Маңғыстау облысы мұнай-газ секторындағы жалақы деңгейі еліміздегі ең жоғары жалақы болып табылады - Бас прокуратура

размер шрифта: Aa | Aa
08.09.2011 16:12
Бас прокуратура Маңғыстау облысы мұнайгаз секторы кәсіпорындарында жалақы төлеу жүйесіне талдау жүргізді,деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.  

Белгілі болғандай, наразылық білдірген мұнайшылардың негізгі талаптары жалақы төлеу жағдайын жақсарту, атап айтқанда, жалақы мөлшерін көбейту болатын. Осы мәселені зерделеген және салыстырмалы талдау жүргізген кезде төменде келтірілгендер анықталды.

Статистика жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері бойынша Қазақстанда жұмысшылардың орташа айлық номиналды жалақысы ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жай-күй бойынша 83,2 мың теңге, ал Маңғыстау облысында - 138,2 мың теңгені құрайды. Осы көрсеткіштің неғұрлым көп 164,3 мың теңге мөлшері Атырау облысында байқалады.

Бұдан басқа, еліміз бойынша өнеркәсіп саласындағы орташа айлық жалақы мөлшері 101 мың теңге, ал Маңғыстау облысында 195,4 мың теңге, соның ішінде мұнайгаз саласында - 242,8 мың теңгені құрайды. Осы көрсеткіштерді Ақтөбе облысымен салыстыратын болсақ, мысалы, 91,6 мың, соның ішінде, мұнайгаз саласында - 112 мың, Қызылорда облысында тиісінше - 70 және 115 мың теңгені құрайды.

Еліміздің батыс өңірінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде (оған мұнайгаз секторы да кіреді)  163 кәсіпорын тіркелген, онда 68,4 мың жұмысшы, соның ішінде ауыр жұмыстарда 28,4 мың жұмысшы еңбек етеді.

Наразылық білдірушілердің келесі талабы өндірістегі жұмысшылардың жалақысы мен әкімшілік-басқару персоналдарының жалақысы арасындағы айырмашылықпен келіспеу болып табылады.

Жүргізілген талдау көрсеткендей, «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ басқару персоналдары қызметкерлерінің ай сайынғы жалақы мөлшері (жылдағы жұмыс қорытындысы бойынша сыйақы сомаларын қоспағанда және жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы төлемі сомаларын шегергенде) төмендегідей көрініске ие:

  • - жетекші маман - 269 мыңнан 510 мыңға дейін;
  • - кіші маман - 215 мыңнан 241 мыңға дейін;
  • - маман - 120 мыңнан 152 мыңға дейін.

Жұмысшылардың орташа айлық жалақысын айқындаған кезде (МЗҚ мен ЖТС шегере отырып) оның мөлшері мынадай шектегі жұмысшылардың мамандығы мен кәсібіне байланысты болатыны анықталды:

  • - «Қаражанбасмұнай» - 93 мыңнан (еден сыпырушы) 278 мың теңгеге дейін (6-шы разрядты мұнай өндіру операторы)',
  • - «Тұлпармұнай» ЖШС - 161 мыңнан (монтаждағы такелажник) 324 мың теңгеге дейін (бұрғылау бригадасының мастері)',
  • - «Арғымақтранссервис» - 131 мыңнан (көлік жуушы) 202 мың теңгеге дейін (цемент агрегатының машинисі)',
  • - «ҚМГ БӨ» АҚ «Өзенмұнайгаз» ӨФ - 76 мыңнан (еден сыпырушы) 339 мыңға теңгеге дейін (жерасты ұңғымаларын жөндеу операторы).

Жалақы төлеу жүйесіндегі айырмашылық жұмыс ерекшеліктеріне, лауазымды міндеттерге, күрделілік деңгейіне және қабылдаған шешімі үшін жауапкершілік шараларына байланысты болып отыр. Бұдан басқа, мәлім болғандай, өндірістік персонал жұмысшыларының жалақысы ұжымдық шарттың ережелеріне сәйкес тарифтік жүйеге негізделген, яғни, істеген жұмысы бойынша төленеді, ал басқару персоналдарының жалақысын төлеу есебіне оклад жүйесі қолданылады. 

«Қазмұнайгаз БӨ» АҚ ұсынысы бойынша компания өзге мұнай өндіруші компаниялардың, соның ішінде шетелдік компаниялардың шығыстар және жалақы деңгейін кезең сайын салыстырып талдап отырады. Осындай мониторингтердің нәтижелері қазақстандық кен орындарында жұмыс істейтін өндірістік персоналдар жалақысының мөлшері ресейлік компаниялардың осыған ұқсас жұмысшылары жалақысынан жоғары екенін, орта деңгейдегі жалақы (филиалдың инженерлік-техникалық құрамы) шамамен бірдей, ал басқарудың жоғарғы буыны негізгі құрамының жалақысы 2-3 есеге аз екенін көрсетті.

Мысалы, Ресейдегі Волго-Урал өңіріндегі кәсіпорындардағы ұңғымаларды жөндеу жөніндегі 5-ші разрядты оператордың жалақысы 780 АҚШ долларын, ал Батыс Сібірде - 1100, ал «Өзенмұнайгаз» ӨФ-да - 2 760 АҚШ долларын құрайды. Ресейдегі Волго-Урал өңіріндегі, Батыс Сібірдегі, «Өзенмұнайгаз» ӨФ-дағы және «Қазгермұнай БК» ЖШС-гі жер асты  ұңғымаларын жөндеу жөніндегі 5-ші разрядты операторды жалақысы тиісінще 609, 870, 1570 және 1186 АҚШ долларын құрайды. Маңғыстау өңіріндегі осыған ұқсас кәсіпорындардың өндірістік персоналдарының орташа айлық жалақысы да 96 мыңнан 211 мың теңгеге дейін барады.

Осылайша, Маңғыстау облысы мұнай-газ секторындағы жалақы деңгейі еліміздегі ең жоғары жалақы болып табылады, ол жалақының ең төменгі стандарттары туралы заңнама нормаларының талаптарын сақталғанын, наразылық білдірушілер талаптарының заңсыз екендігін білдіреді.

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту