Ақшабұлақтағы газтурбиналы электр стансасының толық қуатында іске қосылатын шағы таяу

размер шрифта: Aa | Aa
06.01.2012 13:47
Қазақстанның Индустрияландыру картасының аясында Қызылорда облысы бойынша да бірнеше серпінді жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Солардың бірі - Ақшабұлақ кен орнындағы газтурбиналы электр стансасының құрылысы. Оны «Кристалл менеджмент» ЖШС жүргізуде.

Өткен жылдың қараша айының соңында аталмыш электр стансасын техникалық қосудың салтанаты болып өтті. Бұл құрылыстың құны 19,6 млрд. теңгені құрады. Ал құрылыс жұмыстары 2010 жылдың бірінші тоқсанында басталған еді. Осы кезге дейін стансаға қатысты жұмыстардың басым бөлігі атқарылып болды. Мұнда газдан электр қуатын өндіретін қондырғының жұмысы туралы ерекше атап өтуге болады. Құрылыс орнына газтурбина қондырғысын, генераторлар мен басқа да қажетті механизмдерді Жапонияның ««HITACHI ltd»» компаниясы жеткізіп берді. Жапон мамандары бірінші газтурбинаны орнатты. Сондай-ақ АҚШ пен Финляндияда шығарылған вентиляциялық жүйе мен жаңа электротехникалық жабдықтарды құрастыру жұмыстары аяқталды.

Компания басшылары атап өткендей, шетелдерден алдырылған барлық тораптар мен агрегаттар барынша жаңа технология бойынша дайындалған. Олар сапаның барлық талаптарына жауап береді. Қазіргі таңда Ақшабұлақ кенішіндегі газтурбина стансасының құрылыс-құрастыру жұмыстары толық аяқталған. Мұндағы жұмыстың келесі кезеңі электр қуатын өндіретін бірінші газтурбина кәсіпорнын іске қосу болып табылады. Одан әрі стансаның қуаты біртіндеп арттырыла бермек. Бұл аймақтың электр қуатына деген тапшылығын төмендетіп, облыс тұрғындарының ілеспе газды толық көлемде пайдалануына жеткізеді. Өнеркәсіптік аймақта үш газтурбиналы станса жұмыс істейтін болады. Бүгіндері бұл жерде 60 адамға арналған вахталық кент пен тұрмыстық баспана, кешенді трансформаторлы станса салынып бітті. Оларда қызметерлердің тұрағы, спорт алаңы мен автотұрағы орналасады. Станса толық қуатында жұмыс жасауға көшкен кезде ол 87 мВт электр қуатын өндіреді. Кәсіпорын жылына бұрын ауада алау болып жағылып келген 185 млн. текше метрлік газ ауқымын пайдаланады. Өз кезегінде бұл сол кезеңде 741,7 млн. кВт/сағатқа дейін электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді.

Ақшабұлақ кеніші - «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-на қарасты аса ірі үш кен орнының бірі. Болашақта мұндағы басқа кен орындарында да ілеспе газ игерілмекші. Олар келісім-шартқа сәйкес 2024 жылдан бастап стансаға беріледі. Осылайша Оңтүстік Торғай иініндегі кен орындары бірінен соң бірі игеріле бастайды. Стансаның толық қуатында жұмыс істеуіне байланысты тағы 100 жұмыс орны ашылады.

ҚЫЗЫЛОРДА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту