мейлінше нақты әлі толық әңгімелеп бере аламыз.

Баспасөз мәслихатына қатысқан сала өкілдері отандық экономикадағы жаңа бағыт – «жасыл энергетиканы» дамыту мүмкіндігіне де оңаша тоқталды. Олардың айтуынша, бұл бағыт елдің энергетикалық қамтамасыз ету мәселелерін шешуде басымды бағыттың бірі болмақ. 

KAZENERGY Бас директорының айтуынша, алдағы форумның күн тәртібіндегі жаңалықтың бірі – Ассоциацияның шілде айындағы Кеңес шешімі бойынша әзірленген Ұлттық Энергетикалық есеп. Бұл ауқымды құжатта еліміздің энергетикалық жағдайы мен ресурстық әлеуетіне баға берілген. Жылына бір рет жарыққа шығатын  «салалық есепте» көмірқышқыл нарығына жасалған сараптамалық талдау, баға конъюнктурасы және ұсыныс, болжам жарияланатын болады. Ассоциация мамандары бұл құжатты «өз жұмысының интеллектуалды нәтижесі және үкімет пен сала арасындағы пікірталасқа қосылған елеулі үлес» деп түсіндіреді.

- Форум барысында бұл есепті біз сарапшылардың назарына ұсынатын боламыз. Негізінен, бұл маңызды да ауқымды жұмысты әзірлеуге энергетика саласының отандық та, шетелдік те мамандары тартылатын болады,  - деді Жамболат Сәрсенов.  

Баспасөз мәслихатының соңында KAZENERGY Ассоциациясының атқарушы директоры Рустам Жүрсінов журналистерге мұнай-газ саласындағы заң мәселелеріне арнап өткізілетін «дөңгелек үстел» жөнінде қысқаша әңгімелеп берді. Жыл сайын Еуразиялық энергетикалық форум аясында өтетін «дөңгелек үстел» түріндегі кездесулерде заңгерлер, салық саласының мамандары, сарапшылар бас қосып, мұнай-газ компанияларының қызметін заңдық тұрғыдан үйлестіру мәселелерін талқыға салады.

- Біз қолданыстағы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер мен үкіметтің жоспарын, салалық компаниялардың ұсыныстарын, салық саясатын жетілдіру мен мемлекеттік сатып алудағы ұлттық мазмұнды ұлғайту мәселелерін талқыға салуды жоспарлап отырмыз, - деп әңгімеледі Рустам Жүрсінов. - Сол сияқты биыл жазда ассоциация Кеңесінің қорытындысында заңнама бойынша Сарапшылар кеңесі құрылып, KAZENERGY Ассоциациясына мүше мұнай-газ компанияларының заңгерлерімен қарым-қатынас негізінде тұрақты жұмыс істейтін «дөңгелек үстел» құрылды. Күн тәртібінде еңбек заңнамасының мәселелері бірінші тұр. Сонымен қатар Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу ұсынысы әзірленіп жатыр. «Жер қойнауы және жер қойнауын игерушілер» заңына өзгерістер енгізу жоспарланған.

KAZENERGY VII Еуразиялық Форумында әртүрлі форматтағы 20 шақты шара жоспарланған. Оларға 60 елден 100 шақты делегат қатыспақ. Жыл сайын Еуразиялық Форум аясы кеңейіп, деңгейі шыңдала түсіп, халықаралық қауымдастық тарапынан елеулі қолдау тапқан. Бұған дейін өткен алты форумның әрқайсысы өз тақырыбымен, өз бағытымен ерекшеленіп, әлемдік энергетиканы жаңартып, жетілдіру ұсыныстарымен есте қалды. Алдағы Жетінші Форум барлық қонақтарды ілтипат, қуанышпен қарсы алып, әлемдік энергетика саласының маңызды мәселелерін Еуразия жүрегі Астанада қызу талқыға салуға әзір.

KAZENERGY VII Евразиялық Форумының Бағдарламасы мен шығып сөйлеуге өз келісімін берген спикерлер тізімі және БАҚ өкілдерін тіркеу шарттары Ассоциацияның ресми сайтында: www.kazenergyforum.com  көрсетілген.

KAZENERGY баспасөз қызметі
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту