Қашаған кенішінде мұнай өндіру жұмыстары 3-4 күнге тоқтатылды – министр

размер шрифта: Aa | Aa
26.09.2013 11:41

Атырау облысындағы мұнай мен газды кешенді дайындайтын «Болашақ» зауытының құбырынан газ шығуына байланысты Қашаған кенішінде өндіріс тоқтатылды. Бұл туралы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

«Жұмыс кеше тоқтатылған болатын. Бұл үш-төрт күннің жұмысы деп ойлаймыз», - деді ол бейсенбі күні журналистерге.
«Шын мәнінде, бұны апат емес, желілерді тексеру жұмыстары деуге болады. Қазір теңізден бастап, құбыр желілерінде, жалпы барлық учаскелерде реттеу жұмыстары жүріп жатыр», - деп қосты министр.
Қашағанды игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының баспасөз мәлімдемесіне сүйенсек, 24-қыркүйек күні таңертеңгі тексеру барысында D аралынан «Болашаққа» тартылған құбырдан газ шығып тұрғаны анықталды. Ақау зауыттан 2,5 шақырым жерде, санитарлы-қорғау аймағынан табылды. Аталған учаскеде тиісті залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Атырау облысының ТЖ департаментіне хабарланды.
«Қазір техника қауіпсіздігіне сәйкес тергеу жүріп жатыр. Ауаға улы күкіртті сутек таралған жоқ. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Ұңғымалар уақытша жабылды», - делінген хабарламада.
Қазір аталған аймақтағы топырақ тексеріліп жатыр.

Атырау/Астана. 26-қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту