KAZENERGY VII Еуразиялық Форумы: негізгі спикерлер, кеңауқымды жоспарлар, тың мәліметтер

размер шрифта: Aa | Aa
03.10.2012 10:31

Астанада «Өзгеріс торабындағы әлем: тұрақты энергетикалық болашақты қалыптастыру» деген тақырыпта VII KAZENERGY Еуразиялық Форумы өз жұмысын бастады.

altФорум басталған алғашқы сәттен-ақ мінберден өте маңызды мәлімдемелер жасалды. Мәселен, Қазақстанның премьер-министрі Серік Ахметов өз сөзінде Қазақстан Үкіметі шикізат тасу бағыттарын әртараптандыруды әрі қарай жалғастыра беретінін ескертіп, былай деді: «Тіпті әлемдік экономикадағы бей-берекетсіздікті есепке алған күннің өзінде, энергоресурстарға деген сұраныс бәрібір өсе береді. Біз энергоресурстарды тасымалдау бағыттары мен тұтыну нарықтарының аясын әрі қарай әртараптандыра беретін боламыз».

Серік Ахметов, сондай-ақ еліміздің өндірістік әлеуетін көтеру мақсатында жаңа инвестициялар тартудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлді.

«Үкімет инвестициялық климатты жетілдіріп, жеке сектормен өзара серіктестік қарым-қатынаста ықпалдасып жұмыс істеуді жалғастыра береді. Біз энергетикалық жобаларды әртараптандыруға мүдделіміз, бірақ инвестиция тартуда тек шикізат саласымен ғана емес, шикізатты тереңдетіп өңдеуге де барынша көңіл бөлеміз», - деп көрсетті Үкімет жетекшісі. Өз сөзінде Серік Азметов, сондай-ақ қайта қалыпқа келтіріп, пайдалануға болатын энергия көздеріне де тоқталды. «Біз қайта қалыпқа келтіріп пайдалануға болатын энергия көздерінің мүмкіндіктерін де ескеріп отырмыз, сондықтан да ел үкіметі осы саладағы бірқатар ірі жобаларға қолдау көрсететін болады. Ең алдымен күн энергиясы мен жел қуатын дамыту мәселесі. Қазақстан адами капитал мен инфрақұрылымды, технологияларды дамытуға қомақты қаражат салып отыр. Біз климаттың өзгеруі Жер халқы үшін бара-бара қауіп төндіре беретінін жақсы түсінеміз. Біздің «Энергия үнемдеу және қуат тиімділігі жөніндегі» Заңымыз осы мәселеге тікелей қатысты. Яғни, бұл Заңға сәйкес 2015 жылы өнеркәсіптің энергиялық сыйымдылығын 10%-ға және ағымдағы он жылдың соңына дейін 25%-ға азайту көзделген», - деп көрсетті Премьер-министр.

Форум барысында сөз алған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мұнай тасымалдау тақырыбына тоқталды. Министр мырза, Қазақстан мұнайы қазір іске қосылған негізгі тұрба құбырлары арқылы экспортталатын болады дегенді жеткізді. 2012 жылы Каспий тұрба құбыры консорциумы арқылы 29 миллион тонна қазақ мұнайы тасымалданады.

 «Қазір бұл тұрғыда кеңейту жобасы жүзеге асырылуда, соның нәтижесінде біз жылына 52 миллион тонна тасымалдай аламыз. Кеңейту жобасының 3 фазасы ескерілген, үшінші фазаны аяқтау мерзімі – 2015 жыл деп белгіленді. Бұл тұрғыда жұмыс тиянақты жүріп жатыр», - деді Сауат Мыңбаев, VII KAZENERGY Еуразиялық Форумында сөйлеген сөзінде. Үкімет, сондай-ақ «Қазақстан-Қытай» учаскесінің мүмкіндігін 20 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды да ойластырып жатыр. Әрине, негізгі бағыттың бірі болып «Атырау-Самара» тұрба құбыры қала бермек. Бұл бағытта биыл 15 миллион тонна мұнай тасымалданатын болады.

Сол сияқты, Министр мырза мұнайды теңіз арқылы тасымалдау мәселесіне де тоқталды. Ақтау теңіз айлағы арқылы 8 миллион тонна мұнай жүктеу көзделген. Бұл ауқымның бір бөлігі әрі қарай Махачкала арқылы Қара теңізге шықса, қалған бөлігі Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы тасымалданады. Қазақстан үшін бұл бағыттың тартымдылығы қуат күшінің молдығымен және коммерциялық тиімділігмен түсіндіріледі.

                   Сауат Мыңбаев мұнайды темір жол арқылы тасудың да өзіндік тиімді тұстары бар деп, бұл тұрғыда 7 миллион тонна мұнай тасымалдау жоспарланып отырғанын айтып өтті.

Форум барысында Қазақстандағы ірі кен көздерін өндіру мәселелері де ортаға салынды. KAZENERGY Қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, Қашаған кен орнында мұнай өндіру 2013 жылдың наурызында басталмақ. Тимур Құлыбаев, сондай-ақ бүгінгі таңда елімізде қазақстандық мазмұнды ұлғайту жөнінде, оның ішінде мұнай-газ саласында да ауқымды жұмыс жүріп жатқанын ескертті. Бұл мәселе Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің Астанада өтетін отырысында талқыға түспек. Тимур Құлыбаев, мұндай келісімге Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің президенті Ренато Бертанимен арадағы келісім барысында қол жеткізілгенін алға тартты.

«Бізде бір ғана жол бар — ол бәсекеге қабілетті өнім өндіру. Және де бұл өнім тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік нарықта тұтынуға жарайтын болады. Осыны сеніммен айта аламын» - деді KAZENERGY Қауымдастығының төрағасы.

 VII KAZENERGY Еуразиялық форумы барысында өз пікір-ойларын өзге де танымал тұлғалар ортаға салып, пікірталасқа өзек болар біраз тақырыпты қаузады. Мәселен, Болгарияның экс-президенті Петр Стояновтың айтуынша, Қазақстан мен Болгарияның арасында экономикалық ынтымақтастықты дамытып-өрбітуге барлық мүмкіндік бар. Оның пікірінше, екі елдің экономикалық ықпалдастығы әлі де өз деңгейіне жете қойған жоқ. Ал оған дем беру үшін Қазақстан мен Болгария арсында социализм кезеңінен қалыптасқан тарихи байланысты толық пайдалану қажет.

Жекелеген сарапшылар экономикалық дағдарыстың екінші толқынын болжап, әлем жұртын әуреге салған осы кезеңде VII KAZENERGY Еуразиялық форумының негізгі спикерлерінің бірі, Испанияның экс-премьер-министрі Хосе Мария Аснар оптимистік көзқарасқа толы екендігін байқатты. Оның айтуынша, Еуропа мен АҚШ-та экономикалық бәсеңсу, құлдырау сыр бермейді. Ол, сондай-ақ әлем экономиксындағы өсімнің 70%-ын құрап отырған Қытай, Үндістан, Бразилия буырқана дами береді деген де болжам айтады. Хосе Мария Аснар бүгінгі күнге: «Адамзатқа бірдей жалпы құндылықтар, яғни бейбітшілік, тұрақтылық, демократия, еркіндік дамып, жоғары өмір стандарттарын қамтамасыз ету кезеңі» деген сипат берді.

Оптимистік көзқарастағы пікір-ойын ортаға салған спикердің бірі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы Ләззат Киинов. Ұлттық компания төрағасы өз сөзінде, жағдай тіпті пессимистік сарында өрбіп жатқан күннің өзінде «ҚазМұнайГаздың» келешегі оптимизмге толы дегенді меңзеді. «Тіпті 2022 жылға қарай мұнай бағасы біршама құлдырап жатса да… көмірқышқыл шикізаты қоры бойынша шоғырланған көрсеткіш — біржарым миллиард тоннаны, мұнай және газ конденсатын өндіру — 35,4 миллион тоннаны, мұнай өңдеу — 19 миллионнан астам көрсеткішті құрайтын болады. Сөйтіп, компанияның өндірістік негізгі көрсеткіштері бойынша әжептәуір өсімге қол жеткізіледі. Жалпылай алғанда, Каспийдегі мұнай жобалары есебінен мұнай-газ конденсатын өндіру деңгейі 2022 жылға қарай салыстырмалы кезеңге шаққанда 1,6 есес өсуі тиіс", - деп мәлімдеді Ләззат Киинов. Ұлттық компанияның 2012-2022 жылдарға арналған Даму стратегиясы бойынша, "ҚазМұнайГаз" 10 жылдан кейін әлем бойынша мұнай-газ саласындағы ең ірі 30 компанияның қатарына кіруді мақсат етеді.

2013-2015 жылдарға қарай Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары толық жаңартылып, жаңартылады. VII KAZENERGY Еуразиялық форумында сөйлеген сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ләззат Киинов, мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуға 6 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат қажет болады дегенді жеткізді. Өңдеу зауыттарын жаңарту жобалары мұнай өңдеу ауқымын және өңдеу тереңдігін ұлғайтып, ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру ауқымын арттыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты, жанармай мен дизельді отын сапасы да жақсара түседі.

Форумның бірінші күні түстен кейін секциялар мен интерактивті пікірталастар түрінде жалғасты. Форум барысында KAZENERGY Қауымдастығы құрамындағы компаниялар өздерінің ең мықты әлеуметтік жобаларын ұсынды. Олардың ішінде «Теңізшевройл», «Лукойл оверсиз Сервис Б.В.» филиалы, Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В., «Павлодар мұнай химиялық зауыты», «Казатомпром» ҰАК» АҚ, «ТотальЭ&П Казахстан» және басқалары бар.

VII KAZENERGY Еуразиялық Форумы өз жұмысын сейсенбі 3-қазанда жалғастырды. Форумның екінші күні Азиядағы біздің жақын көршілеріміз Индонезия, Үндістан және Қытай елдері өкілдерінің баяндамаларымен ашылды. Тақырыптық секция барысында жаһандық энерго-экологиялық стратегия мен Қазақстанның «Жасыл өткел» ұсынысы кеңінен талқыға түсті. Ресми Астана ұсынған «Жасыл өткел» серіктестік бағдарламасын Қазақстанның жаһандық тұрақты дамуға қосқан үлесі деп білеміз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Жасыл өткел» жобасын қазіргі күні көптеген елдер қолдап отыр. Бұл бағдарлама экономикаға «жасыл», яғни табиғи жолдар мен технологияларды ендіре отырып, аталған салаға жеке бизнес секторын белсенді түрде тартуды көздейді. Сондай-ақ, бұл бағдарлама Еуропа мен Азия арасында серіктестік қалыптастырып, дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы технологиялық алшақтықты толтыруға арналған.

Форум аясындағы отырыстар барысында жоспарланған қайта қалыпқа келтіріп, пайдалануға болатын энергия көздері мен шағын және дәстүрлі емес энергия көздерін дамыту тұрғысындағы пікірталастар да мамандар тарапынан қызығушылық туығызды.

Форумның екінші күніне жоспарланған Дөңгелек үстел басқосуларында энергетика саласының басқарушы мамандарын дайындап, дамыту жөніндегі әлемдік ең озық тәжірибелер таныстырылса, екінші Дөңгелек үстел барысында «Қатпарлы табиғи тақтатас газын өндіру және қолданудың әлемдік тәжірибесі» талқыға түсті. Отырыс барысында газ өндірудің осынау дәстүрлі емес әдісі бойынша сарапшылар өз ойларын ортаға салды. Көгілдір отынның бұл түрін өндіру қазіргі таңда АҚШ пен Қытайда мейлінше дамып келеді. Қатпарлы тақтатас газының кен орындары Қазақстанда да бар, бұл тұрғыда Қазақстанда газ өндірудің дәстүрлі емес алдыңғы қатарлы технологияларын ендіру мүмкіндіктері жөнінде қызу пікірталас орын алуда.

Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет VII KAZENERGY Еуразиялық Форумы аясында Бүкіләлемдік Мұнай Кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Бұл Кеңеске Қазақстанның атынан KAZENERGY Қауымдастығы қатысатыны белгілі. Халықаралық деңгейдегі осынау іргелі ұйымның кезекті отырысының Астанада өткізілуі – отандық мұнай-газ саласының мүмкіндіктерін көрсетумен қатар, еліміздің абырой-беделін арттыра түсетін маңызды көрсеткіш. Дүниежүзілік Мұнай Кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылатын бұл отырыста мұнай-газ саласындағы айқындылық ұсыныстары мен осы саладағы жемқорлықты ауыздықтау мүмкіндіктері, бизнестің әлеуметтік жауаптылығы, мұнай-газ секторының дамуымен өзгеріс кезеңінде белең алған әлеуметтік қажеттіліктер, мұнай-газ саласын тұрақты дамытудың басты талабының бірі – экологиялық қауіпсіздік мәселелері сарапшылар талқысына түсуде.

Форум барысында жоспарланған Өндіруші салалардағы айқыныдылық ұсынысын дамыту жөніндегі IV Ұлттық конференцияға деген қызығушылық та өте жоғары. Бұл тұрғыда Қазақстан барлық мүдделі тараптармен кеңауқымды жұмыс жүргізіп келеді және де қазіргі таңда көзге көрінер нәтиже де жоқ емес.

Форумның екінші күніне ұйымдастырушылар екі баспасөз мәслихатын жоспарлағаны белгілі. БАҚ өкілдерімен кездесуде мұнай-газ және энергетика салаларының көкейкесті мәселелері бойынша барлық өзекті сұрақтарға сала ішіндегі танымал құзырлы мамандар жауап берді.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту