«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының айлық жалақыларын жария етті

размер шрифта: Aa | Aa
20.12.2011 09:28

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мәліметтеріне қарағанда, бүгінде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының өндірістік қызметшісінің айлық жалақысы 300 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ ұлттық компанияның мәліметтері бойынша, соңғы бірнеше жылда Жаңаөзендегі мұнайшылардың жалақылары екі еседен көп өскен. Мысалы 2007 жылы 4 деңгейлі ұңғыларды жерастында жөндеуші оператордың айлық  жалақысы 147 мың 832 теңге болса,

үш жылдан соң, яғни 2010 жылы ол 296 мың 92 теңгеге дейін ұлғайған. Ал биылғы жылғы еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесі бойынша және инфляция шығындарын ескергендегі аталған оператордың айлығы 316 мың 719 теңгені құраған. Әрине, мұнда әр мамандық иесінің жалақысы әрқалай екендігін атап өту керек. Мысалы үшінші разрядты мұнай мен газды өндіру операторы ай сайын қолына 166 мың 135 теңге алса, төртінші разрядты оператор 199 мың 608 теңге алады. Ал бесінші резрядтағы оператордың айлығы 247 мың 427 теңге.  Арнайы техника машинистерінің жалақылары да осындай тәртіппен әркелкіленеді. Айталық «Өзенмұнайгаз» компаниясының бесінші разрядты мұнай өндіруші автоцистерна машинисінің орташа айлық жалақысы 268 мың 783 теңге болса, тап осы көлікті тіркемесімен бірге жүргізетін машинистің айлығы 30 мың теңгеге көп. Сондай-ақ жүктерді байлап, бекітумен айналысатын мамандық иесінің жалақысы оның разрядына байланысты. Төртінші разрядты ұңғыларды жерастында жөндейтін және жүкті байлап бекітетін маман 183 мың 270 теңге алса, оның бесінші разрядты әріптестері 226 мың 673 теңге алады.

Сонымен қатар «Өзенмұнайгаз» ұжымында жұмыс істейтін жоғары білімді және тәжірибелі инженерлік-техникалық мамандық иелері  жұмысшы кәсіп иелеріне қарағанда жалақыны көбірек алады. Осы орайда көптеген азаматтардың еңбек жолдарын осы жұмысшы мамандықтардан бастайтынын айта кету керек. Олар өздерінің шеберліктерін жетілдіре және білімдерін тереңдете отырып, еңбек лауазымын  бірте-бірте жоғарылата береді. Мысалы 10 разрядты бақылау-тексеру құрылғылары мен автоматтандыру инженерінің айлық жалақысы 260 мың 168 теңге болса, мұнай мен газды өндіру цехы бастығының айлығы 407 мың 768 теңге. Аталғандармен қоса жұмыс беруші мен кәсіподақ арасында 2011 жылдың ақпанында

қол қойылған компанияның ұжымдық келісімге байланысты міндеттемелері бар.  Осы құжат аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының барлау-өндіру ұжымы бір жұмысшысы үшін жылына сауықтыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету, балалардың демалысы, денсаулығына байланысты демалыстары мен еңбек демалысына  қажетті төлем ретінде жылына 1 миллионға жуық теңге бөледі.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша мемлекетте орташа айлық жалақының көлемі 83 мың 276 теңгені құраған. Ал кен өндіру өнеркәсібіндегі орташа жалақы  155 мың теңге. Маңғыстау облысындағы айлық жалақы 138,3 мың теңгенің көлемінде.

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту