Еуразияның энергетикалық картасындағы Қазақстанның рөлі

размер шрифта: Aa | Aa
23.09.2013 17:10
Осыдан үш жыл бұрын V Еуразиялық KAZENERGY форумында  қуат тасымалындағы  дәстүрлі байланыстардың болашақта өзгеріске ұшырау мүмкіндігі кеңінен талқыланып, қауымдастық төрағасы Тимур Құлыбаев әлемдік энергетиканың даму қарқынын саралап отыру керектігіне назар аударды. Өйткені қуат көздерін жеткізу орталықтары ғана емес, қуат көздерінің түрлерін де қайта таразылау қажеттігі туындаған. Осы тұрғыда Еуропа елдері мен Қытай сынды тұтынушы алпауыттардың арасында жатқан еліміз тікелей мұхитқа бастар теңіз жолы болмаса да, стратегиялық тұрғыда дұрыс бағыт ұстанып отыр. 

Қытай мен Еуропаның қуат көздерін жеткізу бағыттарын әртараптандырып жатқаны да баршаға аян. Мұндай жағдай­да энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тасымалдың ұзақ мерзімді әрі тұрақты болғаны қажет. Себебі сенімге селкеу түссе, балама тасымалдаушы мен қуат көзін іздеуге тура келеді. Мұның кері ықпалынан қуат құны қымбаттап жатыр. Еліміз 2018 жылға қарай экспорттық әлеуе­тін 135 млн тоннаға арттырып, алда­ғы 50 жылда жыл сайын 100 млн тонна көмірсутегін экспорттауға қауқарлы. Бұл Еуразия кеңістігінің жаңа энергетикалық картасындағы Қазақстанның орнын ай­шықтай түскендей. Еуропадағы көпшіліктің көңілін алаңдатқан газ тасымалы да назар­дан тыс қалмады. Себебі кезінде көп үміт күттірген Набукко жобасы әзірге қағаз бетінде ғана қалып отыр. Өйткені Еуропа елдеріндегі көшбасшы мемлекеттерде бірегей энергетикалық саясаттың жоқты­ғынан тұтынушылар зардап шегуі мүмкін. Сондықтан форумға қатысушылар Еура­зиядағы энергетикалық субъектілер ара­сында өзара сенімділік болуы керектігін айтты. 

Көмірсутегін өндіруде қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығары сөзсіз. Екі жыл бұрынғы Мексика шығанағындағы төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Үкіметі мұнай-газ компанияларынан осыны талап етпек. «Каспий – экологиялық тұр­ғыда сезімтал аймақ. Сондықтан ин­вес­тор­лар теңіздегі бұрғылау жұмыста­рының қауіпсіз болуына баса назар аударуы тиіс», – деді KAZENERGY қауым­дас­тығының төрағасы Тимур Құлыбаев. Осы орайда Үкімет мойнына алған міндет­темелерін мүлтіксіз орындайтынын, сәйке­сінше шетелдік инвесторлардан да соны күтетінін ескертті. Ал қазақ жерінің қойнауын игеріп жатқан компаниялар түйткілді мәселелерді кеңесе келе, келіссөз арқылы шешу керек­ті­гін айтты. Сондай-ақ бесінші форум ая­сында Құр­ман­ғазы жобасы сынды екіұшты тақырып­тар да талданды. Мәселен, қа­зақтар Құрманғазы, ал ресейліктер Кула­линская атаған кеніш даулы аумақта жа­тыр. Он­дағы барлау жұмыстарын «ҚазМұнайГаз» бен «РосНефть» бірлесіп қолға алған. Бұл кеніш 55 жылға жетеді деп жоспарланған өнімді бірлесе бөлісу шарты негізінде игерілетін болды. Осылай­ша бұған дейін әртүрлі картада түрліше белгіленіп, алуан түрлі аталып келген нысанға қатысты нақты шешім шықты. 

Биыл қазан айының 8-9-жұлдызында Астанада өткізілетін форумда да Еуразия­дағы тың мүмкіндіктер тақырыбы көтері­леді. Алып құрлықтағы қуат әлеуеті қайта безбенделеді. Жылдың басты энергетика­лық шарасынан қалыс қалмай, елдің ер­теңгі келешегіне көз тасталар кеңеске келі­ңіз. Әлемнің озық ойлы, сарабдал са­рап­шыларының пікір-пайымын  өз құла­ғы­ңызбен естіп білгіңіз келсе, VIII Еура­зия­лық энергетикалық KAZENERGY форумына асығыңыз!

alashainasy.kz

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту