Бизнестің «тынысы» кеңейіп, әлеуеті артатын болады

размер шрифта: Aa | Aa
03.03.2014 10:51
Бүгінде әлемдегі барша мемлекет өз экономикасының қауқарлығын Дүниежүзілік банктің  «Doing Business» рейтингі индексі арқылы паш етуге тырысатындығы анық. Ал әлемнің 189 мемлкеті арасында жүргізілетін бұл рейтинг индексі 10 индикатор бойынша елдің орташа көрсеткіштін білдіреді. Олардың дәрежесі де бірдей. Демек, үдемелі индустриалды-инновациялық дамуға бет алған Қазақ елі де әлемдік көштен қалмақ емес. Сондықтан да осы аптада Министрлер кабинеті мүшелерін Үкімет үйіне жинаған Премьер-Министр Серік Ахметов аталған рейтингте Қазақстанның ұстанымын жақсарту бойынша жұмыстардың қорытындысын тыңдады.

Айта кетерлігі, аталған рейтингте Қазақстан «Кәсіпорындар ашуда» 30-шы, «Жеке меншікті тіркеуде» 18-ші, «Кредиттер алуда» 86-шы, «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосуда» 87-ші, «Төлем қабілетсіздігіне рұқсат беруде» 54-ші, «Келісімшарттарды орындауда» 27-ші, «Халықаралық сауда-саттықта» 186-шы, «Салық салуда» 18-ші, «Инвесторларды қорғауда» 22-ші, «Құрылысқа рұқсат алуда» 145-ші орында тұр. Иә, кейбір көрсеткіштеріміз жоғары, бірқатар Мемлекет басшысының әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін осынау тізбедегі индикаторларды жақсартуымыз қажеттігі түсінікті.

Сонымен Үкімет отырысында негізгі баяндама жасаған ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің атап өтуінше, ведомство 2014 жылға арналған «Doing Business» рейтингінің индикаторларын жақсарту жөніндегі шаралардың кешенді жоспары жобасын әзірлеген. Жоспар 46 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ, 5 кодекске, 3 Заңға және заңға тәуелді 11 актіге өзгертулер енгізуді көздейтін іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін өзгертулер енгізу қажет болатын 19 нормативтік құқықтық актіден тұратын тізбе құрастырылды. Жалпы, жоғарыда аталған 10 индикаторды жақсартуға бағытталған нақты шаралар тізбесі қалыптастырылды.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша баяндама жасап, Қазақстан-Қытай бағыты бойынша жүктерді тасымалдау уақытын анықтау бойынша талдау жүргізу, контейнер жүктерін алдын-ала ақпараттандыруды енгізу, сондай-ақ теміржол өтпелері бекеттерінің инфрақұрылымын дамыту арқылы жүктерді тасымалдау уақытын қысқартуға ықпал ететін шаралар қарастырылатындығын атап өтті. «Одан әрі экспорттық-импорттық операцияларға қажетті құжаттар санын қысқарту мақсатында Дүниежүзілік банк есебінде көрсетілген 2 құжатты қысқарту ұсынылады. Дүниежүзілік банк есебіне сәйкес 2013 жылы экспортқа 10 құжат және импортқа 12 құжат талап етіледі. Осылайша, жоғарыда аталған шара экспортқа арналған құжаттар санын 8-ге дейін және импортқа арналған құжаттар санын, тиісінше, 10-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр С.Ахметов 5 кодекске, 3 заңға және 11 заңға қосымша актіге өзгерістер енгізілетіндігін әрі уақыттың да қысыл-таяң екендігін баса айтты. «Жалпы, Үкімет мүшелеріне Кешенді жоспардың жобасын мақұлдауды ұсынамын. Осы орайда ҚР Өңірлік даму министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға үш күндік мерзімде бекіту туралы бұйрық жоспарын келісіп, оны Премьер-Министр Кеңсесіне енгізуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.

«ҚазМұнайГаз» қызметі барынша үйлесімді жүйеге келтірілмек

Осы аптада Үкімет басшысы Серік Ахметов «ҚазМұнайГаз» компаниясының өткен жылдың қорытындысына және алдағы жылғы межелеріне арналған жиынына қатысып, нақты тапсырмалар да жүктеді. Негізгі сөз тізгінін алған компания басшысы Сауат Мыңбаевтың атап өтуінше, ағымдағы жылы «ҚазМұнайГаздың» еншілес бірқатар акционерлік қоғамдары жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналмақ. «Бұл үдеріс қазірдің өзінде басталды. Жалпы, көлбеу ықпалдасқан компанияларда ең бастысы ұлттық компанияның құрамына кіретін барлық компаниялардың іс-қимылдарындағы жоғары үйлесімділік әрі қатаң атқарушылық тәртіп», - деді ол.

Компания басшысының атап өтуінше, бұл тұрғыдан алып қарағанда, еншілес компаниялардағы бірқатар директорлар кеңесінің жұмысы уақыт өткізу әрі ақша шашу болып саналады. Дегенмен мұндай өзгерістер барлық компанияда бірдей жүргізілмейді. Мәселен, «ҚазТрансойлға» еш қатысы жоқ. Сондай-ақ  С.Мыңбаев бұрғылау және сервис саласындағы ҚМГ-нің барлық бытыраңқы активтерінің базасында «КМГ drilling and service» бірлескен компаниясы құрылатындығын мәлім етті. Оның құрамына «Теңіз бұрғылау», «Ойл Tранспорт Kорпорейшэн», «Oil ServiceCompany» сынды 5 компания топтасатын болады. Бұлардан бөлек Бұрғылау және өндіру ғылыми-зерттеу институты құрылады. Ол барлау және өндіру саласындағы «ҚазМұнайГаздың» құзіретіндегі технологиялық орталыққа айналады әрі барлау, бұрғылау, өндіру және технологияларға қатысты барлық жобалық құжаттамалар осы институтта дайындалады. «Институт олардың жалғыз әзірлеушісі болады. Ақтау мен Атыраудағы екі институт оның құрамына кіреді», - деді С.Мыңбаев.

Есте болса, Елбасы Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында 2014 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін Үкімет 4-ші мұнай өңдеу зауыты құрылысының мерзімін анықтауы тиістігін тапсырған еді. Компанияның алқа мәжілісін қорытындылаған Үкімет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударды. «Мемлекет басшысы төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы мүмкіндігін қарастыруды міндеттегені белгілі. Біз осы мәселені қазіргі кезде тыңғылықты зерделеудеміз. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» компаниясы ҚР Мұнай және газ министрлігімен бірлесе отырып, тиісті ұсыныс жасайды деген ойдамыз», - деген С.Ахметов елімізде қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан бірнеше уақыт елімізде мұнай өнімдерінің тапшылығы болмайтынын, алайда кейіннен бұл мәселе туындауы мүмкін екендігін ескертті.

«Самұрық-Қазына» ел экономикасын өрге сүйрер операторға айналды

2008-2011 жылдары әлемді шарпыған қаржы дағдарысы кезінде Үкіметтің дағдарысқа қарсы операторы болған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бүгінде қаржы, құрылыс, шағын және орта бизнес секторларын, ірі инвестициялық жобаларды тұрақтандыруға бөлінген қаражаттың басым бөлігін мемлекетке қайтаруда. Мұны Үкімет басшысы Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен компанияның алқа мәжілісінде қор басшысы Өмірзақ Шөкееев мәлім етті. Жалпы, оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта қордың 1 трлн. 177 млрд. теңге көлеміндегі мемлекет алдындағы міндеттемесі бар. Дегенмен қор оны биылдың өзінде-ақ толық көлемде өтеуді басты мнідет қойып отыр. Оған қордың толық қауқары да жеткілікті. Мәселен, өткен жылдың өзінде қор пайызының өзіне ғана 40 млрд. теңгеден астам қаржы төледі. Айта кетерлігі, осы жиында «Самұрық-Қазынаның» Үкіметпен бірлесіп, бір айдың ішінде «Халықтық ІРО» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру бойынша ұсыныстар енгізетіндігі белгілі болды. Мұны Үкімет басшысы Серік Ахметов баса айтты. «Самұрық-Қазынаның» басым компаниялары "Халықтық ІРО-ға" шығуға дайын әрі нарықта оған сұраныс бар. Осы зор әрі байыпты жұмыстарды қолға алайық. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне,  «Самұрық-Қазына» қорына Бас прокуратурамен бірлесіп, бір аптаның ішінде аталған мәселені зерделеуді тапсырамын. Біз наурыз айының басында Мемлекет басшысына ұсыныс енгізуіміз қажет»,-  деген С.Ахметов «КЕГОК» пен «Самұрық-Энерго» компаниялары «Халықтық ІРО-ға» шығуға дайын деген ойын жеткізді.

Оның атап өтуінше, өткен жылы ғана «Халықтық ІРО-ға» жол тартқан «ҚазТранОйл» акцияларына сұраныс 2 еседен астамға өскен. Шамамен 34 мың заңды және жеке тұлғалар аталған компанияның акционері атанып отыр. Акцияларының құны да біршама артып келеді. Мәселен, бастапқыда 1 акция құны 780 теңге болса, бүгінде ол 1250 теңгеге жетіп отыр.

Сондай-ақ осы жиында Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қоры басшылығына Балқаш жылу электр стансасы құрылысының жобасын алдағы дүйсенбіден кешіктірмей Үкімет келісіміне енгізуді, бірінші жартыжылдықта  «ЭКСПО» аясында салынатын «жасыл орам» құрылысын бастауды қатаң тапсырды.

Бюджет қаражатын негізсіз игере алмаған шенеунікті жаза күтіп тұр

Мемлекет бюджеттен бөлінген қаржының жыл сайын игерілмей қалатындығы жайындағы деректер жиі шығып жататындығы белгілі. Міне осы жайт министрлік таққа жайғасқанына 1 айдан енді асқан Қаржы министрі әрі Үкімет басшысының орынбасары Бақыт Сұлтановтың шамына тиген секілді. Осы аптада өзі басқаратын ведомствоның өткен жылғы атқарған жұмыстарын қорытындылаған ол ҚР Премьер-Министрi Серік Ахметовке бюджет қаражаттарын негізсіз игере алмаған басшыларды жазалауды ұсынды. «Бюджет қаражаттарын субъективтi себептермен игерiлмегенi үшiн Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлiгiнiң (4 млрд.), БҒМ (1,4 млрд.) және АШМ (1,3 млрд.) басшы қызметкерлерiн жауапкершілiкке тартуды ұсынамын», - дедi Б. Сұлтанов. Әрине, орынбасарының мұндай ұсынысын құп алған Премьер 2014 жылдың соңында бюджет игермегендерге қатысты мiндеттi түрде қатаң шара қолданылатынын баса айтты. 

Жалпы, алқа мәжілісінде баяндама жасаған Б.Сұлтановтың атап өтуінше, жыл басынан бері мемлекеттік қарыз 12,8 пайызға өсіп, 28,8 млрд. долларға жеткен. Оның басым бөлігін Үкімет міндеттемелері құрайды. Бюджетке қарыздың жүктемесі 9,7 пайыз деңгейінде қалыптасып отыр. «Жаңа бюджет саясатының тұжырымдасында мемлекет қарызы тұрақтылығын қамтамасыз ету және бюджет тапшылығын біртіндеп қысқарту қарастырылған. 2013 жылы республикалық бюджет тапшылығы 718 млрд. теңге сомасында қалыптасты. РБ тапшылығын қаржыландыру аясында министрлік 982,5 млрд. теңге сомасындағы мемлекеттік құнды қағаздарды орналастырды. Ағымдағы жылы ішкі нарықтың жойылмалылығына қысымды төмендету мақсатында сыртқы нарыққа арналған еурооблигацияларды шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Алқа мәжілісін қорытындылаған Үкімет басшысы Серік Ахметов министрліктің өткен жылғы жұмыстарына оң баға берумен қатар осы ведомствоға бағынышты Салық комитетін сын тезіне де алып өтті. «Біздің салық салынатын базалар ұлғаймай жатқандығын қолдаймын. Салық органдарының барлық қызметкерлері төрт қабырғадан шықпайтын «кеңсе шенеуніктеріне» айналып кеткен. Олардың көбісі кабинеттерінен шықпайды, кәсіпкерлермен тікелей жұмыс жасамайды, тіпті олардың қайда орналасқандарын да білмейді», - деп кейістік танытты С.Ахметов.

Қазақстан ДСҰ табалдырығында тұр

Өткен жылдың соңында талайдан құрыққа ілінбей жүрген Қашаған ырыққа көніп, қара алтын көкке атқылағанын барша Қазақ елі зор қуанышпен қарсы алған еді. Бірақ қуаныш ұзаққа бармады, техникалық ақаулық салдарынан атқылаған қара алтын сап тыйылды. Енді оның қашан өнім бере бастайтындығы да белгісіз. Осы аптада «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев Қашағанда қайта құрықтың қашан салынатындығы белгісіз екендігін мәлім еткен еді. Дегенмен бүгін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің алқа мәжілісіне арнайы қатысқан Үкімет басшысы Серік Ахметов аталған кен орнының ірі нысандарын салу кезінде ең соңғы буынды технологиялар пайдаланылғанын айта келе: «Бірақ та бұл жобаны іске қосу оңай болмай тұр. Мұнайды өндірудің бастапқы кезінде бірқатар жабдықтар, оның ішінде құбырлар істен шығып қалып, бүгінде Қашаған тоқтап тұр. Бірінші жартыжылдықта немесе екінші жартыжылдықтың басында Қашаған іске қосылады деп үміттенемін», - деді.

Сонымен қатар С.Ахметов Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қашан кіретіндігін таяу арада шешілетіндігін мәлім етті. Бұл ретте Үкімет басшысы аталған халықаралық ұйымға енуімізге қатысты келіссөздерді жүргізіп жатқан мамандарымыздың жоғары, білікті кәсіби адамдар екенін  баса айтты. «Олар Қазақстан мүддесін қорғап, ДСҰ-ға қазақстандық талаптармен кіруді мақсат етіп отыр. Бұл келіссөздердің үдерісі 10 жылдан астам уақыт жалғасып келеді және біз ДСҰ-ға енудің алдында тұрмыз. Наурызда осы ұйым құрамына кірудің соңғы конфигурациясы Вашингтонда белгілі болады. Осы орайда наурыз-сәуір айларында ДСҰ-ға биыл немесе алдағы жылы кіретіндігімізді нақты білетін боламыз», - деді ол.

Айта кетерлігі, жиын барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев ағымдағы жылы ведомство атқаратын шараларға кеңінен тоқталды. Оның атап өтуінше, биыл 2015-2019 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әзірленіп, теңге бағамына түзету жүргізуді ескере отырып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін инфляция өсімін ұстап тұру бойынша шаралар қабылданатын болады. Еліміздің Салық кодексіне өзгертулер енгізіліп, сәйкесінше, заң жобасы ағымдағы жылдың қыркүйегінде Парламент қарауына енгізіледі. Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында министрлік Үкіметке 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын бекіту үшін жолдайды.

АСТАНА. ҚазАқпарат28 Ақпан 2014

Ключевые слова: Мұнай-газЭкономикаХалықтық ІРО«Самұрық Қазына» ҰӘҚ«ҚазМұнайГаз»ҚР Премьер-МинистріҚР Үкіметі
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту