Мұнай және газ министрлігіне үлкен жауапкершілік жүктеледі - Елбасы

размер шрифта: Aa | Aa
06.08.2013 12:28
 Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалинді қабылдады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында Ұ.Қарабалин Нұрсұлтан Назарбаевқа министрліктің мұнай мен газ өндіру, мұнай-химия өнеркәсібі және көмірсутек шикізатын тасымалдауды қамтамасыз ету тәрізді салалардағы қызметі туралы баяндады.

Сонымен қатар Қашаған, Теңіз және Қарашығанақты қосқанда ірі кен орындарын игеруге байланысты мәселелер талқыланды. Теңіз жобасында, сондай-ақ өзге де болашақ кен орындарын игеру барысында еліміздің мүддесін мейлінше ескеру қажеттігіне басты назар аударылды.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін стратегиялық саланың бірі болып саналатын мұнай-газ саласын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

«Бүгінгі күні Қашаған кен орнынан мұнай өндіруді бастауға дайындық процесі жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мұнай және газ министрлігіне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Оның қызметі жетілдіріліп, тиімділігі арттырылатынына сенемін. Сондай-ақ, министрлік тәжірибе және технологиялар алмасу үшін көршілес елдердегі серіктестерімен тығыз ынтымақтастықта болуы қажет», - деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Ұ.Қарабалин саланы дамытудың оң қарқыны туралы хабардар етті.

«2013 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мұнай және газ конденсатын өндіру 40 миллионнан астам тоннаны құрап, 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайыз болды. Сонымен бірге, табиғи және ілеспе газ өндіру жоспарланған кестеге сай жүргізілуде. Мұнай-газ өнімдерін экспорттау жөніндегі жоспарлар, жалпы алғанда, орындалуда, жекелеген көрсеткіштер жыл аяғына дейін теңестірілетін болады», - деді мұнай және газ министрі.

Ұ.Қарабалин Каспийдің қазақстандық қайраңының Жамбыл учаскесіндегі жұмыстар туралы да мәлім етті.

«Жамбыл құрылымындағы барлау ұңғымасын сынақтан өткізу кезінде тәулігіне 60 тонна мұнай ағыны алынды. Біз бұл нысанды зерттеуді одан әрі жүргізе береміз, бірақ қазірдің өзінде жаңа кен орны табылғандығы туралы айта беруге болады, соған орай Сізді құттықтағым келеді. Мұнайшылар және біздің бәріміз үшін бұл өте қуанышты оқиға», - деді мұнай және газ министрі.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат 

Ключевые слова: Қазақстан ПрезидентіМұнай-газҚР Мұнай және газ министрлігі
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту