Қазақстандық мазмұнды арттыру – инвесторлар мен кәсіпкерлер бір-біріне сенім артып, өзара жақындаса түскенде мүмкін болмақ

размер шрифта: Aa | Aa
24.09.2012 10:30

Ақтау қ. 24.09.2012.  Ақтауда «Батыс Қазақстанда жаңа өндіріс ошақтарын салу» тақырыбында Инвестициялық форум өз жұмысын бастады. Шараның құрылтайшылары КAZENERGY Ассоциациясы, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ, Карашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В., North Caspian Operating Company және Теңізшевройл. Форумға  35 елден бес жүздей делегат қатысып отыр.

Форум делегаттарының назарына Қазақстанның батыс өңірінің экономикасын ынталандыру және мұнай-газ компанияларында жергілікті мазмұн ауқымын ұлғайту мүмкіндіктерін көрсететін Қазақстан үкіметінің бірқатар байсалды ұсыныстарының тұсаукесері мен баяндамалар ұсынылуда.

Форумның мақсаты – Қазақстанның батыс облыстарының әлеуетін дамытып, ауқымды мұнай-газ жобаларының қажеттілігін қанағаттандыра алатын жаңа өндіріс ошақтарын салу, сол сияқты батыс өңірінің экономикасындағы өзге де секторлардың жаңа инвестициялық мүмкіндіктерін анықтау. Бұл шара мұнайлы өлкеде жаңа жұмыс орындарынын ашып, экономикадағы жергілікті мазмұнды дамытуға дем беруі тиіс. Инвестициялық форумның бағдарламасы көрсетіп отырғандай, бұл шара аясында мұнай-газ саласымен қатар, ауыл шаруашылығына, машина жасау және туризм салаларына көңіл бөлініп, қайта пайдалануға болатын энергия көздерін дамытып, суды тазарту мәселелері де сарапқа салынбақ.

alt

Форумның ашылуында Ассоциация төрағасы Т. А. Кулибаевтың атынан KAZENERGY Ассоциациясының Бас директоры Жамболат Сәрсенов сөз сөйлеп, өз ілтипатын білдірді. Сәрсенов мырза, аталған Форум еліміздің батыс өңірі үшін ғана емес, жалпы республика аумағындағы маңызды шара дегенді баса айтты. KAZENERGY алғашқы құрылған кұннен-ақ ел экономикасындағы қазақстандық мазмұнды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. 2008 жылы Атырауда машина жасау саласы жабдықтарын тасымалдаушылар Форумы өтсе, араға бір жыл сала бұл Форум мұнай-газ секторына қажет химиялық реагенттер жеткізушілердің басын қосты. 2010 жылы Ассоциация «Басқару және қалдықтарды утилизациялау» форумын өткізіп, оған отандық және халықаралық 100-ден аса компания  қатысты. Ал, былтыр Астанада өткен Форум тақырыбы «Кешенді құрал-жабдықтар мен қосымша бөлшектер шығару» деп аталды. Яғни, бұл Форумдардың тақырыбы және географиясы жыл сайын өзгеріп отырады деген сөз. Жалпы, Форум жер қойнауын игерушілер мен кәсіпкерлердің ынтымақтастық аясы кеңи түсіп, ықпалдасудың жаңа тетіктеріне деген ізденіс жүріп жатқанын көрсетеді. Бұл тұрғыдағы жоспарлы жұмыс қорытындысы еліміздің инвестициялық жағдайына оңынан ықпал етіп, Doing Business рейтингінде 2012 жылы Қазақстан 47 орынға шықты. Сөйтіп, еліміз, инвестициялық жағдайы мейлінше қолайлы 50 елдің қатарына ене алды деп айта аламыз.

KAZENERGY Ассоциациясы бастаған отандық өнім жеткізушілермен жұмыс барысын қазіргі күні еліміздің мұнай-газ индустриясының пәрменді күші «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жалғастырып отыр.

Жамболат Сәрсеновтың айтуынша, бүгін елімізде отандық бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған, мәселен, жаңа өндіріс ошақтарын ашып, ескісін жаңарту бағытында мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетілуде. «Индустриалды-инновациялық қызметке мемлекеттік қолдау туралы» Заң өз күшіне енді, «Жол картасы - 2020»,  «Өнімділік - 2020» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Осылардың арқасында өнім сапасы артып, ел экономикасына жаңа технологиялар ендірілуде. Әйтсе де, мұнай-газ компанияларындағы жергілікті мазмұн көрсеткіші қазіргі күні әлі де өзекті мәселе ретінде қалып отыр. Бұл жайында үнемі айтылып та келеді, бірақ іс жүзінде жасалған іс-әрекет, нақты қадам әлі аз. KAZENERGY Бас директоры бұл тұрғыда жағымды мысал ретінде Басқарма Төрағасының Кеңесшісі лорд Дж. Д. Уеверлидің қолдауымен «ҚазМұнайГаз» компаниясы қолға алған шараларды мысал етті.

alt

«Қазақстандық мазмұнды дамытып, өсіру үшін тараптар бір-біріне қарай қадам жасап, жақындасуы керек. Яғни, билік тарапынан біржақты қысым жүріп, инвестор тек қорғануға мәжбүр болса, бұдан еш нәтиже шықпайды», - деп есептейді Жамболат Сәрсенов. Ол, сондай-ақ өз сөзіне мысал ретінде Ұлыбритания, Норвегия және Бразилияның тәжірибесін алға тартты. Кезінде бұл елдерде қолданылған серіктестік және ынталандыру әдістері мемлекет пен жер қойнауын игерушілер арасында тиімді пікірталас орнатып, жергілікті мазмұн мәселесі оңай шешілгені белгілі. Яғни, аталған елдердің үкіметтері мен жер қойнауын игерушілер арасында өзара түсіністік жөнінде Меморандумдар жасалып, қосымша жеңілдік, преференция көрсету мүмкіндіктері де ескерілді. Сөйтіп, жергілікті өнім өндірушілердің табысқа кенелуінің не сәтсіздікке ұшырауының себептерін анықтауда мемлекеттің белсенді рөлі де назардан тыс қалған жоқ.

Біздің бүгінгі кездесуіміз қазақстандық мазмұн мәселесіне жаңа  қырыннан қарап, жаңа көзқарас қалыптастыруға дем беруі тиіс, деп тұжырымдады өз ойын Сәрсенов мырза.

Айтқандай-ақ, бұл тұрғыдағы ұсыныстар 2-3 қазанда Астанада өтетін KAZENERGY VII Еуразиялық Форумы барысында кеңінен талқыға түсуі тиіс. Ақтаудағы Инвестициялық форум қазақстандық мазмұнды дамытып, ұлғайту аясындағы ауқымды жұмыстың бір тармағы ғана. Ал, Кәрі Каспий жағасында әзірленген ұсыныстар бір жүйеге келтіріліп, Елорданың Тәуелсіздік Сарайында жиналатын мамандар мен сарапшылардың талқысына ұсынылады деп пайымдалған.

KAZENERGY Ассоциациясының баспасөз қызметі

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту