Төртінші мұнай зауытын Маңғыстауда салған орынды - М. Бортник

размер шрифта: Aa | Aa
20.02.2014 16:42
 Еліміздегі төртінші мұнай өңдеу зауытын Маңғыстау облысында салған орынды. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Михаил Бортник осы мәселені көтерді.

«Маңғыстау жұртшылығы Елбасының төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы ұсынысын зор ықыласпен қабылдайды және бұл кәсіпорынның дәл Маңғыстау облысы аумағында болуы керектігін орынды санайды. Халықтың бастамасын қолдай отырып, бұндай шешімге оңтайлы дәлелдерді алға тартамыз», - дей келе депутат М. Бортник бірқатар мысалдар келтірді.

Оның айтуынша, Маңғыстау өңірінің экономикасы негізінен көмірсутек шикізаттарын өндіруге тәуелді. Бұл саладағы өндіріс  2013 жылы 18 млн. тоннадан асты. Ал барланған кен орындарындағы қорлар 3,5 млрд тоннаны құраған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта теңіз кен орындарын игеру жоспарланады. Ал қалыптасқан шикізат базасы мұнай өңдеу зауытының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жетеді. Бұдан бөлек, сенатордың пікірінше, «Жеқазған-Бейнеу», «Жаңаөзен-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағының шекарасы» секілді көліктік-логистикалық жүйенің белсенді түрде жүзеге асуы, теңіз порттарының қуатын арттыру шаралары өндірілген өнімді ішкі ғана емес, сыртқы нарыққа шығаруды қамтамасыз ете алады.

«Мұнай өңдеу зауытының құрылысы Маңғыстау облысының экономикасын әртараптандыруға де септігін тигізер еді. Жаңа жұмыс орындары құрылады, білікті еңбек ресурстары тартылады. Тоқтала кететін тағы бір өзекті жайт, 1990-жылдардың басында Маңғыстау облысының аумағында осындай кәсіпорын құрылысы басталып, бірақ өкінішке қарай аяқталмаған болатын. Дегенмен, осының нәтижесінде теміржол, автокөлік жолдары, құбыр және электр желілері секілді инфрақұрылымдар қалыптасқан еді», - дейді М. Бортник. 

Осыған орай, депутат жаңа мұнай зауыты салынатын орынды анықтауда бұл фактілер қаперге алынса деген тілегін жеткізді.

АСТАНА. ҚазАқпарат20 Ақпан 2014



Ключевые слова: ПарламентМаңғыстау облысыМұнай-газ
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту