«Қазатомөнеркәсіптің» еншілес кәсіпорнының жұмысшылары президенттен өздерінің басшыларын үнемі ауыстырып отыруды тоқтатуды сұрайды

размер шрифта: Aa | Aa
04.05.2012 13:08

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы АҚ құрамына кіретін бірлескен кәсіпорын «Бетпақ дала» ЖШС уран кеніштерінің жұмысшылары ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан олардың компаниясының басшыларын үнемі ауыстырып отыруды тоқтатуды сұрады.

«Сізден «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ уран өндіруші кәсіпорын жұмысшыларының өтінішін қабыл ауыңызды және компанияның кадрлық саясатын тұрақтандыру жөнінде басшылық органдарға тиісті нұсқау беруіңізді сұраймыз, және бүгінгі біздің табыстарымызға қол жеткізуді қамтамасыз еткен қазіргі басшымызбен тұрақты да, серпінді жұмыс қарқынын жалғастырғымыз келеді», - делінген жұма күні таратылған үндеу мәтінінде.  

Бұл ретте «Бетпақ Дала» БК ЖШС жұмысын бастағалы алты бас директор ауысқаны, бұл ретте олардың үшеуі тек былтыр ғана ауысқаны айтылады.

«Әдетте, жаңа директордың келуі өндірістегі орын алмастырулармен жалғасады және олардың әрқайсысы өндірістік үдеріске өз әсерін тигізеді де жұмысқа өте теріс ықпал етеді», - делінген үндеуде.

Үндеуде айтылғандай, қазіргі басшы компаниядағы жағдайды тұрақтандырып, оны жобалық қуатына шығара алды.  

«Былтырғы тамыз айында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ басшылығы компания директорлығына Д.Ш. Меңлібековты тағайындады.  Оның жарты жылғы басшылығы кезінде біздің өндіріс толығымен жобалық қуатына шықты және жоспарды артығымен орындай бастады. Біз, қатардағы жұмысшылар, жалақымызға қоса сыйақылар да ала бастадық», - делінген үндеуде.

Десек те, жұмысшылардың мәліметтерінше, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ басшылығы қайтадан кәсіпорын директорын ауыстырмақшы.  

«Бізге белгілі болғандай, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ басшылығы біздің кәсіпорнымызда директорымызды тағыда ауыстырмақшы екен. Біз, уран өндіруші кәсіпорын жұмысшылары, бұл әрекеттерге узілді-кесілді қарсылық білдіреміз», - деп мәлімдейді жұмысшылар.

Бұл ретте олар, «қарапайым жұмысшылар мен халықтың мұң-мұқтажынан бейхабар, өздерінің жеке бастарының мүддесі үшін мыңдаған адамдардың мүдделерін паңдықпен аяқасты етіп және бүкіл өндіріске шығын әкелетін селқос басшылар  компания басшылығына жіберілмеуі тиіс», деп атап көрсетеді.

Одан басқа, үндеу авторлары жұмысшылардың мүдделерін ескермеу елдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа теріс әсер етуі мүмкін екенін атап көрсетеді.  

«Уран өндірісінің жұмысшыларының тағдырын тәлкек етуді біз, елдегі бейбітшілік пен бірлік, келісім мен тұрақтылықты сақтау жөніндегі Сіздің ұлы бастамаларыңызға қарсы бағытталған әрекет деп қабылдаймыз», - деп жұмысшылар президентке жолдаған үндеуінде қадап айтқан.

Aлматы. 4 мамыр. ҚазТАГ 


PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту