«ӨзенМұнайГаз» АҚ-ына қарасты Бұрғылау жұмыстары басқармасында 700 орындық тұрмыстық-шаруашылық кешен пайдалануға берілді

размер шрифта: Aa | Aa
15.08.2013 11:43
«ӨзенМұнайГаз» АҚ-ына қарасты Бұрғылау жұмыстары басқармасында 700 орындық тұрмыстық-шаруашылық кешен пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсіміне «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров, Кәсіподақ комитетінің төрағасы Наурыз Сақтағанов қатысты, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

«2009 жылдан бері Өзен кен орны жаңа әлеуметтік нысандармен үздіксіз толығып келеді. Осы жылы да компания әлеуметтік құрылыстың барынша қарқынды іске асуына жол ашып отыр. Бұрғылау жұмыстары басқармасында пайдалануға беріліп отырған зәулім тұрмыстық-шаруашылық кешен осы бағыттағы істеріміздің бірі ғана. Басқарма ұжымына ізгі тілегімді білдіремін. Жаңа нысан игіліктеріңізге жарасын», - деді өз сөзінде М.Ибағаров.

Құрылысты жүргізген мердігер «ССТ» ЖШС нысанның кілтін Бұрғылау жұмыстары басқармасының директоры Марат Садықовқа табыстады. Ал ұжымның еңбек озаты Жаңабай Қойлыбаев пен Бас директор Мақсат Ибағаров тұрмыстық-шаруашылық кешеннің лентасын қиды.

«Біз бұл нысанның ашылуын асыға күттік. Шынымызды айтсақ, жаңадан құрылған басқармада бой көтерген барлық нысан біз үшін өте ыстық көрінеді. Ұжымдастарыма игілігімізге беріліп отырған жаңа кешен құтты болсын дегім келеді. Әрқашан осындай қуаныштарымыз көп болсын», - деді басқарма жұмысшысы Жаңабай Қойлыбаев.

Тұрмыстық-шаруашылық кешен киім ауыстыру, душ кабиналарымен және тынығу бөлмелерімен жабдықталған.

Басқарма аумағында мұнан өзге де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, автокөлік қоюға арналған бокстың, жөндеу шеберханасының ғимараттары салынуда. Ал жыл соңына дейін басқарманың әкімшілік ғимараты пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат 

Ключевые слова: Маңғыстау облысыМұнай-газҚұрылыс
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту