Қазақстанның Дүниежүзілік Мұнай Конгресін өткізуге толық мүмкіндігі бар

размер шрифта: Aa | Aa
05.10.2012 10:32

Астанада VII KAZENERGY Еуразиялық Форумы аясында Дүниежүзілік мұнай кеңесі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты болып өтті.  Әлемдік деңгейдегі осынау ықпалды ұйымға Қазақстанның атынан  KAZENERGY Қауымдастығы қатысатыны белгілі.

Қазанның 1-де Дүниежүзілік мұнай кеңесі (ДМК) Бағдарламалық комитетінің отырысы өткізілді. Ал қазанның 2-де ДМК Атқарушы комитетінің отырысы, 3 қазанда Кеңес отырысы болып өтті.

Аталған шаралардың барысында әртүрлі шешімдер қабылданды. Солардың бірі – Әлеуметтік бағдарламаларға қаржылық қолдау көрсету жөнінде Мұра қорын тағайындау.  Бүгінгі таңда Қордың қаражаты 200 мың еуроны құрайды және алдағы уақытты бұл ауқым ұлғая түспек.  Қордың айтулы қаражатын Кеңеске мүше елдердің әлеуметтік инфрақұрылымына инвестициялау көзделген. Оның ішінде кәсіби тұрғыдан дайындау және қайта әзірлеу сынды біліми бағдарламаларды жүзеге асыру да жоспарда бар. Бизнестің әлеуметтік жауаптылығы тұрғысындағы соңғы тенденцияларды ескерсек, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің бұл шешімі өте өзекті және ол таяу арада мәнді нәтиже бермек.

Дүниежүзілік Мұнай кеңесінің басшылығы аталған шараны өткізуде Қазақстан жағына өте жоғары баға беріп отыр. ДМК Президенті  Ренато Бертанидің айтуынша, Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан ел, әсіресе, мұнай-газ саласында. Кеңес басшысы Қазақстанның мұнай-газ саласының келешек дамуына да оң баға берді. Бертани мырзаның пікірінше, Қазақстанның мұнай-газ саласы әлі де өсіп, дами түседі. Республика тұрақты да, сенімді әрі қауіпсіз жолмен мұнай өндіруді жолға қойып, әлемдік нарықтарға шикізат жеткізуді қамтамасыз етуге барынша үлес қосуда.

Отандық мұнай және газ саласындағы тұрақты даму — әлемдік деңгейдегі жетекші тұлғалардың Астанаға іркілмей келіп, республиканың тұрақты даму бағытындағы барлық ұсыныстарына оң баға беруінің бір сыры болса керек. Баспасөз мәслихаты барысында Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті, Астана 2017 жылға белгіленген Дүниежүзілік Мұнай Конгресін өткізуге үміткер ретінде қарастырылып отырғанын да мәлім етті. «Қазақстан мұндай деңгейдегі шараларды қабылдауға толық дайын деп еш күмәнсіз айта аламын. Егер Қазақстан бұл тұрғыда өз өтінішін жолдап жатса, біз оны қуана қабылдаймыз, бірақ, әрине, бұл мәселе бойынша соңғы шешім ДМК аясында ашық дауыс беру жолымен қабылданады», деді Ренато Бертани.

Айта кетейік, «Әлемді энергиямен қамтамасыз етудегі жауапты қадам» деген мазмұндағы кезекті Дүниежүзілік мұнай конгресі 2014 жылдың 15-19 маусымында Мәскеуде өткізіледі. ДМК вице-президенті Тор Фъяеранның айтуынша, Ресейде өтетін  Конгресс барысында мұнай және газ өндіру мен кен орындарын барлау мәселелері, мұнай өңдеу, мұнай химиясы мәселелері, газ тасымалдау және газ маркетингі, мұнай-газ саласының қоғаммен ықпалдасу мәселелері қарастырылмақ.  

Айтқандай-ақ, Дүниежүзілік мұнай кеңесі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қатынас тек ресми шаралар өткізумен ғана шектеліп отырған жоқ. Алдағы жылы Астанада өткізіледі деп белгіленген семинар барысында екі жақты мүддеге негізделген мәселелерді талқыға салу көзделген.

KAZENERGY Қауымдастығының Бас директоры Жанболат Сәрсенов Дүниежүзілік мұнай кеңесі жұмысындағы Қазақстанның рөлі жайында былай деп әңгімелейді: «Біз Астанадағы отырыстың қарауына бірқатар мәселе ұсындық. Сол сияқты, Еуразия аймағының ерекшеліктерін ескере отырып, Қауымдастық құрамындағы компаниялар толыққанды қатыса алатындай жаңа инновациялық жобалар мен ұсыныстарды сындарлы түрде қарастыруға әзірлік таныттық».

Баспасөз мәслихатына қатысқан спикерлер мұнай өнімдерінің әлемдік нарығына ықпал ете алатын геосаяси мәселелерге де мән берді. Айталық, Парсы шығанағындағы жағдайдың ушығуы, мұнай жеткізудің дәстүрлі жолдарына кедергі келтіруі әбден мүмкін, мұндай жағдайда мұнай өндіру ауқымын ұлғайтуға тура келеді. 

«Дүниежүзілік мұнай кеңесінің құрамында 65 ел бар. Біз мұнай өндіруді қадағалаумен айналыспаймыз. Біз өндіруші елдер мен тұтынушы елдер арасында сындарлы пікірталас орнатуға қолдау көрсетеміз. Сол сияқты, бұл салада алдыңғы қатарлы технологияларды таратып, келешекте энерготасушы шикізаттарды тұрақты түрде өндіріп, тасымалдауға сеп болатын заманауи басқару жолдарын енгізуге мүдделіміз», деді Ренато Бертани. ДМК президенті мұнай өндіріп, оны тікелей тұтынушыға жеткізуде жаңа географиялық аймақтардың ашылуымен мұнай өндірудің өзіндік құны өсе түсуі мүмкін дегенді де жоққа шығармайды. «Болашақта мұнайға деген сұраныс арта түседі деген болжам бар. Бұл тұрғыда біздің алдымызда қиын міндеттер тұр. Өйткені, мұнай өндіруді тек ынтымақтастық, білім және технология алмасу негізінде ғана тұрақты жолмен қамтамасыз етуге болады»,  деді Бертани мырза. Ол, сондай-ақ әлемдік мұнай-газ саласын ұзақ мерзімді деңгейде дамытуға 20 триллион доллар қажет болады деген мәліметті алға тартты. Мұндай қаражат әлемде бар және де инвесторлар бұл қаражатты саяси, келісімдік және фискалдық тұрақтылық орнаған елдерге ғана бағыттайды деп түйіндеді өз ойын  Ренато Бертани.

МӘЛІМЕТ:
Бірінші Дүниежүзілік Мұнай Конгресі 1933 жылы Лондонда шақырылып, оған  24 елден мың шақты делегат қатысты.
Бүгінгі таңда ДМК жаһандық деңгейдегі мұнай-газ қауымдастығының мүддесін қорғаушы ірі де іргелі ұйым. ДМК – халықаралық, коммерциялық емес, саяси емес ұйым болып табылады. Ол отын-энергетикалық кешенінің жаһандық мәселелері мен өзге де өзекті мәселелерін талқыға салатын алаң.

Дүниежүзілік мұнай кеңесінің миссиясы – адамзат игілігі үшін әлемдік мұнай-газ ресурстарын басқарудың рационалды әдістерін игеріп, алға жылжыту. ДМК мұнай-газ саласының проблемаларына ғылыми жетістіктер мен жаңа технологияларды қолдана отырып, экономикалық, қаржылық, басқарушылық, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан ықпал етуді қолдайды.

ДМК мақсаты – техникалық, әлеуметтік және экологиялық негізгі мәселелердің, оның ішінде жаһандық энергетика мен оның адамзат үшін пайдасы тұрғысында бір шешімге келуді көздейтін ішкі және сыртқы мүдделі тараптардың арасында пікірталас орнату болып табылады.
Өз мақсатын жүзеге асыра отырып, ДМК аталған саланың тұрақты дамуына үлес қосуда. Саяси тұрғыдан бейтарап ұйым ретінде Кеңес Біріккен Ұлттар Ұйымында тіркелген. ДМК Хатшылығы (штаб-пәтері) Лондонда орналасқан.
 
Дүниежүзілік Мұнай Кеңесінің Хатшылығы Лондонда орналасқан. Хатшылықты Бас Директор мен оның штаты басқарады. ДМК Бас Директоры  – д-р Пирс Ример.
ДМК қатысушы елдер орталық ұйымның жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл сайын жарна төлеп отырады. Кеңесті қаржыландырудың өзге де көздері бар, мәселен, тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Дүниежүзілік Мұнай Конгресіне қатысудың тіркеу шығындары, ұйымның жариялымдарының роялтиі және инвестициялық қызметінен түсетін табыстар.

Қазақстандағы Ұлттық Комитет
2008 жылдың маусымында KAZENERGY Қауымдастығы Дүниежүзілік Мұнай Кеңесінің құрамына енді. Ондағы мақсат – осынау беделді халықаралық ұйым ішінде Қазақстанның мұнай-газ саласының мүддесін ұстану.
2011 жылдың 4 желтоқсанында Доха қаласында (Катар) 20-шы Дүниежүзілік Мұнай Конгресі барысында ДМК Кеңесінің кезекті Отырысы өткізіліп, онда ДМК Кеңесінің келесі Отырысын 2012 жылдың қазанында KAZENERGY VII Еуразиялық Форумы аясында өткізу жөнінде шешім қабылданды.

ДМК мүшелігінің ұтымды тұстары
Дүниежүзілік Мұнай Кеңесіне мүшелікке өту соңғы ғылыми және технологиялық жаңалықтар мен жетістіктерге, сол сияқты жалпы экономикалық және мамандандырылған салалық ақпараттарға жол ашып, бүкіл әлем бойынша мұнай-газ саласының ағымдағы жағдайынан хабар беретін барлық толыққанды мәліметке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ұлттық комитеттер – ДМК мүшелері үш жылда бір рет белгілі бір ел аумағында өткізілетін Дүниежүзілік Мұнай Конгресіне және де өзге де аймақтық коференциялар мен семинарларға қатысуда басымдықтар мен жеңілдіктер мүмкіндігіне ие.

Оның сыртында, Дүниежүзілік Мұнай Кеңесі өз қатарындағы мүшелеріне төмендегідей мүмкіндіктерге жол ашады:
• әлем бойынша мұнай және газ саласындағы білім және технологиялар алмасуға қолдау көрсетіп, ресурстармен бөлісу;
• аймақтық кездесулер мен дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізу және есептер жариялау негізінде ақпараттар жинап, тарату;
• мұнай-газ саласына сараптамалық баға беруде көмек көрсету;
• экология мен энергия үнемдеудің өзекті мәселелеріне назар аударып, тұрақты шешімдер ізденісі;
• Қазақстанның өнімін, қызмет түрлері мен біліми көрсеткішін әлемдік нарықтарға шығаруға ықпал ету;
• халықаралық деңгейдегі ішкі және салааралық бизнесті дамыту мүмкіндіктерін қалыптастыру;
• ұлттық компанияның әлемдік деңгейдегі беделін нығайту.

KAZENERGY Қауымдастығының баспасөз қызметі
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту