«ҚазТрансГаз Аймақ» Ақарал ауылындағы 143 үйді газбен жабдықтады

размер шрифта: Aa | Aa
05.09.2011 15:20
Жамбыл облысы Меркі ауданына қарасты Ақарал ауылындағы 143 үйге салтанатты түрде табиғи газ беру рәсімі өтті.

Елді мекенді газдандыру жұмыстарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы жүргізді. Ағымдағы жылдың мамыр айынан тамыздың соңына дейін жалғасқан құрылыс жұмыстары барысында 640 метр орта қысымды газ өткізу құбыры  және 4620 метрлік көше бойындағы газ тарату құбыры жүргізілді.

Ресми шара барысында Ақарал ауылына газ келгенін білдіретін алау жағылды. Салтанатты шараға Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қамбар Смайылов және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Мұқан Сәдуақасов қатысты. Жергілікті билік өкілі ауыл тұрғындарын құттықтап, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүргізілген жұмыстар үшін алғыс айтты және елді мекендерді газдандырудың әрдайым өзекті болатынын, әлеуметтік маңызы зор мәселе екенін атап көрсетті.

Айта кетерлігі, ауыл тұрғындары өз үйлерін газдандыруға жұмсалған шығындарды бір жылға дейінгі мерзім ішінде бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болып отыр. Құрылыс жұмыстары үшін ақы төлеудің бұл тәсілі табысы төмен отбасылардың да табиғи газға еркін қосылуына мүмкіндік туғызды.

Ауыл ақсақалы Өзбек Намысбаев және Ақарал ауылының өзге де тұрғындары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен жергілікті билік өкілдеріне арзан және экологиялық таза отынды пайдалануға мүмкіндік жасағаны үшін, сондай-ақ пайыздық үстемесіз ұсынылған несие тәсіміне үлкен алғыстарын білдірді. «Газ пайда болғанынан бастап біздің өміріміздегі күнделікті күйбең тірліктер азаяды. Жылыту, ас-су әзірлеу, кір жуу сияқты тұрмыстық жұмыстар жеңілдеп, жылдам әрі арзанға түседі. Ағаш дайындау, көмір сатып алуға шығынданудың енді қажеті жоқ»,- деді ауыл тұрғындары атынан сөз алған көп балалы ана Рыскүл Ниязбекова.

Өз кезегінде Жамбыл өндірістік филиалының директоры Мұқан Сәдуақасов 2011 жылдың аяғына дейін облыста тағы да 2000 жуық үйді газдандыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, қазіргі уақытта 400 үйі бар Жамбыл ауданындағы Түрксіб ауылы, осы аудандағы Аса ауылының газдандырылмаған бөлігі (200 тұрғын үй), сондай-ақ Тараз қаласының жанындағы 200 үйі бар «Жігер» тұрғын алқабы  газдандырылуға дайындалуда.

2011-2012 жылдары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қордай Шу аудандарының елді мекендерін газдандыруға мүмкіндік ашатын жобалық құны 4 млрд. теңгені құрайтын Қордай-Шу газ құбырын салады. Ал облыс әкімінің бастамасымен Талас, Байзақ, Жамбыл аудандарының елді мекендеріне жүргізілетін газ құбырларының құрылысы үшін 2011 жылы республикалық бюджеттен 1,3 млрд.теңге бөлінген.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ таяу жылдардағы басты міндеті республиканың газдандырылған барлық аймақтарындағы, соның ішінде Жамбыл облысы аумағындағы газ тарату жүйелерін жаңарту, - деп атап өтті Мұқан Сәдуақасов. Өңірдің газ тарату желілерін қайта жөндеуден өткізу жөніндегі жобалар қарқынды жылжуда. Өткен жылы Тараз қаласының газ желілерін қайта жаңғыртудың техникалық - экономикалық негіздемесі әзірленсе, биыл жобалық-сметалық құжаттама дайын болды, ал келер жылы газ жүйелерін жаңарту жұмыстары басталады. М.Сәдуақасов жобаның жалпы құны 20 млрд теңге көлемінде екендігін жеткізді.

АЛМАТЫ. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту