МГМ қазақстандық тауарлар, жұмыс және қызмет түрлерін ұсынушыларға жасанды кедергілер келтіріп жатқан жер қойнауын пайдаланушыларға санкциялар қолданатынын ескертті

размер шрифта: Aa | Aa
30.11.2011 13:00

Қазақстандық тауарлар, жұмыс және қызмет түрлерін ұсынушыларға жасанды кедергілер келтіріп жатқан жер қойнауын пайдаланушыларға қатаң санкциялар қолданылады, деп ҚР мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов мәлім етті.

Қ. Сафиновтың айтуынша, қызмет түрлерін ұсынушылардан көптеп шағым келіп түсуде. Олар жер қойнауын пайдаланушылардың әртүрлі тендерлерінде олармен үлестес мекемелер ұтып кетіп жүргеніне шағымдануда.  

«Біз тексеру өткізіп, олар бойынша жеке талдау жүргіземіз... Бұл елбасының, үкімет пен министрліктердің саясаты (қазақстандық үлесті арттыру – ҚазТАГ). Сондықтан бұл мәселеде қатаң бақылау жүргізіп, қатаң санкциялар қолданамыз», - деді ол сәрсенбі күні мұнайгаз саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт міндеттерінің орындалуының 9 айлық қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесінде.

Қ. Сафинов санкциялар айыппұл салуды, инвестициялық міндеттерді орындамады деп тануды, ал келешекте – жер қойнауын пайдалану келісімшартын бұзуды қарастырады деді.

Бұл ретте ол жер қойнауын пайдаланушылар жасанды түрде қазақстандық кәсіпорындардың сатып алуларға қатысу мүмкіндігін шектеген жағдайларын мысалы ретінде келтірді.

«Мысалы, «CNPC-Актобемунайгаз» сатып алуға қажет құжаттарды тапсыру үшін 150 мың теңге талап етеді екен. Неге осындай сома талап етілетіні түсініксіз. Мың доллардай...», - деді ол.

Қ. Сафиновтың пікірінше бұл компанияға «белгілі бір қорытынды» шығару керек.

«... Мен ол компания айтарлықтай табысты компания деп есептеймін және ол халықаралық стандарттарды сақтай отырып, жергілікті үлесті арттыруы тиіс», - деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, кейбір жағдайларда бір компания қызмет ұсынушыдан жарғылық капиталы $800 млн-нан кем емес, және жылдық айналымы кем дегенде $500 млн болуын талап еткен жағдайлар да кездесіпті. «Мен мұны бәсекелестік ортаны әдейі шектеу деп есептеймін. Бұл әдейі арнайы жеткізуші үшін жасалып отырған жағдай», - деп ол атап көрсетті.

9 айдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық өндірушілерден сатып алу көлем Т734 млрд болыпты.  

Астана. 30 қараша. ҚазТАГ - Айгүл Түлекбаева.


PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту