Мәжіліс газ және газбен жабдықтау туралы заң жобасын мақұлдады

размер шрифта: Aa | Aa
03.11.2011 11:32
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында  палата депутаттары «Газ және газбен жабдықтау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Енді құжат Парламент Сенатына жіберіледі.

Аталған заң жобасы еліміздің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұтынушылардың барынша кең ауқымын іркіліссіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге жағдай жасау мақсатында әзірленген. Бұнымен қоса, заң жобасымен республиканың отын-энергетикалық балансында газ үлесін арттыру және әсіресе, өндірілетін ілеспе газды ел мұқтаждықтарына тиімді пайдалану шаралары қарастырылады.

«Заң жобасы Үкімет айқындайтын ұлттық оператордың қызметі үшін заңнамалық базаға айналады. Оның негізгі міндеттерінің бірі республиканың ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басымдығы мақсатында мемлекеттің тауарлы және шикізатты газды сатып алудың басым құқығын іске асыру көзделеді. Бұдан бөлек, газдандырудың бас схемасын әзірлеу мен бекіту жоспарланып отыр. Оның мәні бойынша жұмыс істеп тұрған газбен жабдықтау нысандарын жаңғырту мен жаңаларын салудың жоспары жасалады. Газдандырудың бас схемасын іске асыру газдың ішкі ресурстарының есебінен елді газдандыру жөніндегі стратегиялық міндетті шешуге мүмкіндік береді», - дейді Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша газдың ішкі нарығындағы бағаны мемлекеттік реттеу тәртібі бекітіледі. Бұл ретте тауарлық және сұйытылған газ үшін Үкімет бекітетін шекті көтерме сауда бағасын енгізу көзделген.

«Бұдан бөлек, бүгінгі таңда сұйытылған газ нарығының реттелмей отырғаны құпия емес. Осыған орай, депутаттардың ұсынысымен сұйытылған газға деген ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында заң жобасында өңірлердің мәлім болған қажеттіліктерін ескере отырып, ішкі нарыққа сұйытылған көмірсутек газын жеткізудің жоспарын бекіту көзделеді. Сонымен қатар, тиісті материалдық-техникалық базасы жоқ біркүндік фирмаларды газ нарығынан шығару мақсатында газ желісі ұйымдарын аккредиттеу тәртібі қарастырылады», - дейді министр.

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту