Қазақ мұнай және газ институты ғылыми-инжинирингтік бейіндегі жетекші әлемдік компаниялар деңгейінде қызмет етуге ұмтылуда - Ұзақбай Қарабалин

размер шрифта: Aa | Aa
17.11.2011 15:02

altМұнай-газ саласы еліміз дамуының ауқымды жоспарларын жүзеге асыруға база жасайтын Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Осыған байланысты саланы дамытуды ғылыми қамтамасыз етудің, мамандандырылған ғылыми-зерттеу орталықтарын қолдану есебінен жаңа технологиялар жасаудың маңызы зор.

Біздің тілшімізбен әңгімесінде «Қазақ мұнай және газ институты» (ҚМГИ) АҚ бас директоры Ұзақбай Қарабалин институт атқарып жатқан жұмыстар, болашаққа жоспарлары туралы айтып берді.

- Ұзақбай Сүлейменұлы, сіздің институттың тарихы жөнінде айтып өтсеңіз. 

- Қазақ мұнай және газ институты 2002 жылы Үкімет қаулысымен құрылды және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобында жұмыс істейді. Институт құрамына «Каспиймұнайгаз» ҒЗЖИ (Атырау), ҚазҒЗЖИмұнайгаз (Ақтау) сияқты беделді ғылыми-зерттеу және жобалау мекемелері кіреді, оның қызметкерлері жарты ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстанның барлық дерлік мұнай және газ кеніштерін барлауға және игеруге тікелей қатысып келеді. Бұдан кейін ҚМГИ құрамына «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ» ЖШС қосылды, онда 2010 жылы Қазақстандағы бірегей петрофизикалық зертхана ашылды, ол заманауи жабдықтармен жарақтанған. ҚМГИ құрамында «Петродата Қазақстан» АҚ және «Наукоград» ЖШС жұмыс істеуде. Өткен жылдар ішінде ҚМГИ жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен жобалау-барлау компанияларының басын қосқан жетекші салалық жобалау-зерттеу орталығына айналды. ҚМГИ Қазақстанның мұнай саласының  ғасырдан астам тарихында жинақталған тәжірибені сақтаумен қатар, оны молайта түсуге елеулі үлес қосуда.

- Бүгінгі таңда Институт қандай бағытта жұмыс жасап келеді?

- ҚМГИ соңғы жылдары көбінесе жобалау институты ретінде қызмет атқаруда. Осы заманғы ғылыми-инжинирингтік қызмет деңгейіне шығу үшін біз мамандандырылған ғылыми-зерттеу орталықтарын пайдалана отырып, жеделдетілген және дәйекті ғылыми-зерттеу жүйесін дамыту, өз технологияларымыз бен ноу-хау  базасын қалыптастыру жолында жұмыс жасап жатырмыз. Инжинирингтік қызмет бөлігінде біз орындайтын жұмыстар түрін ауқымды түрде әртараптандыруды жүзеге асырудамыз, еңбек өнімділігін арттыруға заманауи тұрғыдан келе отырып, тиісті бағдарламалық-техникалық кешенді ұйымдастырып отырмыз.

Біз бірлескен кәсіпорындар және мұнай-газ саласының технологиялық мүмкіндіктерін бірлесе қарастыру тетіктерін қолдана отырып, әлемдік көшбасшы-компаниялармен ынтымақтасып келеміз. Бұл жерде әңгіме бірлескен кәсіпорындарының санында емес, қазақстандық тараптың мүдделерін барынша ескеру маңызды. Олардың ішінде - өндірістік тәуекелдерді барынша азайту, осы заманғы технологияларды жедел және тікелей игеру, өзіміздің инновацияық жобалық шешімдер мәліметтері базамызды барынша толыққанды өрістету, жаһандық нарықта қазақстандық институттың бәсекеге қабілеттілігін серпінді дамыту мүмкіндіктерін кеңейту сияқты елеулі бағыттар бар.

Ағымдағы жылы біз «Теңізшевройлды» болашақта дамыту жобасымен жұмыс жасау үшін «Fluor», «Worley Parsons» және «ҚазГипроМұнайгаз» компанияларымен бірлескен кәсіпорындарға қатысушы болдық. Біз сондай-ақ мұнай-газ нысандарының энергия тиімділігі  саласындағы инжинирингтік жұмыстар түрін кеңейте түсуді және заманауи бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізуді, зертханалық-зерттеу базасын дамытуды және басқа да бағыттарда өрісімізді кеңейте түсуді жоспарлап отырмыз. Францияның, Қытайдың, Ресейдің және басқа да елдердің танмал компаниялары -  біздің әріптестеріміз. Біздің институт «Shell» компаниясымен бірге Қазақстанның мұнай-газ саласын технологиялық дамытудың контурлық жоспарын жасауға қатысты.

Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет көмірсутектерді барлау және өндіру саласындағы техникалық және технологиялық проблемалардың барлық қырын зерделеу жөнінде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазір Контурлық жоспарды жүзеге асырудың арнайы Жол картасы жасалуда. 2015 жылға дейін біз еңбек өнімділігін кемінде екі есе арттыру жолдарын қарастырудамыз. Бұл арадағы өзекті мәселе жобалау жұмыстарын автоматтандыру үшін озық бағдарламалық-техникалық кешенді пайдалану болмақ. Айталық, 2011 жылдың ішінде біздің 90-нан астам инженерлеріміз 3D-жобалау технологиялары бойынша оқудан өтті. Жыл соңына дейін біз жаңа стандарттар бойынша алғашқы жобаны аяқтап шығатын боламыз.

- Қазақ мұнай және газ институты қандай жетістіктерімен - зерттеу, жаңалықтар, жобаларымен танымал?

- Біздің Институтты бүгінгі күні республиканың мұнай және газ кешенінің «құзыретті орталықтарына» жатқызуға болады. 2010 жылдың ішінде ҚМГИ және оның компаниялары 300-ге жуық инжинирингтік және ғылыми-зерттеу жобаларын жасады. Осындай жұмыс көлемі ағымдағы жылы да орындалады деп ойлаймын. Біздің институт Қазақстан Республикасының көптеген ірі  мұнай және газ құбырларын жасау жобаларына қатысқан. Солардың ішінде Қазақстан-Қытай мұнай-газ құбырының жобалануына қатысуын, Каспий мұнай құбыры консорциумына, сондай-ақ 1500 шақырымға созылған «Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» Азиялық газ құбырының қазақстандық учаскесін жобалауға қатысқанын ерекше айтып өтуге болады.    

Біз Атырау-Самара бағытындағы мұнай құбыры тасымал бағыттарының нұсқаларына техникалық-экономикалық бағалау жүргіздік. Республиканың оңтүстік аймақтары үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы зор «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры жобасы - ҚМГИ-ның маңызды жобасы болып табылады. Одан басқа, біз көптеген кен орындары қоры бойынша есептеу және қайта есептеу жұмыстарының айтарлықтай көлемін атқардық, бұл жерде Теңіз сияқты ең ірі кен орнын айтып өтуге болады. Институт экология мәселелері бойынша зертеулерін кеңейтіп келеді, оның ішінде біздің мұнай және газ кен орындарында күкіртті сутек мөлшерінің жоғары болуына байланысты күкіртті іске жарату да бар.

Инновациялық жобалардың бірі - құрамында күкірт бар композиттер мен тұтқыр қосымшаларының негізінде құрылыстық және жол құрылысының материалдарын алу үшін технологияны жасау. Гидрофобтық қасиеттері бар нанодисперстік күкіртті қолдану еліміздің Батыс аймағында аса қажетті болып табылатын төменгі сортты табиғи шикізаттан сапалы құрылыс материалын алуға мүмкіндік береді.

- Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қалайша қамтамасыз етесіз? Институт мұнай және газ саласындағы мамандарды даярлау жүйесін реформалауға және дамытуға қатыса ма?

- Өкінішке қарай, Кеңестік кезеңнен кейінгі уақытта көптеген себептермен ғылым және өндіріс арасындағы байланыс, сонымен қатар отандық мамандардың жаңа ұрпағын даярлау күрделеніп кетті. Қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» Қоры басшылығының арқасында аталған мәселелерге база назар аударылуда. Әсіресе, біздің Институт «ҚазМұнайГаздың» рентабельділігі төмен кен орындарын жаңа қазақстандық жасалымдар мен әлемдік жақсы сұранысқа ие болған трансферттерді сынайтын полигон ретінде қолдануды ұсынады. Бұдан бөлек, бұл жерде мұнай және газ мамандықтары бойынша білім алатын қазақстандық студенттердің тәжірибе алуларына болады.

Республиканың басты инжинирингтік компанияларының бірі ретінде ҚМГИ-дың жаңа сапада жұмыс істеуінің маңызды құрамдас бөлігі - кадрлар екендігін түсінеміз. Қазіргі кезде біз Қазақстанның мұнай және газ ғылымындағы тоқырау жылдарында пайда болған ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс істеудеміз. Аға ұрпақ арасындағы білімді мамандар мен жаңа ерекшелікке ие білімі бар, бірақ еңбек қызметінде қажетті тәжірибесі жоқ жас ұрпақтың тәжірибелерін біріктіру керек. Соңғы бір жарым жылдың ішінде ҚМГИ-да екі жүзге жуық жаңа жоғары интеллектуалдық жұмыс орындары құрылды, 60 жас маман, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша - 9 адам, Қазақстан-Британ техникалық университетінің 15 түлегі, басқа да көптеген Батыс елдері мен отандық жоғары оқу орындарының түлектері жұмысқа алынды.

Біздің институтта жұмыс істеу үшін қысқа мерзім ішінде өздерінің тәжірибелері мен білімдерін біздің мамандарымыздың тобына бере алатын халықаралық деңгейдегі жетекші инженерлер тартылады. Өз кезегінде бұл топтың әрбір қызметкері бұл білімді одан әрі кейінгі жастарға беру эстафетасын жалғастырады. Біздің мақсатымыз - 2015 жылға қарай бұрынғы ұрпақтың оң тәжірибесі мен жобалық жұмыстың заманауи халықаралық дағдыларын үйлестіре білген мамандардың жаңа толқынын тәрбиелеу. Нәтижелер бар. Теңіздегі бірқатар шетелдік компаниялар біздің жас мамандарымыздың кәсібилігін, жауапкершілігі мен жүйелі шешімдер қабылдай білу қабілетін жоғары бағалауда. Біздің мақсатымыз - іргелі зерттеулерден - серпінді шешімдерге қарай ойысу. Бұл орайда бізге бағыт сілтеп, көмек көрсетуде, ұлттық компаниялардың инновациялық дамуына, соның ішінде мұнай және газ саласына қолдау көрсетуде «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының төрағасы Тимур Құлыбаев зор қамқорлық жасап келеді.

- Институттың болашаққа деген жоспарлары қандай?

- Бүгінгі таңда  институттың еншілес кәсіпорындарын, нақтырақ айтқанда  Ақтау және Атырау қалаларындағы құрылымдарымызды қазіргі заманға сай лабораториялық жабдықтармен жарақтандырып жатырмыз. Мұнай-газ саласы бойынша «Инновациялық парктің технологиялары» еркін экономикалық аймақ аумағында кешеннің ғылыми-зерттеу орталығы құрылмақ. Өңірлік лабороториялар ақпаратты  жинау, сақтау және өңдеу сияқты бағыттарда жұмыс істейтін болады. «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағында орналасқан  «ҚМГИ» ғылыми-зерттеу орталығы қолданбалы және іргелі ғылыми және тереңдетіле лабораториялық және талдау жұмыстарын жүргізуде. Болашақта орталық жалпы  жүйедегі, сонымен қатар  жекелеген  жергілікті инновациялық технологияларды трансферттеу жұмыстарымен айналысатын болады.

Отандық мұнай-газ саласында зерттеуді қажет ететін бірқатар бағыттар бар. Мысалы, биостратиграфия және седиментология лабораториялары ұңғыларды тереңдете зерттеу жұмыстарын орындайтын болады.

Соңғы кезде қазақстандық геология ғылымын дамытуға қатысты түрлі пікірлер, былайша айтқанда әділ сын айтылып жүр. ҚМГИ өз тарапынан мұнай-газ геологиясына жаңа серпін беруге ұмтылуда. Біз «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның тапсырысымен тұнба бассейндерді кешенді зерттеу жөнінде маңызды жобаны қолға алдық. Бұл жобаға Қазақстанның барлық жетекші геологтарының әлеуетін жұмылдырып отырмыз. Бүгінде көмірсутектер республиканың батысында Каспий маңы, Үстірт-Бозашы және Маңғыстау бассейндерінде шоғырланған. Осы жобаның көмегімен аталған бассейндерде  барлау жұмыстарының жаңа мүмкіндіктерін анықтауға қол жеткіземіз, сондай-ақ елдің басқа да аймақтарындағы әлеуетті мұнай-газ қабаттары учаскелерін анықтай аламыз деп ойлаймын.

ҚМГИ мұнай-газ ғылыми-инжинирингтік компаниясы ретінде басқа да салалық тақырыптарда бірқатар  жұмыстар атқаруда. Біздің институт ғылыми-инжинирингтік бейіндегі жетекші әлемдік компаниялар деңгейіне жетуге тырысуда. Мемлекет тарапынан да, акционерлер жағынан да қолдау бар. Тәжірибе, ынта, тиімді жұмыс әдістері де жетеді.

Әрине, мұнда кейбір сәтсіздіктер де болуы мүмкін. Бірақ біз одан қорықпаймыз. Біз Қазақстанның мұнай-газ ғылымының болашағына сенеміз. Және де жыл сайын тәжірибеге енгізілген серпінді инновациялар көбірек болуына барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

 - Әңгімеңізге рахмет.

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту