Белгілі мұнайшы, ғалым Е.Әзербаев 70 жасқа толды

размер шрифта: Aa | Aa
16.01.2012 10:51
Белгілі мұнайшы-ғалым, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет» ордендерінің иегері, экономика ғылымдарының докторы, бірнеше кітаптың авторы Есет Әзербаев 70 жасқа толды.

Е.Әзербаевтың айтуынша, ол 1941 жылдың қоңыр күзінде Башқұртстанда дүниеге келді. Бірақ түрлі себептермен туған күні кешеуілдеп, 1942 жылдың 14 қаңтары деп көрсетілген.

Есеттің ата-бабалары бай, ауқатты адамдар болған. Заманында Әзірбай орыстан менеджер ұстап, ағылшындармен сауда-саттық жасаған. Оның ұлы, Есеттің әкесі Рауат та осал болмаған. Кеңес өкіметі бұрын бай болған, мешіт ұстағандардың бәрін қуғындағаны белгілі. Сондықтан Рауат Тайпақ өңірінде өзі «Құбыла» колхозында төраға болса да, 1931 жылдары Ресейге асып кетіп, башқұрт жерінде тұрақтайды.

Е.Әзербаев 1964 жылы Уфадағы мұнай институтын бітірген соң, Орынбор облысындағы Домбаров газ компрессоры стансасында үш жылдай жұмыс атқарып, Қазақстанға, Атырау облысына ауысты. «Орталық Азия-Орталық» магистралды газ құбыры Мақат аудандық басқармасында төрт жыл бойы жауапты қызметтер атқарды. 1974-1981 жылдары салынып жатқан «Орынбор-Батыс шекара» газ құбыры Орал әкімшілігін, «Закаспийсктрансгаз» өндірістік бірлестігін басқарды. 1981-1987 жылдары «Саратовтрансгаз» өндірістік бірлестігінің бас директоры болса, 1987-1989 жылдары Ливияда еңбек етті. 1989 жылдан «Югтрансгаз» (Саратов) бірлестігі бас директорының орынбасары болды. «Орталық Азия-Орталық»  газ құбырын жүргізумен қоса кезінде жеке министрлік деңгейінде болған «Қазақгаз» компаниясын ұйымдастырды.

«Компанияны 1991 жылдың 19 қыркүйегінде құрдым. Қолына іс келетін қазақ жігіттерін өсірдік. Мекемеміз Оралда болғанмен, түпкілікті мәселелер Алматыда шешілетін. «Қазақгазды» бес жыл басқарған кезде үш министрмен жұмыс жасадым», - дейді ол.

Кейін «Батыстрансгаз» АҚ, «Арқагаз» АҚ-ны құрып, басшылық еткен Есет Әзербаев еліміздің газ шаруашылығы саласын дамытуда айтарлықтай еңбек сіңірді.

ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту