2014 жылы Қашаған кенішінен 8 млн тонна мұнай өндірілмек

размер шрифта: Aa | Aa
18.09.2013 14:03

2014 жылы Қашаған кенішінен 8 млн тоннаға жуық мұнай өндіріледі. Бұл туралы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

«2014 жылы Қашаған кенішінен алынатын мұнай көлемі 8 млн тоннаға жуықтайды деген болжам жасалып отыр», - деді ол сәрсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
«Қазір өңдеу басталды, жүйелер іске қосылып жатыр. (...). Жұмыс табысты жүріп жатыр. Қазан айында мұнайдың алғашқы партиясын тиейміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қазір кеніштегі техникалық желілерді ретке келтіру жалғасып жатыр. Келісімшартта коммерциялық сатыға шыққаннан кейін күніне 75 мың баррель өндіреміз деп жазылған. (...) Әзірге Қашағанда күніне 40 мың баррельге жуық мұнай өндірілуде. Өндірудің коммерциялық сатысына қазан айының басында шығамыз деп үміттенеміз. Сол кезде ғана біз жұмыс толық басталды деп айта аламыз», - деп қосты министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Қашаған мұнайын өндіру жұмыстары 11-қыркүйекте басталған болатын. Келісім бойынша, кеніш өндірудің коммерциялық сатысына 1-қазанға дейін көшеді деген болжам бар.
Солтүстік Каспий жобасы шеңберінде Қашаған кенішін NCOC консорциумы игеріп жатыр. Оның акционерлері: AgipCaspian Sea B.V. (16,81%), KMG Kashagan B.V. (16,81%),ConocoPhillips North Caspian Ltd. (8,4%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,81%), Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,56%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,81%) және Total EP Kazakhstan (16,81%). Сонымен қатар, ConocoPhillips жобадан шығатынын мәлімдеді. Компания үлесін сатып алатын ҚазМұнайГаз кейін оны Қытайдың CNPC компаниясына сатпақ.
Қашағандағы мұнай қоры 11 млрд баррельге, жалпы геологиялық шикізат қоры 35 млрд баррельге бағаланған. Ол қойнауында жатқан ресурстары жағынан Аляскадағы Прудо Бэй кенішінен кейін екінші орында.

Астана. 18-қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту