«ҚазМұнайГаз» орталық аппаратының басшылық құрамы 47,8 пайызға қысқарды

размер шрифта: Aa | Aa
02.04.2012 11:51

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында орталық аппарат құрылымын оңтайландыру жөніндегі жұмыстар аяқталды», деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

 «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Директорлар кеңесінің 2012 жылғы 13 ақпандағы №1/2012 шешімімен ұлттық компанияның қызметкерлерінің жалпы саны мен орталық аппарат құрылымы бекітілді. Бекітілген ұйымдық құрылым халықаралық деңгейдегі мұнай-газ компанияларының үлгісінде жасалған. Онда бейінді мамандығы мен мұнай-газ саласында еңбек тәжірибесі бар мамандарға басымдық берілді.

 Жаңартылған құрылым мұнай және газ қорын барлау, игерілетін кеніштерді басқару, сондай-ақ мұнай және газ тасымалдау, өңдеу және мұнай химиясын дамыту жөніндегі мәселелермен айналысатын қызметтерді күшейтуге мүмкіндік береді. Компанияда басқару деңгейінің саны барынша қысқартылды. Мұның өзі өкілеттіктерді қайталауды жойып, басшылық құрамының жауапкершілігін кеңейте түседі. Оңтайландыру жөніндегі жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» орталық аппаратының басшылық құрамы 47,8 пайызға қысқарды. Ал басқару аппаратында жұмыс істейтіндердің саны 26 пайызға азайды.

 Дәл осындай жолмен еншілес және тәуелді ұйымдардың да құрылымы қайта қаралып, әкімшілік-басқару құрамының саны қысқартылуда.  Жекелеген еншілес және тәуелді ұйымдардың «ҚазМұнайГаз» компаниясының мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келмеген жағдайда, оларды белгіленген тәртіп бойынша ұлттық компания активтерінің құрылымынан шығару мәселесі қарастырылатын болады.

Оңтайландыру жұмыстарының аясында «ҚазМұнайГаз» бен оның еншілес және тәуелді ұйымдары әкімшілік-басқару құрамының жалпы санын қысқарту орташа алғанда 23 пайызды құрайды.

 Осылайша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының орталық аппараты мен оның еншілес және тәуелді ұйымдары құрылымы мен санын оңтайландыру жөніндегі ұсынылған  шаралар  ұлттық компанияның табанды дамуын қамтамасыз етуге, күшті бейінді, активті нығайтуға жұмылдыруға және мемлекет үшін барынша пайда табуға мүмкіндік береді.

Автор: Айдар Оспаналиев

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат 

PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту