Қазақстан Үкіметі мен Қарашығанақ жобасындағы мердігер компаниялар проблемалық мәселелерді реттеу бойынша келісімге қол қойды

размер шрифта: Aa | Aa
14.12.2011 11:11
Бүгін Қазақстан Үкіметі мен Қарашығанақ жобасындағы мердігер компаниялар проблемалық мәселелерді реттеу бойынша келісімге қол қойды.

 Атап айтқанда, бұл құжатқа Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, БиДжи груп компаниясының атқарушы вице-президенті Эшли Алланзе, Энни компаниясының бас операциялық директоры Клаудио Дескальци, сондай-ақ ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев, Лукойл компаниясының вице-президенті Андрей Кузяев, Шеврон компаниясының басқарушы директоры Скотт Дэвис бекітті. Айта кетейік, 2009-2011 жылдар аралығындағы ұзақ келіссөздердің нәтижесінде Қарашығанақ Консорциумы бұдан бұрынғы келіспеушіліктерді реттеу мақсатында Қазақстанға 5 пайызын беруді, сондай-ақ нарықтық бағамен қосымша тағы бес пайызды аталған жобаға қатысу үшін сатуды келісті. Осы арқылы Қарашығанақ жобасындағы еліміздің қатысуы үлесі 10 пайызға дейін жеткізілді. Мұнай және газ министрі таратқан мәліметтерге қарағанда, Қазақстанмен Консорциум Қарашығанақ жобасын жүзеге асырудағы тараптардың өзара тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз ету үшін салық салу, кедендік төлемдер, шығындардың орнын толтыру секілді бағыттарда барынша ашықтықты қамтамасыз ету тұрғысында бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қарашығанақ Консорциумымен арадағы келісім-шарттың тұрақтылығын қуаттады. Мұнымен қоса, қазақстандық тараптың жобаға қатысушы ретінде енуін ескере отырып, Қазақстан Каспий құбыры Консорциумында жылына 0,5 миллион тонна көлемінде (бұдан кейін жылына 2 млн. тоннаға дейін) қосымша квота бөлуді келісті. Қорытынды келісім-шартқа қол қою тараптардың бірқатар талаптарды орындауына байланысты орындалады, яғни бұл шара 2012 жылдың 1 жартыжылдығында іске асырылады деп күтілуде. Бұл келісім-шарт аяқталғаннан кейін барша келісімдер күшіне енеді, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» компаниясы 10 пайыздық үлеспен Қарашығанақ жобасына қатысушы ретінде тіркеледі. Министрліктің мәліметіне қарағанда, Қарашығанақ кен орны әлемдегі ең ірі қорлардың бірі болып табылады. Ондағы сұйық көмірсутектердің көлемі 1,2 миллиард тонна, ал газ 1,35 триллион текше метрді құрайды. Қарашығанақ жобасында Бритиш Газдың үлесі 32,5 пайыз, Аджип үлесі 32,5 пайыз, Шеврон - 20 пайыз, сондай-ақ Лукойлдың үлесі 15 пайыз деңгейінде.

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту