Қарашығанақ газын өзіміз өңдеудің маңызы зор - Нұрлан Балғымбаев

размер шрифта: Aa | Aa
02.02.2012 15:20
Елбасының тікелей тапсырмасымен, елдегі индустриялық-инновациялық бағдарламаға сәйкес, Батыс Қазақстан облысында жуық арада жылдық қуаты 5 млрд текше метр газ өңдеуге жететін зауыттың құрылысы басталатын болды.

Осыған орай Ақсай қаласында кеше «Бөрлі ауданы аумағында салынатын газ өңдеу зауыты» жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өткізіліп, аудан халқы жобаға байланысты өз ұсыныс-пікірлерін, сын-ескертпелерін айтуға мүмкіндік алды. Бұл шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК салынып жатқан кәсіпорындарының дирекциясы» ЖШС-нің бас директоры Нұрлан Балғымбаев, Қазақстан мұнай және газ институтының президенті Ұзақбай Қарабалин және «Терра» қашықтан зондылау және ГАЖ орталығы» ЖШС-нің өкілдері қатысты.

Қоғамдық тыңдауда сөз алған облыс басшысы аталмыш зауыт құрылысының тек облыс қана емес, сонымен қатар еліміз үшін айрықша маңызы бар екендігін атап көрсетті. «Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында атап көрсеткен он басым бағыттың бірі - елді индустриялық-иновациялық дамыту бағдарламасы шеңберінде Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу. Қазір жаңа зауыттың технико-экономикалық негіздемесі жасақталып, сараптамаға жіберілді. Біз бүгін осы жобаның қоршаған ортаға әсері, халыққа қаншалықты пайдасы мен ауыртпалықтары бар, соларды ашық әңгімелесу арқылы талқылауға жиналып отырмыз», - деді ол.

«ҚазМұнайГаз» ҰК салынып жатқан кәсіпорындарының дирекциясы» ЖШС-нің бас директоры Нұрлан Балғымбаевтың айтуынша, Жайық топырағындағы зауыт жобасының тарихы 2009 жылдан бастау алған. Сол жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Италияға барған сапарында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Эни» концернінің арасында келісімшартқа қол қойылып, Қазақстанда алты бірлескен жобаны жүзеге асыру көзделген. Алты жобаның екеуі Батыс Қазақстанға тиесілі. Біріншісі - газтурбиналық электр стансасы болса, екіншісі - Қарашығанақтағы аталмыш зауыт.

-Бүгін таңда Қарашығанақтың барланған көмірсутек қоры 1,3 трлн текше метр. Өндірілген газ толығымен Орынборда өңделеді. Бұл бізге тиімсіз. Бағасы қымбат, ішкі нарыққа пайдалана алмаймыз, оған қоса экспорттық әлеуетіміз едәуір төмендейді. Сондықтан, өзімізде дербес газ өңдеу зауытына қажеттілік туды. Қазір Батыс Қазақстанда жылына шамамен 700 млн текше метр газ өндіріледі. 2020 жылы бұл көрсеткіш бір млрд, 2030 жылдарға қарай 1,3 миллиардқа жетеді деген жоспар бар. Бұл - бір. Екінші жағдай - республиканың 14 облысының бесеуінде мүлде газ жоқ. Әсіресе, өндірісі өркендеген Шығыс, Орталық Қазақстанға көгілдір отынның қаншалықты қажеттігі айтпаса да түсінікті болар. Газ өзімізден шықса, оның бағасына сыртқы нарық конъюктурасы әсер етпейтін болады. Ендеше, әуелі өзімізді өзіміз толық қамтуымыз керек. Содан келіп, бүкіл газ тасымалдау жүйесінің тамырына қан жүгіреді. Ішкі қажеттілікті өтеп болған соң, газды құбыр арқылы Қытай мен Еуропаға сатуға жол ашылады, - дей келе Нұрлан Балғымбаев Қарашығанақта салынатын газ өңдеу зауыты жобасына нақты тоқталды.

Ақсай қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Приурал және Бестау ауылдарының маңында салынатын зауыттың жалпы аумағы 500 гектар болмақ. Құрылыс екі кезеңде, яғни 2014-2018 жылдар және 2018-2022 жылдар аралығында жүргізіледі. Жоба құны әзірге 3,7 млрд долларды құрайды, құрылыс барысында ол өзгеріп, 5 млрд долларға жуықтауы мүмкін. Өзін-өзі ақтау мерзімі - 12 жыл. Құрылысқа 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам тартылып, зауыт іске қосылған соң 600 адам тұрақты түрде еңбек етуі тиіс. Бұл зауыттың тағы бір ерекшелігі - сығымдалған газ көлемін он пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бензин бағасы аспандап кеткен заманда көлікті әрі арзан, әрі үнемді отынмен жүргізу, әрине, тұтынушыға да тиімді болмақ. Екінші ерекшелігі - зауыт құрылысына қажетті материалдардың басым бөлігі Оралдың кәсіпорындарынан сатып алынып, құрылысшылардың 80 пайыздан астамын отандық мамандар құрамақшы.

Жаңа жобаның тікелей Бөрлі ауданы тұрғындарына да берер мультипикативтік әсері мол. Жаңа жұмыс орындарымен қатар, шағын кәсіпкерлік өркендейді, бюджетке салық түріндегі түсім молаяды.

Қоғамдық тыңдауда баяндама жасаған Қазақстан мұнай және газ институтының, «Терра» қашықтан зондылау және ГАЖ орталығы» ЖШС-нің мамандары жаңа газ зауытының экологиялық талаптарға толық жауап беретіндігін және ең соңғы үлгідегі технологиялық желілермен жабдықталатындығын алға тартты. Сонымен қатар тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Шара соңында арнайы қарар қабылданды.

ОРАЛ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту