Ұзақбай Қарабалин: Қарашығанақ - Қазақстан үшін аса маңызды жобалардың бірі

размер шрифта: Aa | Aa
20.02.2014 10:38
19 ақпан күні БҚО-ға екі күндік жұмыс сапарымен келген ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге алдымен Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінде болды.

Кенішті игеруші оператор - «ҚПО б.в.» компаниясының кеңсесінде өткен кеңесте қос тараптың арасындағы тиімді байланысты одан әрі жақсарту, қазақстандық үлесті ұлғайту, жас мамандарға әлеуметтік жағдай туғызу, баспанамен қамтамасыз ету және басқа мәселелер талқыланды. Бірінші болып сөз алған «ҚПО б.в.» компаниясының өндіріс жөніндегі директоры Лука Виньяти 2013 жылғы қол жеткен жетістіктер, биылғы белгіленген жоспарлар туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі жыл сайын артуда. Соған сай кенішті одан әрі дамыту мен жайландырудың кешенді жоспары жасалған.

Жалпы, «ҚПО б.в.» іс-әрекетіндегі қазақстандық үлес бойынша өткен жылы компания 55 пайыз көрсеткішке қол жеткізсе, биыл ол 50 пайызға дейін төмендеген. Мұның бір себебі - компания Қазақстанда шығарылмайтын жабдық түрлері мен тауарларды шеттен көбірек сатып алыпты. Ал қазақстандық мазмұндағы Батыс Қазақстан облысының үлесі 54 пайызға жуық. Яғни, жергілікті кәсіпорындарға тапсырысты орындағаны үшін 580 млн. АҚШ доллары төленген.   

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Қарашығанақты игеруші альянс пен өңірдің қарым-қатынасы қалыпты деңгейде. Соған қарамастан әлі де көңіл бөлетін тұстар өте көп. Соның бірі - қазақстандық, соның ішінде жергілікті кәсіпорын-мекемелерге «ҚПО б.в.» тарапынан жұмыс беру мәселесі. «Өкінішке қарай, қазақстандық үлесті ұлғайту жөніндегі біраз мәселе жылдан жылға айтылып, шешімін таппай келе жатыр. Бізді сендіреді, бірақ іс жүзінде олай емес. Жергілікті зауыттардың мүмкіндігін қараймыз деп бітпейтін комиссиялар келеді, тексереді, нәтижесі өте мардымсыз. ҚПО-ның тендерлеріндегі қисынсыз, кейде орындалмайтын талаптардың кесірінен біздің мекемелер одан тиісті үлестерін ала алмай жүр. Бұл, әрине, наразылық туғызады. Келешекте кенішті кеңейту барысында біздің ұсыныс-тілегіміз ескерілсе деген өтінішіміз бар», - деді әкім.    

Ұзақбай Қарабалиннің атап өткеніндей, Қарашығанақ - Қазақстан үшін аса маңызды жобалардың бірі. Рас, көптеген шаруа жасалып жатыр, келешекте атқарылатындары да бар. Сонымен қатар, кейбір күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Мәселен, жоғарыда айтылғандай, қазақстандық үлес 2013 жылғы 55 пайыздан биыл 50 пайызға дейін төмендеген. Мұнай-газ саласын игеруге қатысты көптеген заманауи технологиялық желілер мен жабдықтардың Қазақстанда өндірілмейтіні белгілі. Дегенмен, алыстан арбалағанша, «ҚПО б.в.» басшылығына осы жұмысты өздері қолға алуына кім кедергі? Бұл, ниет болса, жүзеге асатын іс. Тек жеріміздің байлығын игеріп, пайда табуды ғана ойламау керек. Елімізде келешегі зор әлі де талай кен орындары бар. Күні ертең соларда жұмыс болады. Сонда жұмыс істейтін жоғары білікті мамандардың әлеуметтік жағдайларын жасау керек. Қазір Қашаған мен Теңіздегі шетелдік компаниялар мұны жақсы түсінді. Мысалы, олар өздерінде жұмыс істейтін мамандарға кепіл болу арқылы банктен ипотекаға үй сатып алып беру мәселесін ұтымды шешкен. Мұнда да осындай бастамаларға оң қабақ болса, бұдан бәрі де ұтады. Сонау шетелде оқыған, ондағы озық өмірді көрген жастар өз елінде тап сондай жағдай болса ғана бар күш-қуатын беріп, маңдай терін төгіп еңбек етеді. Тағы бір жәйт, жергілікті мекеме-кәсіпорындарға орындалмайтын талап қоюға болмайды. Бұл жерде екі тарап өзара түсінісіп, екі жаққа да тиімді болатын мәмілеге келулері қажет.  Сонда ғана о баста көздеген мақсат-мұрат орындалады.

Кеніштегі кеңестен кейін министр Ақсай қаласындағы индустриялық парктің жұмысымен танысты. «Елбасының тапсырмасына сәйкес осындай үлкен кен орындарының айналасында сервистік қызмет көрсететін, жаңа жабдық өндіретін кластер қалыптасуы тиіс. Осыған орай Ақсайда индустриялық парк жасақталған. Бастама жақсы. Дегенмен, жұмысы әлі ойдағыдай жүріп кете қоймады. Арнайы келгеннен кейін бұл жерге соғып, себебін сұрастырдық, шешу жолдарын анықтадық», - деді ол.   

Министр сапар барысында жер қойнауын пайдаланушылармен және өңір жастарымен кездесті.

 

ОРАЛ. ҚазАқпарат19 Ақпан 2014

Ключевые слова: Батыс Қазақстан облысыҚР Мұнай және газ министрлігіӨнеркәсіпӘкімМұнай-газ
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту