Әлемдік энергетика құрылымындағы пайдалы қазба отынның рөлі бұрынғысынша ең салмақты болып қала бермек – Халықаралық Энергетикалық Агенттік (ХЭА) жетекшісі

размер шрифта: Aa | Aa
16.01.2014 17:13

Әлемдік энергетика құрылымындағы пайдалы қазба отынның рөлі бұрынғысынша ең салмақты болып қала бермек – Халықаралық Энергетикалық Агенттік (ХЭА) жетекшісі.

Бүгін KAZENERGY Қауымдастығы Кеңесінің кеңейтілген отырысында ХЭА Атқарушы директоры Мария Ван дер Ховенның баяндауынша, осыдан 25 жыл бұрынғы ахуалдай, қазір де жаһандық энергетика нарығындағы қазбалы отынның үлесі 80 пайыздан жоғары болып тұр. Жаңғыртымды қуат тұрақты дамыған жағдайда, осы үлесті тек 2035 жылы ғана 75 пайызға азайта алады.

- Отынның жер астынан қазып алынатын түрі бұрынғысынша әлемдік қуат сұранысының басым бөлігін қанағаттандырып, сәйкесінше экология мен климатқа зарбадын тигізе береді,- деп атап өтті Мария Ван дер Ховен.

Айтуынша қазір қуат тұтыну орталықтары біртіндеп Азия құрлығына ауысып, сол себепті әлемдік энергетикалық картаның түрленгені байқалады.

- Сұраныс пен ұсыныстың жаңа географиясы мұнайдың негізгі сауда ағыстарының Азия аймағына ығысуына жол ашады. Өз кезегінде бұл мұнай тасымалы мен жеткізілу сенімділігін қамтамасыз ету бағытында ұжымдық шаралардың қажеттілігін арттырып, мұнайдың геосаясатына ықпал етеді. 

Бұл Қазақстанға тың мүмкіндіктер туып отыр деген сөз. Сол себепті мемлекет алдымен мұнай-газ тасымалы инфрақұрылымын дамытып, аймақтағы бағаның қалыптасу мәселелеріне қатысты қатаң келіссөздер жүргізу керек,- деді халықаралық энергетикалық агенттіктің жетекшісі. Сондай-ақ, қазіргіден де тұрақты қуат көздеріне көшу жолында Қазақстанның баламалы қуат түрлерін дамыту мүмкіндіктері мол. ХЭА басшысы  Қазақстанда ЭКСПО көрмесінің өткізілуі аймақта бүгінгіден де тұрақты энергетикалық болашақтың дамуын ынтыландырып, жаңаша серпін береріне сенім білдірді. 

Беделді сарапшы 2035 жылға қарай әлемдегі мұнай тұтыну көлемінің өсетінін, соған сәйкес оның бағасының да қымбаттай беретінін болжады.

- Мұнайды тұтыну мөлшері күрт ұлғайғандықтан, 2035 жылы нақты өлшеммен алғанда мұнайдың әр баррельі шамамен 130 долларға бағаланады. Алайда бұл көліктің барлық түрлеріне тек мұнай ғана жанармай болып қалады деген сөз емес. Тіпті дизель отынына да балама бар. Сол баламаның маңызы айрықша. Өйткені дизель отыны мен көгілдір газ қолжетімді бола түскен сайын, олардың маңызы артпақ. Сондықтан сұраныстағы өзгерістер өңдеуші секторларды жаңа түйткілдерге тап қылмақ. Ал бұл мәселеге жеткізілім мен тасымалдау тұрғысынан қарайтын болсақ, бағаның қымбаттауы бірінші кезекте тұтынушыларға салмақ салады. Біз қазірдің өзінде табиғи газ бен синтетикалық бензин өндірісі сияқты қуат көздерінің пайда болғанын көріп отырмыз,-дейді Мария Ван дер Ховен.

Сарапшы пайымынша, осы орайда, мұнайды айдау мен өңдеу қуатының қарқыны қазіргі тұтыну нарығының ұлғаю жылдамдығына ілесе алмай қалған.

Сөйте тұра, негізгі өңдеуші қуат Еуропа, АҚШ пен Жапонияда шоғырланған. Ал тұтыну көлемі негізінен мұнай өңдейтін қуатты кәсіпорындары аздау дамушы елдерде қарқын алып барады. Сол себепті де дамушы елдер өздерінде мұнай өңдеу зауыттарын салып жатыр. 

- Біз қазір Қытайдың өңдеуші қуатты арттыру еншісі анағұрлым сүбелі екенін көріп отырмыз. 2025 жылға дейінгі мерзімде аспан асты елінде жаңа мұнай өңдеу зауыттары салынады. Сондай-ақ, жуырда Таяу шығыста жергілікті тұтыным мен экспортқа арналған мұнайды өңдеу көлемі күрт өседі,- деп ойын түйіндеді  сарапшы. 

Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) – Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) аясындағы дербес халықаралық орган. Оған Экономикалық ықпалдастық пен даму ұйымы қатарындағы 28 мемлекет мүше.

ХЭА негізгі мақсаты – ұжымдық энергетикалық қауіпсіздік жүйесін құру. Жүйедегі негізгі тұжырым мұнай жеткізу ісінде қатерлі олқылықтар туындаған жағдайда қолда бар көмірсутегі қорын қатысушылар арасында үйлестіру болып табылады.

Қазақстанның ХЭА қатысты негізгі мүддесі әлемдік экономикаға интеграциялануға бағдарланған стратегиялық ұстанымнан, Қазақстанның ХЭА мүше-мемлекеттердің жаһандық энергетикалық қауіпсіздік жүйесіне ену ынтасынан туындап отыр.

 KAZENERGY Қауымдастығының баспасөз қызметі  
+771727901817, 790199
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту