«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының жаңа кеңсе ғимараты құрылысының негізін қалау салтанатына қатысты

размер шрифта: Aa | Aa
06.09.2011 22:08

Қазақстан Республикасының Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні қарсаңында Атырау қаласында және Атырау облысының Доссор кентінде, Доссор кен орнының 100 жылдығы және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар  өтті, деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі.

«ҚазМұнайГаз» ҰК  АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин Атырау қаласындағы «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының мұнай даңқы мұражайы бар жаңа кеңсе ғимараты құрылысының негізін қалау салтанатына қатысты.

- Доссор мұнайының алғашқы мұнайшылары Батыс Қазақстанның басқа да мұнай кен орындарын игерудің қарлығаштары болды. Батыс Қазақстанның мұнай саласының дамуына өз үлесін қосқандардың атына Доссорда «Доссор мұнайына 100 жыл» ескерткіш тұғыры мен Мұнайшылар даңқы саяжолы ашылады, - деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасы төрағасы Қайыргелді Қабылдин.

Доссор кентіндегі мерейтойлық іс-шаралар шеңберінде 80 орындық, балаларға арналған қазіргі заманғы жабдықтармен, жиһаз бен ойын аттракциондарымен қамтамасыз етілген «Ботақан» бала бақшасы ашылды. Сонымен қатар Доссор кентінде дене-шынықтыру сауықтыру кешені қайта жаңартылып, күрделі жөндеу жүргізілді, тренажер және күрес залдары салынды. Стадионда футбол алаңының белгілерімен бірге жасанды газон жабындысы салынып,  қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, «Мұнайшы» мәдениет үйінде, «Доссормұнайгаз» МГӨБ ғимаратында, «Доссормұнайгаз» МГӨБ-тің қонақ үйінде қайта жаңарту мен күрделі жөндеу жүргізілді, Доссор кентіндегі 4 орта мектептің аумағында жасанды жабыны бар бес спорт алаңы, кіші сәулет нысандары бар балаларға арналған бес аула алаңы орнатылды.   

Сондай-ақ мерейтойлық іс-шаралар аясында  «Каспий: мұнай және мәдениет» атты фотоальбомның тұсаукесері болды. Басылымға Маңғыстау,  Атырау облыстарының және Ресей Федерациясының  Астрахань облысының аумағы бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен жасалған алғашқы ғылыми-публицистикалық экспедицияға қатысушылардың сирек кездесетін, оның үстіне алғаш рет жарияланып отырған фотосуреттер мен жолжазбалары және философиялық эсселері еніп отыр. Басылым ғылыми-танымдық сипатта, өз елінің болашағына алаңдайтын адамдарға арналған.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин «Ембімұнайгаз» өндірістік филиал қызметкерлерін Доссор кен орнының  100 жылдығымен және кәсіби мерекелерімен құттықтады.

- «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жұмысының аса маңызды және ажырамас бөлігі - бұл әлеуметтік сала. Біздің кәсіпорындар қала түзуші болып табылады және оларға қызметкерлеріміздің, олардың отбасыларының, біз қызметімізді жүзеге асырып жатқан кенттер, қалалар мен өңірлер тұрғындарының еңбек және өмір сүру жағдайын жақсарту үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. «ҚазМұнайГаз» Қазақстандағы ұлттық компаниялардың ішіндегі көшбасшы болғандықтан, осылардың бәрін жүзеге асыру - біздің міндетіміз, - деп атап өтті ҚМГ басшысы.

Мәселен, Атырау облысының әкімшілігімен әлеуметтік серіктестіктің 2011 жылға арналған бағдарламасы шеңберінде «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Атырау облысында 300 млн. теңгеге 5 дене-шынықтыру сауықтыру кешендерінің құрылыс жобасын іске асырып отыр. Атырау облысындағы Миялы кентінде қазіргі заманға сай 150 млн. теңге тұратын дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып отыр, ол Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні қарсаңында іске қосылады.

Доссордың 100 жылдығымен мұнайшыларды «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директор (басқарма мүшесі) Алик Айдарбаев та құттықтады.

«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының ең озық қызметкерлеріне және ардагерлерге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ құрмет грамоталары мен естелік белгілері, сондай-ақ Доссор кен орнының 100 жылдығына орай «Доссор мұнай кен орнына 100 жыл» мерейтойлық белгілері тапсырылды.

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту