Н.Назарбаев Атырауда мұнай өңдеу зауытын жаңғырту барысымен танысты

размер шрифта: Aa | Aa
06.02.2014 10:50
 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында болды.

Мемлекет басшысы «Хош иісті көмірсутектерді өндіру бойынша кешен құрылысы» және «Мұнайды тереңдете өңдеу кешенінің құрылысы» атты қос инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. 

Зауыт мамандарының айтуынша, аталмыш жобалар әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес келетін сапасы жоғары мұнай өнімдерін шығару мақсатында, сондай-ақ отандық мұнай-химия саласын дамытуға қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатыр.

Хош иісті көмірсутектерді өндіру кешені мұнай-химия саласы үшін шикізаттарды - бензол мен параксилолды өндіретін болады. Жоба құны 1 млрд. 64 млн. АҚШ долларын құрайды.

Елбасыға бұл кешен 2014 жылдың қыркүйек айында қолдануға берілетіні жеткізілді. Оның қуаттылығы жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол болмақ.

Мұнайды тереңдете өңдеу кешенінің құрылыстық жобасы Үдемелі индустриялық-иновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның құны  1 млрд. 680 млн. АҚШ долларын құрайды.

Кешен жылына  2 млн. 400 мың тонна шикізатты өңдеуге арналған. Ол жоғары октанды жанармайды, авиациялық және дизельдік отынды өндіруге мүмкіндік береді. Жылына 5,5 млн. тонна мұнай өңдегенде аталмыш зауыт 1 млн. 745 мың  тонна автомобиль жанармайын, 1 млн. 640 мың тонна дизельдік отын мен 244 мың тонна авиакеросин шығарады. Мазут шығару көлемі 193 мың тоннаға кемиді. Шығарылатын барлық өнімдер Еуро-5 стандартына сәйкес келмек.

Қазіргі кезде жабдықтар мен материалдарды жеткізуге тапсырыстарды жобалау мен орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін технологиялық қондырғыларды құрылыс алаңдарында қада қағу жұмыстары аяқталады. Ал мамыр айының соңына дейін зауыттың жалпы аумағындағы шаруашылық жұмыстары тәмамдалады. Толыққанды құрылыс жұмыстары сәуір айының ортасында басталады деп күтілуде. 

Ключевые слова: Мұнай-газҚазақстан ПрезидентіАтырау облысы
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту