Жаңаөзендегі тәртіп бұзушылыққа байланысты «KAZENERGY» Қауымдастығы алаңдаушылық білдіріп, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы есеп-шот ашып отыр

размер шрифта: Aa | Aa
19.12.2011 20:57

БАСПАСӨЗ БАЯНЫ. Жаңаөзендегі тәртіп бұзушылыққа байланысты «KAZENERGY» Қауымдастығы алаңдаушылық білдіріп, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы есеп-шот ашып отыр

Қазақстан Республикасы, Астана, 19 желтоқсан, 2011 жыл.

Қазақстанның мұнай-газ және энергетика секторы кәсіпорындарының «KAZENERGY» Қауымдастығы еліміздегі аса маңызды мұнай мен газ өндіруші аймақтардың бірінде болып жатқан оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Қазақстанның мұнай-газ саласында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіп бұзышулық сияқты осыншама адам зардап шеккен қайғылы оқиға алғаш рет болып отыр.

«Өзенмұнайгаз» кәсіпорынындағы еңбек дауы деструктивті күштердің итермелеуімен әлеуметтік қарсылыққа ұласып, қоғамдық тәртіпті бұзып, заңды аяқ асты еткен байбаламға әкеп соқты.  «KAZENERGY» Қауымдастығына мүше компаниялар мұндай жағдайды аймақтағы өндірістік компаниялар мен олардың ұжымдарына ғана емес, бүкіл аймақ тұрғындарына төнетін қауіп деп біледі.

Бұзақылық пен заңсыз іс-әрекеттер көмірсутек шикізатын өндіріп, тасымалдайтын бұл аймақта әлеуметтік, экономикалық, экологиялық  зиян келтіретін техногендік жағдайға себеп болуы  мүмкін, яғни, Қазақстанның энергетика саласының тұрақты жұмысына қауіп төніп тұр.

«KAZENERGY» Қауымдастығына мүше компаниялардың еңбек ұжымдары Жаңаөзен қаласында қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына көңіл айта отырып, оқиғаның ақ-қарасын анықтауға олардың қажыр-қайраты мен кемеңгерлігі жетеді деген үміт білдіреді.

Қауымдастыққа мүше компаниялар мен мұнай-газ саласының барлық өкілдері үшін «KAZENERGY» Қоғамдық қоры арнайы есеп-шот ашып отыр. Жиналған қаражат Жаңаөзендегі шиеленіс кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге жұмсалады.

Қауымдастық мүшелері аймақта белгіленген мерзімде қоғамдық тәртіп орнайды, құқық қорғау органдары жан-жақты тергеу жүргізіп, Маңғыстау облысындағы жағдайдың реттелуіне, және аймақтағы өндірістік кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандыруға септігін тигізеді деп сенеді.

«KAZENERGY» Қауымдастығы Қазақстан Республикасында мұнай-газ саласының ары қарай дамуы мен қолайлы инвестициялық ахуалға қажетті жағдай сақталады, ал көмірсутек қорларын игеру дүниежүзінің энергетикалық компанияларымен өзара тиімді принциптер негізінде жалғасады деген сенімде.

 АНЫҚТАМА:
2005 жылдың 2 қарашасында құрылған «KAZENERGY» Қауымдастығы заңды тұлғалардың тәуелсіз, коммерциялық емес,  өз еркімен құрылған бірлестігі болып табылады. Мақсаты – Қазақстан Республикасының жанармай – энергетикалық комплексінің тұрақты әрі қарқынды дамуына қажетті жағдай тудыруға үлес қосу.

Қауымдастықтың алдына қойған мақсаттарының ішіндегі аса маңыздысы  - бизнес пен биліктің арасында диалог ұйымдастыру, заң жобалары мен нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау жөніндегі сарапшы кеңестері мен жұмыс топтарының қызметіне белсене  араласу арқылы елдегі мұнай-газ кәсіпорындарының мүддесін қорғау, мұнай-газ және энергетика секторының жан-жақты дамуына септігін тигізу.

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту