«Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының компаниялары үшін Жаңаөзен оқиғалары сабақ болуға тиіс – Шөкеев

размер шрифта: Aa | Aa
03.02.2012 16:44

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының (ҰӘҚ) компаниялары үшін Жаңаөзен оқиғалары сабақ болып, олар алдағы уақытта еңбек дауларына жол бермеуге тиіс, деп есептейді қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

«Бірінші кезекте, Жаңаөзенде болған оқиғаларды ұмытпау керек, ол оқиғалардың бастапқы себебін бәріміз де білеміз, бұл – біздің кәсіпорындармен еңбек қақтығысы. Біз осы жағдайдан қорытынды жасауға тиіспіз», - деді Ө. Шөкеев жұма күні мемлекеттік қордың кеңесінде.

Ол «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражамбасмұнайдың» жанынан жұмыскерлерінің саны сәйкесінше 1070 және 1000 адам болатын 2 сервистік компания құрылғанын хабарлады.

«1976 адам шығарылғаныман, біз 2 мың жұмыс орны бар жаңа компанияларды құрдық. Олардың жалақысы бұрынғы деңгейде қалады», - деді қор басшысы.

Сондай-ақ, ол аймақты дамыту үшін жүзеге асырылатын жобалар туралы айтып берді.

«Бәріміз бірдей бұл жағдайдан қорытынды жасауға тиіспіз. Мыңдаған адамнан тұратын ұжымдарымыз бар. Сабақ болатын бірінші жағдай – еңбек қақтығыстарын шешуге дайындықтың жоқтығы. Диалог құрғанның орнына әлеуметтік тұрғыдан алғанда ойластырылмаған қадамдар жасалып, жағдайды күрделендіріп жіберді», - деді Ө. Шөкеев.

Бұл орайда ол қақтығыстарға жол бермеу бойынша жүйелі шаралар әзірлеп, алдағы уақытта компания басшыларының сол жерде болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Әсіресе кәсіпорындарда жұмыс істейтін басшылар адамдарды, олардың проблемаларын жақсы біліп, оларды шешумен жеке өздері айналысуға тиіс. «Өзенмұнайгаздың» басшысы Астанада отырған сияқты кеніш басшысының Алматыда отырғаны қаншалықты қажет? Ондай тәжірибе болмауға тиіс», - деді Ө. Шөкеев.

Еске сала кетейік, 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенде тәртіпсіздіктер болды. 17 желтоқсанда Маңғыстау облысының Шетпе станциясындағы тәртіпсіздіктерге тосқауыл қойылды. Бұл оқиғадан бұрын мұнайшылар ереуілге шығып, жалақыны көтеруді талап етті, бұл ереуіл бірнеше айға созылған болатын.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Жаңаөзендегі қақтығыстар кезінде 64 адам атыс қаруынан жараланған. 14 адам қаза болды. Шетпе станциясындағы оқиғалар кезінде 11 адам жараланып, 1 адам мерт болды. Полицияның 40 қызметкері түрлі дене жарақаттарын алған.

Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде 125 нысан тоналып, қиратылған.

ҚР президентінің жарлығымен Жаңаөзенде 31 қаңтарға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді.


Астана. 3 ақпан. ҚазТАГ – Айгүл Түлекбаева. 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту