Қашағанда сынақты пайдалану кезінде тәулігіне 375 мың баррель өндіру жоспарланып отыр – Қиынов

размер шрифта: Aa | Aa
17.05.2012 10:29

Жанболат Мамышев. Қашағанда сынақты пайдалану кезеңінде тәулік сайын 375 мың баррель өндіру жоспарланып отыр, деп мәлім етті «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Қиынов.

«Пайдалану мерзімін үстіміздегі жылдың соңында бастау жоспарланған. Ол тәулігіне 75 мың баррельден басталып, 375 мың баррельге жеткізіледі. 450 мың баррельге жеткізу де жоспарланған болатын, бірақ бүгінгі күні негізінен тәулігіне 375 мың баррель деген көлем аталып жүр», - деді Л. Қиынов сәрсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

«Мұның бәрі тұрақты өндірудің көлемдері емес, тек сынақты пайдаланудың көлемдері ғана екенін айту керек. Кен орнының жылдық мүмкіндігін білу үшін сынақты пайдалану қажет, бұл уақытта ол жерге орнатылған жабдықтар сыналады», - деді ол.

Л. Қиыновтың айтуынша, қазіргі уақытта Қашағанда физикалық жұмыстар 99% көлемінде орындалды.

«Жыл соңына дейін (2012 жылдың - ҚазТАГ) бәрі жасалып, сынақты пайдалану басталады», - деді ол.

Қашаған – соңғы 40 жылда ашылған ірі кен орындарының бірі. Сарапшылардың болжамына сәйкес, Қазақстан Қашағанмен әлемдегі ірі мұнай өндірушілердің бестігіне кіре алады. Бастапқыда Қашағандағы өндіру жұмыстарын 2005 жылы бастау жоспарланған болатын, алайда техникалық қиындықтарға байланысты кен орнындағы өндіру жұмыстары 2012 жылдың соңы-2013 жылдың басына ауыстырылды.

Қазіргі уақытта үлестері тең (16,81%), Eni, Royal Dutch Shell, Exxon Mobil, Total және «ҚазМұнайГаз», американдық ConocoPhillips (8,4%) және жапониялық Inpex (7,55%) Қашаған жобасының қатысушылары болып отыр. Жобаның операторы - North Caspian Operating Company B.V.

Астана. 16 мамыр. ҚазТАГ 


PDFБаспаға жіберуE-mail
 

Комментарий жазу


Қауіпсіздік  коды
Жаңарту