Қазақстанда кейбір металдар таусылуы мүмкін - вице-министр Н.Сауранбаев

размер шрифта: Aa | Aa
19.04.2012 13:31
Қазақстандағы табиғи ресурстарды пайдалану қатты жүріп жатыр. Ол ресурстардың қалпына келуге қажетті уақыттың тапшы екендігін ескерсек, болашақта көптеген металдар таусылуы әбден мүмкін.

Астанада басталған «MINEX. Орталық Азия - 2012» III Халықаралық көрме-форумында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев осы мәселеге баса назар аударды.

Оның сөзіне қарағанда, көмір шикізаты әлі біраз жылға жетеді. Ал алтын, мыс пен полиметалдар қоры тек 20-40 жылға ғана есептелген. «Сондықтан қазіргі геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, оны анағұрлым терең қабаттарға бағыттау қажет. Осыған орай, бүгінде біз «Қазақстан геологиясының екінші томын» бастауды жоспарлап отырмыз. 60 жылдары іске асқан «бірінші том» аясында жердің үстіңгі қатпары толығымен зерттелсе, «Қазақстан геологиясының екінші томы» барысында одан да терең жерлерге барлау жасалады. Ондай тәжірибені барлық дамыған мемлекеттер жүзеге асырып жатыр», - дейді Н.Сауранбаев.

Вице-министр атап көрсеткендей, Қазақстан геологиясын дамыту бағдарламасы аясында ел Үкіметі республика бойынша қолға алынатын геологиялық жобаларға қыруар қаражат бөліп отыр. «Осыған орай біз әлемнің жетекші компанияларын ортақ жұмысқа шақырамыз. Мемлекет тарапынан жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, олар тиісті жұмысты табиғатты пайдалану туралы келісімшартсыз-ақ атқара алады», - дейді Н.Сауранбаев.

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАпарат
PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту