ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: Биыл «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырының құрылысы басталмақ

размер шрифта: Aa | Aa
06.02.2012 17:11
Күні кеше ғана Қазақстанның стратегиялық маңызы бар ведомстволарының бірі - Мұнай және газ министрлігі кезекті алқа мәжілісін өткізіп, отандық мұнай-газ нарығындағы бүгінгі жағдай бойынша есеп берді.

Министр С.Мыңбаев мырзаның айтуынша, биыл кейбір өндірістік мәселелерге байланысты Қазақстанның мұнай-газ өндіру көлемі жоспардан төмен болуы әбден мүмкін. Оған қарамастан, Жолдау жүктеген міндеттер аясында «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырының құрылысы ағымдағы жылдың аяғында басталуы әбден мүмкін.

Сонымен, министрдің мәлімдеуінше, биыл біз мұнай-газ өндіру саласындағы жоспарды орындай алмаймыз. Себебі бүгінде кейбір кәсіпорындарда өндіріс көрсеткіштерінің тежелуі байқалады. «Иә, жоспар 83 млн. тонна көлемінде бекітілген еді. Бірақ биыл бұл көрсеткіш сәл төмен болады деген болжам бар. Себебі кейбір кәсіпорындарда  өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Мәселен, «ӨзенМұнайГаздың»  көрсеткіші 19 пайызға төмендесе, электр энергиясы желілерінде болған апаттық жағдайға байланысты «ТеңізШевройл» компаниясы желтоқсанда өз өндірісін баяулатқан болатын», - дейді ол. Содан болар, отандық мұнай өнімдерінің экспортына қойылған шектеу ағымдағы жылдың аяғына дейін жалғасады. Ол шектеуді өткен жылы жанар-жағар май саласында болған тапшылықтан кейін ел Үкіметі енгізген болатын. Дегенмен, бұл шектеу де осы саладағы мәселелерді толығымен шеше алмайтын сияқты. Себебі биылдан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік іске қосылды. Енді оның аясында көрші Ресей Федерациясымен арадағы жанар-жағар майдың тиімді баға айырмашылығын барынша сақтап қалу қажет. Олай болмаса, Қазақстан қайтадан «тапшылыққа» тап болмақ. Министр мырза хабарлағандай, Ресеймен арадағы бағаның тепе-теңдігін сақтап қалу үшін алдағы уақытта мұнай өнімдерінің айлық кестесі әзірленіп, мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілетін импорттық шикізаттың көлемі жіті бақылауға алынатын болады. 

Стратегиялық жоспарға сәйкес, биыл Қазақстанда 42 млрд. текше метр шикі газ өндірілуі тиіс. Бірақ оның да нақты деңгейі төмен болады. Себебі «ТеңізШевройл» компаниясына қарасты «Королевская» газ кенінде өндіріс көлемі азайып, «Толқын» газ кенін су басты. «Қызылой» кені мен «ЖайықМұнай» кәсіпорнында да шешілмеген мәселе көп.  Оған қоса, Қазақстан арқылы Ресейге тасымалданатын өзбек газының көлемі төмендеді. Оған қарамастан, елдің ішкі нарығында газға деген сұраныс өсіп келеді. Былтыр қазақстандықтардың газ тұтыну көлемі 13 пайызға өссе, биыл бұл көрсеткіш 18 пайызға дейін көтеріледі деген болжам бар. Бәлкім, өзбек газының тапшылығын біз арқылы Қытайға баратын түрікмен газы толтырады. Былтырғы жылу маусымы барысында біз 283 млн. текше метр түрікмен газын пайдалансақ, биыл оның 500 млн. текше метрін тұтынатын түріміз бар. Мұнай-газ саласындағы компаниялар үнемдеген газдың пайдасы да тиіп қалатын шығар. Былтыр олардың газды ысырап ету көрсеткіші 10 пайызға төмендеген. Осының арқасында 1,2 млрд. текше метр газ үнемделді. Өткен жыл газды тиімді пайдаланудың арнайы бағдарламасын орындамаған үш-ақ компания бар екен. Олар -  «ҚазМұнайГаз. Барлау және өндіру», «ҚазақОйл - Ақтөбе» ЖШС және «Бозашы оперейтинг ЛТД».

С.Мыңбаевтың сөзіне сенсек, министрлік Қазақстанның барлық аймақтарын сұйытылған газбен қамтамасыз ете алады. Ол жұмыс басталып та кеткен екен. «Бұл жерде бір-ақ мәселені ескеру қажет. Бүгінде сұйытылған газды өндіру саласында «ТеңізШевройл» компаниясының үлесі 61 пайызды құрап отыр. Себебі тек осы кәсіпорын ғана пропан мен бутанның таза өнімін шығара алады. Басқалар болса, пропан-бутан қоспасын өндіреді. Қатты аязда бутан тұнба болып, отырып қалады. Сондықтан солтүстік өңірлер тек таза пропанды, яғни «ТеңізШевройл» компаниясының өнімін ғана  пайдалана алады», - дейді С.Мыңбаев. Министр атап көрсеткендей, ішкі нарықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша «ТеңізШевройлмен» өзара келісім бар. «Бірақ ол компания шығаратын газдың бағасын бір деңгейде бекіту мүмкін болмады. Сондықтан осы саладағы шекті бағаға аса сақ болу қажет. Әйтпесе, біз бұл салада да тапшылық мәселесіне тап боламыз», - дейді С.Мыңбаев.

Мұнай және газ министрінің биылғы жоспарында Қарашығанақ жобасының орны бөлек. Ағымдағы жылы маусымның  30-ына дейін осы жоба бойынша барлық іс-шараларды атқарып шығу қажет. Аталған іс-шаралар өткен жылы желтоқсанның 14-і күні Қазақстан Үкіметі мен Қарашығанақ жобасындағы мердігер компаниялар арасында проблемалық мәселелерді реттеу бойынша рәсімделген келісімде қарастырылған. 2009-2011 жылдары болған ұзақ келіссөздердің нәтижесінде Қарашығанақ Консорциумы бұдан бұрынғы келіспеушіліктерді реттеу мақсатында Қазақстанға 5 пайызын беруді, сондай-ақ нарықтық бағамен қосымша тағы 5 пайызды аталған жобаға қатысу үшін сатуды келісті. Осы арқылы Қарашығанақ жобасындағы еліміздің қатысуы үлесі 10 пайызға дейін жеткізілді. Бүгінде «Қазмұнайгаз» компаниясы осы 10 пайыздық үлеспен Қарашығанақ жобасына қатысушы ретінде тіркеледі. Енді, биыл Қазақстанның Қарашығанақ жобасына қатысуы бойынша жеке бір компания құрылуы тиіс. Оның жер қойнауын пайдалану туралы жарғысы бекітілгеннен кейін, мемлекет тарапынан осы компанияға Қарашығанақ кенін игеру бойынша тиісті міндеттемелер жүктелмек. Айта кеткен жөн, Қарашығанақ кен орны әлемдегі ең ірі мұнай-газ қорларының бірі болып табылады. Ондағы сұйық көмірсутектердің көлемі 1,2 миллиард тонна, ал газ 1,35 триллион текше метрді құрайды. Қарашығанақ жобасында «Бритиш Газдың» үлесі - 32,5 пайыз, «Аджип ККО» - 32,5 пайыз, «Шеврон» - 20 пайыз, сондай-ақ «Лукойлдың» үлесі 15 пайызды құрап отыр. Министр С.Мыңбаевтың мәліметі бойынша, Қарашығанақ  жобасы басталғалы бері одан түскен табыстың көлемі 37 млрд. долларды құрады. Шығын - 17 млрд. доллар. Оны алып тастағанда, таза пайда 20 млрд. долларға тең болды. Оның 13,1 млрд. доллары Қазақстанға тиесілі.

Жолдау аясында министрдің мойнына жүктелген төрт ірі жобаның болашағы да белгілі болды.  Оның біріншісі - Атырау мұнай зауытында шикізатты тереңдей өңдеу кешені құрылысын биыл мамыр-маусым айында бастау жоспарланып отыр. Бүгінде осы жобаға қатысты жақын жердегі елді мекендерді басқа жерге көшіру сияқты жұмыстар қалған. Оған қаражат қажет. Сондықтан аталған жобаның атқару мерзімі республикалық бюджет комиссиясы шешіміне байланысты болмақ. Екінші жоба - Атырау облысындағы газ-химия кешеніне қажетті инфрақұрлылым бар көрінеді. Бүгінде оған технологиялық құрылғыларды орнату үшін тек мемлекеттік сараптама ғана жетіспей тұр. Қарашығанақ газ өңдеу зауыты -министрлікке жүктелген үшінші жоба. Оның жобалау құжаттарын рәсімдеу жұмысы келесі жылға дейін баруы мүмкін. Себебі бүгінде Қарашығанақ кен орнын дамыту бойынша тиісті жоспар әлі де бекітілмеген.

Ал «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбыры бойынша бүгінде техникалық-экономикалық негіздеме және мемлекеттік сараптаманың шешімі бар екен. «Бұл - аса қымбат жоба. Сондықтан ол бюджеттің есебінен қаржыландыруы тиіс. Әйтпесе, солтүстік өңірлер үшін газдың бағасы тым қымбат болып кетеді. Меніңше, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында біз жобалау құжаттарын әзірлеп қоя аламыз. Осыдан кейін негізгі құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында тиісті жұмыстарды бастауға болады», - дейді С.Мыңбаев. Министрдің айтуынша, «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбыры арқылы әзірше Қостанай облысымен өтетін Ресей газы тасымалданатын болады. 

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту