Республикамызда 1000 елді мекенге газ тартылды - Сенат комитеті

размер шрифта: Aa | Aa
26.02.2014 13:38
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті Сенаттың 2014 жылға арналған негізгі шаралар жоспарына сәйкес «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңын іске асыру және ел өңірлерін газбен қамтамасыз ету барысы туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға Сенат депутаттары, Сенат Аппаратының қызметкерлері, мұнай және газ министрлігінің, мекемелердің басшылары, Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан облысы және Астана әкімдері мен салалық мекемелер басшыларының орынбасарлары қатысты.

Отырысты Сенаттың Экономика және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин ашып, кездесудің мақсаты мен еліміз аймақтарын газдандыру мәселелерін талқылаудың маңызы туралы сөз сөйледі.

Газ саласын одан әрі дамыту туралы мұнай және газ министрінің орынбасары Мағзом Мырзағалиев баяндама жасады. Ол еліміздің газ секторын дамыту, ішкі нарыққа тауарлық газды үздіксіз жеткізу мәселелеріне талдау жасайтын тұжырымдама әзірлеу бойынша құрылған Мекемеаралық жұмыс тобы қызметінің қорытындылары, газ тасымалдау желісін кешенді дамыту, мұнайдың ілеспе газын түпкілікті өңдеу, тығыздалған табиғи газ нарығын дамыту туралы депутаттарды хабардар етті. Баяндамашы сондай-ақ елімізді газдандыру жөніндегі бюджеттік бағдарламаны іске асыру жөнінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін де жария етті. Ондағы мәліметтер бойынша, 2013 жылы 24 жобаның құрылысы жүргізіліп, жалпы ұзындығы 610 шақырым болатын газ құбыры салынды. 2014 - 2016 жылдар аралығында газ құбырын салу жөніндегі 29 инвестициялық жобаны, оның ішінде 2014 жылы 13 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2006 жылдан бері 130 жоба жүзеге асып, оның нәтижесінде 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша газ тартылған елді мекендер саны 1000-ға жетті, бұл газдандырылған 9 облыстың және Алматы қаласының елді мекендерінің жалпы санының 24,8 пайызын құрайды (халықты газмен қамтамасыз ету 42,7-ден 54,5 пайызға ұлғайды).

Тауарлық және тығыздалған мұнай газын ішкі нарыққа сатудың көтерме бағасын мемлекеттік реттеуде Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев сөз сөйлеп, елдегі тауар газының тарифін реттеу және бағасын құрау, тауарлық газды ақырғы тұтынушыға дейін жеткізу барысындағы баға құрау кестесі және басқа да мәселелерді көтерді.

Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары еліміздің аймақтарын газбен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы сөз сөйледі.

Ақмола облысындағы Аршалы ауданының Жібек жолы ауылын тығыздалған газбен қамтамасыз ету жөніндегі алғашқы жобаны «Батыс-Диамех» ЖШС жобасының жетекшісі Б.Тайбөкенов таныстырып, оны іске асырудағы оң тәжірибені ортаға салды және еліміздің ірі газ құбыры жоқ басқа аймақтарына таратудың орынды екенін атап өтті.

Кездесуге қатысушылар тарифтік реттеуді жетілдіру, ірі желілерді аймақтарға орналастыру, газ саласындағы технологиялық саясатты назардан тыс қалдырмау, саланы бюджеттік тұрғыда қаржыландыру және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.

 

АСТАНА. ҚазАқпарат 25 Ақпан

Ключевые слова: ПарламентСенатМұнай-газӘлеуметтік қолдау
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту