Түркістан қаласын газбен қамту жоспарға сай жүргізіледі - ОҚО

размер шрифта: Aa | Aa
13.01.2014 09:45
Соңғы уақытта Түркістан қаласына тартылған газ құбыры туралы тұрғындар арасында түсініспеушіліктер туындап отырғаны мәлім. Осыған орай Түркістан қаласы әкімдігінің аппараты тұрғындар назарына түсініктеме берген болатын. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Еске салсақ, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының 1258 шақырымында автоматтандырылған газ тарату стансасы мен Түркістан қаласына 22 шақырымнан астам жоғарғы қысымды газ құбыры және екі газ реттеуіш бекетінің құрылыстары жүргізілген еді. Былтырғы жылдың 20 желтоқсанында Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір арқылы нысанның қалаға дейінгі магистральді жүйесі іске қосылды.

«Аталған жобаларда тұтынушыларға дейін газ тарату қаралмаған. Алайда, «ҚазТрансГаз» АҚ-ы өз демеушілігі негізінде бес жеке тұрғын үйге ішкі тарату жүйесін жүргізген. Алдағы уақытта бұл тұрғындар табиғи газды тұтыну үшін «ҚазТрансГаз» АҚ-мен келісімшартқа отырып, көгілдір отынды пайдалана алады. Биыл Түркістан қаласының ішкі газ тарату жүйелерінің құрылысы басталады. Аталған жобаның жалпы құны орташа есеппен 10 млрд. теңгені құрайды», - делінген баспасөз баянында.

Нысанның бірінші кезеңінің құрылысын жүргізу үшін 2013 жылы жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, жобалау сметалық құжаттары дайындалды. Құрылыс жұмыстарының құны 1 млрд. 200 млн. теңгені құраған. Бұл қаржыға бірінші кезең бойынша қаладағы «Сауран» және «Бекзат» шағын аудандары газбен қамтылады.

«Алғашқы құрылыс жұмыстарының ішінде 7212 абонент (4076 үй, 3136 пәтер), 5 мектеп, 4 балабақша, 4 денсаулық сақтау мекемесі, 2 колледж, 5 мейрамхана, 6 өндіріс орны, орталық жылу қазандығы табиғи газбен қамтылатын болады. Сонымен қатар, қала мен оның аймақтарына газ жүйесін тарту жоспарға сай жүзеге асады», - делінген баспасөз баянында.

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат 

Ключевые слова: Оңтүстік Қазақстан облысыМұнай-газ
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту