ЖСДП «Азат» Маңғыстау облысындағы ереуілдеп жатқан мұнайшылардың сотталған лидерлеріне қолдау көрсетеді

размер шрифта: Aa | Aa
19.08.2011 15:31

ҚР Жалпыхалықтық социал-демократиялық партия (ЖСДП) басшылары Маңғыстау облысындағы ереуілдеп жатқан мұнайшылардың сотталған белсенділері мен кәсіподақ лидерлеріне заңдай және моральдық тұрғыдан көмек көрсетпекші.

Осыған байланысты ЖСДП бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, қамауға алынған ереуіл белсенділерін босату және ереуілдеу әрекеттеріне қарсы биліктің репрессивтік саясатын тоқтату қажет деп мәлімдеме таратты.

Мәлімдемеде көрсетілгендей, «қоғам қайраткері Жанболат Мамайдың Ақтауда заңсыз ұсталып, 10 тәуліктік әкімшілік қамауға алынуы биліктің Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуіліне байланысты саясатының таяздығын тағы бір әшкерелеп берді», - делінген.  

Маңғыстаудағы жағдайды реттеуге қатысты ешқандай конструктивті жоспар құрмастан, мұнай компаниялары иелерінің (оның ішінде қытайлықтардың) мүдделерін қорғауға ұмтылған билік жазалау мен қысым көрсету тәсілдерін көбірек қолдануға кірісе бастады. Ж. Мамай ұсталмас бұрын, атап айтқанда, заңгер Наталья Соколованың (оның бар кінәсі - ереуілшілердің заңды құқықтарын қорғауға ұмтылғандығында ғана) «әлеуметтік жанжал» тудырды деген ойдан шығарылған айып бойынша 6 жылға сотталуы, сондай-ақ кәсіподақ белсендісі Ақжанат Аминовтың үстінен болған сот ісі де кездейсоқ болып отырған жоқ.

«АЗАТ» ЖСДП Ж. Мамайды дереу босатуды, Н. Соколованың, А. Аминовтың істерінің қайта қаралуын талап ете отырып, Маңғыстаудағы әлеуметтік-экономикалық өткір дау-жанжалды күшпен шешуге болмайды деп мәлімдейді. Тек сындарлы келіссөздер жолымен, ереуілшілердің әділ талаптарын толықтай ескеру арқылы ғана қиындықтан шығар жол табу қажет! Және ең бастысы, билік туындап отырған мәселелерді шешудің бірден-бір тәсілі болып кеткен жазалаушы саясаттан түбегейлі бас тартуы керек! Мұндай мәселелердің еш шешімін таппауы біздің бүкіл мемлекетіміз үшін қоғамдық-саяси үлкен қатер төндірмек!, - деп көрсетілген ЖСДП таратқан мәлімдемеде.

 Алматы. 18 тамыз. ҚазТАГ 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту