«Жайықмұнай» ЖШС-ның құрылғанына 15 жыл толды

размер шрифта: Aa | Aa
27.03.2012 14:34

 Бүгін «Жайықмұнай» ЖШС-ның құрылғанына 15 жыл толып отыр.

Компанияның бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Вячеслав Дружининнің айтуынша, Чинарев кенішінде соңғы кезде ірі жоба - газды кешенді дайындау қондырғысы салынды. Оған компания 2008 жылдан бері кіріскен болатын. Оның жалпы құны 49 млрд. 328 млн. теңгені құрады. Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде 220 жаңа жұмыс орны ашылды. Зауыттың қуаты - жылына 1,5 млрд. текше метр тауарлы құрғақ газ, 700 мың тонна конденсат және 140 мың тонна сұйытылған газ. Қазіргі кезде Чинарев кенішінде тәулігіне 3 млн. астам құрғақ газ, 550 текше метрден астам сұйытылған  көмірсутекті газ және 1500 текше метрден астам конденсат өндірілуде.

Өз қызметін бастағаннан бері «Жайықмұнай» ЖШС мемлекеттік бюджетке 175,8 млн. доллар кіріс келтірді.

Өңір үшін маңызды жобаның бірі - бес жылға белгіленген баға бойынша қуаты 54 КВт газтурбиналық электр стансасына жоспарлы түрде газ жіберу. «Жайықмұнай» ЖШС мен облыс әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес компания жыл сайын өңделген өнім көлемінің 10 пайызын жеңілдетілген бағамен береді, бұл - жылына 150 млн. текше метр газ деген сөз. Егер бір мың текше метр газ үшін әлемдік баға 230-210 доллар көлемінде болса, «Жайықмұнай» облысқа сол көлемдегі газды 29,75 доллардан береді. Бұдан басқа әлеуметтік бағдарлама бойынша облыстық бюджетке 3845 мың доллар аударылып, ол елді мекендерді газдандыру, құбыр тарту, көшелер мен әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалды.

Биыл «Жайықмұнай» ЖШС-ның тағы бір маңызды жобасы жүзеге аспақ. Яғни Спартак ауылынан кенішке баратын жолдың 40 шақырымдық бөлігіне жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұған шамамен 17 млн. доллар кетпек. Аталған көлік жолының бойында Зеленов ауданының бірнеше елді мекені орналасқан, бұл сол ауыл тұрғындарының облыс орталығына қатынауын жеңілдетпек.

Биыл компания кен орнына жақын маңнан жаңа вахталық қалашық салмақшы. Ал қазіргі ауылдар жобаның үшінші кезеңінің құрылысы кезінде қажет болады. Биылдың өзінде жұмыстың жобалық бөлігі аяқталып, жабдықты дайындауға тапсырыс орналастырылады. Үшінші кезең іске қосылғанда, зауыттың өндіріс көлемі екі есеге артпақшы.

Қазіргі таңда «Жайықмұнай» ЖШС-нда 800-ден астам адам еңбек етсе, мердігерлерде 3 мыңнан асады.

Жалпы, Чинарев кеніші 1991 жылы ашылды. Оның геологиялық қоры 45 млрд. текше метр газ, 67 млн. тонна сұйық көмірсутегін құрайды. Ол Ресей шекарасына жақын орналасқан, 270 шаршы шақырымды алып жатыр. Бүгінгі күнге дейін кен орнын дамытуға барлығы 1 млрд. 803 млн. АҚШ доллары жұмсалған.

Автор: Елжан Ералы

ОРАЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат 
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту