«ҚазМұнайГаз» компаниясының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардағы шығындары 2016 жылға дейін 46 миллиард теңгеге ұлғаймақ

размер шрифта: Aa | Aa
25.11.2011 13:34

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ  инновациялық инфрақұрылым құру үшін 43 миллиард  теңге шамасында қосымша қаражат бөлуді жоспарлауда.Бұл жайлы ұлттық компанияның Басқарма төрағасы Болат Ақшолақов бүгін Алматыда инновациялық даму мәселелері туралы кеңесте айтты.

Мұнай-газ кешенінің инновациялық дамуын қамтамасыз ету үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 2011-2016 жылдарға арналған инновациялық-технологиялық бағдарламасы әзірленген болатын. Ол  мұнайды қайта өңдеу тереңдігін, өнімдер ассортиментін ұлғайту, өнімдер сапасын халықаралық стандарттар дәрежесіне дейін жақсарту, кен орындарының қорлары мен мұнай қайтарымын ұлғайту, өңдеу көлемін арттыру, шығындарды азайту үшін ресурс үнемдейтін, экологиялық қауіпсіз өнеркәсіптік-технологиялық зерттеулерді кеңінен пайдалануға жағдайлар жасауға бағытталған.

«ҚазМұнайГаздың» инновациялық қызметі әр түрлі элементтер мен деңгейлердің инновациялық қызметінен құралады. Біз бүгін  ғылым мен бизнестің арасындағы ортақ жанасуды жолға қою, «ҚазМұнайГаз»  компаниялар тобындағы инновациялық даму саласындағы мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз. 2011-2016 жылдарға арналған инновациялық-технологиялық бағдарламада ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға және инновациялық кластерді құруға қомақты қаржы көзделген», - дейді Б. Ақшолақов. Оның айтуынша, 2016 жылға дейін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындары 46 миллиард теңгеге  дейін өседі. Ол негізінен геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру, мұнай және газ тасымалдау жүйесін және технологияларын жетілдіру, экология, энергоресурс үнемдеу, мұнай қайтарымын көтеру мақсатында тозған кен орындарын өңдеу тиімділігін арттыру сияқты ғылыми ауқымды бағыттармен байланысты. Бұдан басқа инновациялық инфрақұрылым құру үшін «Aлатау» ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақ аумағында ҚМГИ Ғылыми-зерттеу орталығының және КБТУ Ақпараттық технологиялар және мұнай-газ инжиниринг институтының нысандарын  салуға, мұнай қайтарымын арттыратын инновациялық технологияларды сынақтан өткізу үшін тәжірибелік-өнеркәсіптік алаң жасауға 43 миллиард  теңге шамасында қосымша қаражат бөлу жоспарлануда.Сондай-ақ бейіндік мамандығы бойынша 10 қазақстандық жас ғалымға жыл сайынғы сыйақы тағайындауды және «ҚазМұнайГаз «компаниясы тобының қызметкерлерін ынталандыру мақсатында ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу бойынша өнертапқыштық бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.

АЛМАТЫ. 25 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту